Жұма, 22 қараша, 20:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Ашық аспан астында ақындар бас қосты

25.09.2022

931 0

Шаһар төріндегі Қорқыт ата кешенінде орналасқан амфитеатр алаңында жыр мерекесі өтті.
Қала күніне арналған кезекті тағылымды шарада жергілікті ақындар сөз маржанын төгіп, сүйікті қаламыздың келбетін жырмен әдіптеді.


Алашқа белгілі ақындар Оңталап Нұрмаханов, Серік Ыдырысов, Қаршыға Есімсейітова, Қазына Өзденбаева, Елубай Әуезов, Мамыр Байдәулетовтер бастаған жыр көшін Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Ғабит Кәдірбаев, Ұлықбек Бекұзақұлы, Биболат Сәтжанов т.б талантты жас ақындар шоғыры жалғастырып, Ақмешіт аспаны ән-жырға бөленді. Поэзия кешін Сыр елінің талантты жас ақыны Ақжол Түменбай жүргізіп, өлең сүйер көрерменге өзгеше жаңа леп сезіндірді.
Кеш барысында сөз алған шаһар басшысы Асылбек Шаменов қала күнімен құттықтап, ақындарға шексіз ризашылығын білдірді.


“Әлімсақтан «Сыр елі – жыр елі» деген айдар тағып, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қасиетті мекеніне айналған Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріптермен жазылып келеді, жазыла да бермек.


Бұл ретте «көшесінде жүріп сағынатын» ғажап қаланың жылнамасын жырмен жазып жүрген Сіздердің орындарыңыз бір төбе екені даусыз” деген қала әкімі бас ақындар мен жас ақындарға алғыс хат және естелік кәдесыйлар табыс етті.


Жыр мерекесінде “Құрмет” орденінің иегері, жыршы Шолпан Бейімбетова, Үкітай Ерниязов, Әл-Фараби Бекарысұлы бастаған жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, жиылған жұртшылық ерекше әсермен тарқасты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: