Жұма, 29 қараша, 00:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Ауыз суда ағаттық бар ма?

01.06.2021

1860 0

Жаз айы жақындап, бақша маусымы басталғанда Қызылордада ауыз су өзекті тақырыптың  бірі болуы дәстүрге айналған. Жыл сайын дәл осы уақытта қаладағы тұрғындар «Қызылорда су жүйесі» қызметіне жиі сын айтады.

ТҰРҒЫНДАР ТАЛАПҚА САЙ СУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

«Facebook» әлеуметтік желісі соңғы уақытта билік пен халықтың арасындағы «алтын көпірге» айналғаны рас. Жауаптылардың жеке қабылдауына кіре алмасаңыз, желіде жазба жариялап, жауапты мекемені белгілей саласыз. Олар да өз кезегінде лезде жауап беруге машықтанып алған. Осы орайда «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің ресми парақшасына соңғы 2-3 аптада тыным болмады. Себебі тұрғындар бар наразылығын сол жерге жазды.

Желі арқылы тұрғындар судың сапасына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, ауыз су ағатын краннан кәдімгі қоңыр түсті су ағады екен. Бұл суды әрине, пайдалану мүмкін емес болғандықтан, оны тазарар деген үмітпен тұрғындар ағызып қоюға мәжбүр. Ал сол лас су үшін су есептегіш айналып, өз қызметін атқарып тұрады. Сондықтан «далаға» аққан лас суға тұрғындар ақша төлеуге мәжбүр.

Одан бөлек, бір апта бұрын әлеуметтік желіге «су жоқ» деп жанайқайын жазғандар да болды. Олардың айтуынша, 3-4 тәулік бойы үйлеріне кәдімгі ауыз су келмеген. Тұрмысқа пайдаланған былай тұрсын, тамақ дайындап ішуге суды қайдан алатындары жауапты мекемелерді алаңдатпаса керек.

Сонымен қатар тамшылап аққан су да тұрғындарды әбден әуре-сарсаңға салды. Түнгі уақытты күтіп, су толтырып алу қызылордалықтардың күнделікті ісіне айналды. Олардың көбі ауыз су арнайы насосты іске қосқанның өзінде тамшылап ағатынына, құрылғы көмегінсіз мүлде су ақпай қалатынына наразы.

Осы ретте тұрғындардан арнайы пікір алуды жөн көрдік. Әл-Фараби көшесінің тұрғыны осы ауыз суға қатысты кемшілікті атап айтты. «Көшіп келгенімізге 5 жылдан астам уақыт болды. Жаз басталса болды, судан проблема басталады. Әлеуметтік желіге жазсақ та еш нәтиже жоқ. Су насоссыз мүлде ақпайды. Насосты іске қосқанның өзінде сырылдап қана ағады. Жыл сайын осы мәселе. Бұл мәселені көтеріп, әкімдікке арнайы хат та жазғанбыз», – дейді Әл-Фараби көшесінің тұрғыны. Тұрғынның айтуынша, желіге жарияланған жазбадан кейін мамандар арнайы келіп тексеріп кетеді. Олар келген кездің өзінде су сырылдап ағып, кеткен соң тоқтап қалады екен. Мәселеге орай, әкімдік те тұрғындардың хатына жауап берген.

Қала әкімінің орынбасары А.Есжановтың атына жазылған тұрғындардың арызына қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев жауап берген. Хатта тұрғындардың Титов қыстағы, Қызылжарма ауылдық округі мен әл-Фараби шет аймақтарындағы ауызсудың тапшылығына байланысты «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне арнайы жауап алынғаны жазылған. Қаладағы су жүйесі бөлімге бұл мәселені шешу үшін қалалық құрылыс бөлімі арқылы  жаңадан ұңғыманы бұрғылау үшін тапсырыс беріліп, қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары дайындалуда деп жауап берген. Проблеманы шешу мақсатындағы жұмыстың алғашқы қадамы айтылғанымен, оның қашан шешілетіні туралы хатта жазылмаған.

«СУ ЖҮЙЕСІ» НЕ ДЕЙДІ?

Біз де мәселенің мәнісін анықтау үшін «Қызылорда су жүйесіне» барып, басшы­лықтан мәселенің мәнісін білуге тырыстық. Тұрғындардың «жоғары қабатқа су көте­рілмейді», «су мүлде ақпайды» деген шағым­дарына жауап беруін сұрап, хат жол­дадық. Бұл хатқа коммуналдық мекеменің басшысы Марат Жәмиевтің атынан 24 мамырда жауап келді.

Ауыз суда ағаттық бар ма?

Мекемеден келген хат жауабында қала тұр­­ғындарына берілетін ауыз судың сапасы «Су көз­деріне, шаруашылық мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылықты ауыз су­мен жабдықтауға, су­ды мәдени тұрмыстық пайдалану орындарына және су нысандарының қауіпсіздігіне қойыла­тын санитарлық эпиде­миологиялық талаптарына» сай келетіні және күн­делікті кәсіпорынның базалық зертханасы мен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан әрдайым қа­далағанатыны жазылған.

