Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Ауыл – ел бесігі»: Сыр өңірі үздіктер қатарында

04.08.2023

786 0

Ауылдардың әлеуетін көтеру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Ауылдағы ағайынның еңсесін көтеріп, тұрмысын түзеуге сеп болатын жобаның мақсаты айқын, болашағы жарқын. Ендігі мәселе – ел игілігіне  қызмет ететін жобаны тиімді жүзеге асыра білу.

Жуырда Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асу барысы талқыланды. Ел бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесін ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда 7,5 млн ауыл тұрғыны немесе халықтың 38%-ы тұрады. Ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды, онда ауыл тұрғындарының 93%-ы тұрады.

Бүгінгі таңда ауылдардың инфрақұрылымын дамыту «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде басым бағыт ретінде жүзеге асырылып келеді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдары республикалық бюджет­тен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 нысанды, 1 200 әлеуметтік нысан мен 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылым нысанын салуға және жөндеуге мүмкіндік берді.

– Биыл 771 ауылдық елді мекенде 1800 жобаны іске асыру үшін жалпы 218,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық саласындағы 244 жоба, 383 әлеуметтік нысандар және ауыл­ішілік жолдарды жақсарту бойынша 1200 жоба іске асырылып жатыр», – деп мәлімдеді Ә.Қуантыров.

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асырылған жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,7 есеге артқан. Мәселен, 2019 жылы 29 млрд теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен осы жылға 198 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар биылғы бірінші жарты­жылдықтағы бөлінген қаржыны игеруге қатысты облыс әкімдіктері бюджет қара­жатының 27%-ын игерген. Қаражаттың жо­ғары игерілуі Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында байқалады. Бұдан басқа, қара­жаттың ең аз игерілуі Алматы мен Ұлытау облыстарына тиесілі.

Жалпы бүгінгі таңда, 1600 жоба бойын­ша конкурс өткізіліп, 158 жоба аяқталды. Аяқталмаған ең көп жобалар Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анықталды.

Министр өз кезегінде биылғы жылдың аяқталуына алты айдан аз уақыт қалғанын, осы орайда Министрлік әкімдіктермен бірлесіп бағдарламаны тиімді іске асыру бағытындағы келесі жұмыстарды жүргізетінін айтты. Олар:

– Жобалардың конкурстарын өткізу процестерін тездету;

– Бағдарлама аясында қосымша қаржы талап ететін нысандарға қаржы бөлу мүм­кіндігін қарастыру;

– Бөлінген қаражатты уақытылы игеруді қамтамасыз ету;

– Құрылысы жүріп жатқан жобалардың жыл соңына дейін сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалау;

– Жобалардың орындалу барысына апта сайын мониторинг жүргізу.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасының жүзеге асырылу аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына әсер етуін бағалау мақсатында өңірлік стандарттар жүйесі арқылы талдау жасалып келеді. Қазірдің өзінде бағдарламаның нәтижелерінен оң өзгерістер байқалады.

Мәселен, 2022 жылғы өңірлік стандарт­тар жүйесі көрсеткіштеріне сәйкес инфрақұры­лыммен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар саны ұлғайып, 786 ауылдық елді мекенді құрағанын көрсетіп отыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 525 ауылдық елді мекенге артық. Еліміздегі ауылдық аумақтарда тұратын 7,5 млн халықтың, 3,2 млн-ы өңірлік стандарттармен қамтамасыз етілу деңгейі жо­ғары ауылдарда тұратынын атап өткен жөн.

– Сонымен қатар өздері тұратын өңір­лер­ге, туған ауылдарының инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат салатын жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындардың белсенділігін атап өткім келеді. Ірі кәсіпорындар тарапынан ауылдық жерлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар және демалыс орындары салынған. Осындай жергілікті ұйымдар мен кәсіпкерлер барлық өңірлерде бар», – деп атап өтті Ә.Қуантыров.

Сондай-ақ ауылдарды дамытуға бөлініп жатқан мемлекеттік бюджет көлемінің ұл­ғаюы жеке инвестициялар үлесінің де артуына оң әсерін тигізіп келеді. Мәселен, 2019 жылы жеке инвестициялардың көлемі – 2,5 трлн теңге болса, 2022 жылы – 3,1 трлн теңгені құрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды және жүзеге асырылып келеді.

Тұжырымдамада «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру, сумен, электрмен жабдықтау, газбен қамту, шекара маңы аумақтарды әлеуметтік және инженерлік инфра­құрылыммен қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар жолдарды салу, жөндеу және әлеуметтік нысандар салу арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту шаралары қамтылған.

Сөз соңында Ә. Қуантыров «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру Ұлт­тық экономика министрлігінің тұрақты бақы­лауында екенін жеткізді.

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша бөлінген қаржының орындалу барысына тоқталды. Үкімет басшысы 2019-2022 жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша мыңнан астам ауылда 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылғанын, сондай-ақ 33 мың жұмыс орны ашылғанын атап өтті.

– Биыл 800 елді мекенде шамамен 2 мың жоба жүзеге асырылады. Бөлінген қаржыны игеру қарқыны Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жақсы», – деді Премьер-министр.

Мұнан бөлек, жиында ауылдық елді мекендерді дамытуға жеке кәсіпкерлерді тартудың үлгілері атап көрсетілді. Мысал ретінде Жаңақорған және Сырдария аудан­дарында саябақ салуға қаражат бөлген «Азимут» ЖШС мен «Абзал и К» ӨК үлесі туралы айтылды.

Отырысты қорытындылаған Үкімет бас­шысы «Ауыл – ел бесігі» жобаларын сапалы және уақытында іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды барынша қаржыландыру мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: