Қалалық мәслихаттың шешімімен биылғы жылы Ақжарма ауылдық округінің шекарасы бекітіліп, аумағы кеңейді. Бұрын Баймұрат ауылының жер көлемі 66 гектар болса, биыл 511 гектарға, Талдыарал елді мекені 21 гектардан 391 гектарға ұлғайтылды. Бұл туралы Ақжарма ауылының әкімі Жұмабек Әлиев 2021 жылы атқарылған жұмыстары туралы баяндағанда айтты.
– Талдыарал ауылының аумағынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 2018-2020 жылдар аралығында өтініш берген 256 азаматқа жалпы көлемі 256 000 шаршы метр жер учаскелері жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табысталды. Сондай-ақ апаттық жағдайдағы Н.Тасымов көшесіндегі №6 үйдің тұрғындары Сол жағалау тұрғын ауданындағы жаңа үйлерге қоныстанды, – деді ауылдық округ әкімі.
Жаңадан берілген жерлер инфрақұрылыммен, оның ішінде ауыз су желісі және тас жолмен қамтылған. Биыл аталған жұмыстардың жалғасы ретінде жаңадан электр желілерін тарту үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Сонымен қатар өткен жылы орман шаруашылығына қарасты Құбас елді мекені Талдыарал елді мекеніне қосылып, көшелеріне орташа жол жөндеу және ауыз су желісі тартылды. Баймұрат батыр ауылының жаңадан қоныстанған аумағына да ауыз су құбырлары жүргізілген.
Өткен жылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл тұрғындарының 24,9 млн теңгені құрайтын 3 жобасы қаржыландырылып, 3,5 млн теңгені құрайтын 5 жоба қайтарымсыз грантқа ие болған. Сондай-ақ 2021 жылы ауылдық округте егін жинау науқанының қорытындысымен күріштің әр гектарынан 58,2 центнер өнім жиналған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!