Ал соңғы уақытта судың ластануына бай­ланысты хатта: «Қалада қыста тәулігіне 40-42 мың текше метр ауыз су өндірілсе, жаз айларында бұл көрсеткіш 80-86 мыңға дейін жетеді. Яғни су ағысының артуынан құбыр түбіндегі құм-топырақ жоғары көтеріліп, су сапасы нашарлайды. Осы себептен орын алған олқылықтарды алдын алу мақсатында мекеме су жүйелеріндегі өрт гидранттары арқылы жуып-шаю жұмыстарын жүргізген. Қазіргі кезде «тұрғындарға сапалы таза ауыз су берілді», – деп жазылған.

Ал судың қысымының төмендігі, кей көп­қабатты үйлердің жоғарыдағы пәтерлеріне су келмеуінің себебін сұраған сауалымызға: «Қа­зіргі таңда орталық ауыз су жүйесінде судың қысымы 2,2 атмосфера болатын болса, қаланың шет аймақтарында 1,7 атмосферамен қамтамасыз етілуде. Көпқабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында ауыз судың қысымы бірқалыпты жеткілікті деңгейде, тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жоқ», – делінген «Қы­зылорда су жүйесі» мекемесінің басшысы Марат Жәмиевтің атынан келген жауап хатта.

«СУДЫ ҮНЕМДЕУ ТЕК БІЗ ҮШІН КЕРЕК»

Мәселенің мәнісін білу мақсатында осы саладан хабары бар азаматтардың да пікірін сұ­рауды жөн көрдік. Бізді алаңдатқан судың ластануы, қы­сымының төмендеуі, кейде тіпті мүлде ақпауы секілді проблемалардың себебін сұрадық. Бұл мәселелер туралы техника ғы­лымдарының докторы, облыстық мәслихат депутаты Серікбай Ыдырысұлы  өз ойымен бөлісті.

– Ауыз су мәселесі қалада, облыста өз шешімін тауып келеді деуге болады. Қала халқы жыл сайын өсіп, аумағы да кеңеюде. Сол үшін таза ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету – ең басты мәселе. Бүгіндері негізгі су жеткізуші құбыр­лар пластикке алмас­тырылған. Ауыз су жүйесі стратегиялық ны­сан болып табылатындықтан, рег­ламентке сәйкес үздіксіз бақылау жүргізіледі, – дейді Серікбай Өмірзақов.

Ауыз суда ағаттық бар ма?

Зертханаға алынған су ондаған өлшем бойын­ша тексеріліп, санитарлық талапқа сай болуы қадағаланады екен. Егер қандай да бір кемшілік анықталса, оны жою үшін мамандар дереу жұмысқа кіріседі.

Ал су сапасының нашарлауының себебін орталық сумен жабдықтау жүйесі адами-техникалық факторларға тәуелді болғандықтан бұзылып қалудан болатынын түсіндірді: «Жа­сыратыны жоқ, кей кезде лас, жағымсыз иісті немесе хлордың иісі бар су ағатын кездер болады. Жалпы тұйықталған жүйе болғандықтан кей жерде су ұзақ тұрып қалуы мүмкін. Сонымен қатар құбырға жөндеу жұмыстары жүргі­зілген кездерде құм түсуі әбден мүмкін. Жөнделген желіні қайта іске қосқан кезде қысым көбейіп, шөгінді құм жоғары көтерілуі мүмкін», – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры С.Ыдырысұлы.

Судың тазалығы – денсаулық үшін маңызды болғандықтан мұндай жағдайда абай болып, су мөлдірлік қалпына келмейінше пайдаланбау керек. Ал судың жетпеуін, қысымының азаюын Серікбай Өмірзақов жүйелі түрде шешімін табатын шараларды қажет ететін мәселе деп түсіндірді.

Сонымен қатар жаз мезгілінде ауыз суды тұтыну 2 есе өсетінін, тұрғындар ауыз сумен бақ­шаларын суаратынын да тілге тиек етті. Мұның барлығы насос қондырғыларының жұмы­сын күшейтіп, ол өз кезегінде электр энер­гиясын көптеп тұтынуға алып келеді. Одан бөлек, техникалық су тасымалдайтын желі болма­ғандықтан көптеп ашылған көлік жуу секілді орындарына да таза су беріледі. Депутат бұл шешімін табуды қажет ететін үлкен мәселе екенін айтты.

Осы орайда, Серікбай Ыдырысұлы тұр­ғындар да ауыз суды тиімді пайдалану керектігін естен шығармаған жөн дейді. «Суды тиімді пайдалану тұрғындарға тікелей бай­ланысты. Күнделікті тұрмыста «бір тамшы суды үнемдеу – тек біз үшін қажет» деген ұғыммен өмір сүруіміз керек», – дейді ол.

P.S. Бір тұрғынның ауыз суды бақшаға пайдалануынан өзгесі қиындық көреді. Бұл олқылықты шешу үшін аяқ су мәселесін реттеу керек. Техникалық кемшіліктер, құрылғылардың бұзылу мәселесінің алдын алу да оңай деуге келмейтін мәселе. Дегенмен түйткілді мәселе шешімін табуы қажет.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: