Көптің көкейіндегі мәселенің бірі қоғамдық көлік екені рас. Себебі маршрут мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Қоғамдық көлік мәселесін шешу және халық сұранысына сай қызмет сапасын арттыру мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда Автобус паркіне» қосымша үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустар алдыру жөнінде тапсырма берген болатын.
«Қызылорда Автобус паркі» ЖШС жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке 150 автобус алуды көздеген. Соның нәтижесінде қаламыздағы қоғамдық көлік қатары жаңа автобустармен толығуда. Жақында үлкен сыйымдылықтағы автобустар қатары 42 көлікпен толықты.
Тұрғындарды қуанышты сәтпен қала әкімі Асылбек Шәменов құттықтады. Шаһар басшысы қоғамдық көліктер қызылордалықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттылған маңызды қадам екенін атап өтті.
– Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және көлік қатынасын дамыту ешқашан назардан түскен емес. Республика күні қарсаңында 40 автобус қалаішілік бағыттарға қосылса, бүгін қала тынысына серпін берген, экологиялық таза, ең бастысы мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы автобустардың екінші легі, яғни 42 данасы келіп, игі іс жалғасын тауып отыр. Соңғы үлгідегі заманауи автобустар жаңадан қосылған №19 және №20 бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдайтын болады. Жыл соңына дейін қалған автобустар әкелініп, жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру мақсатында қолға алынған жоба нақты жемісін береді, – деді қала әкімі.
А.АЙТЖАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!