Баланың игілігі мен жарқын болашағы үшін жасалған жұмыс олардың жан-жақты дамуына және қабілетін шыңдауына мүмкіндік береді. Оның жарқын дәлелі – бүгін Сырдарияның сол жағалауынан 325 орындық «Medina Kids Academy» жеке бөбекжай балабақшасы ашылды.



Салтанатты шараға қаланың игі-жақсылары, ардагерлер, тұрғындар қатысып, заманауи ғимаратта бөбектердің күміс күлкісі көбейсін деген тілектерін айтты. Өз кезегінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов жаңа бала бақшаның іске қосылуымен құттықтады.


–Бүгін ерекше күн. Өйткені бүгін барша қызылордалықтар сүйікті қаламыздың құрметіне арналған «Қала күні» мерекесін атап өтуде. Осы айтулы мерекеде қаламыздың кішкентай тұрғындарына мерекелік тарту ретінде 325 орындық «Medina Kids Academy» жеке бөбекжай балабақшасы пайдалануға берілуде. Осындай ертегі әлеміндегідей әсем сарайды тұрғызып, балаларға қуаныш сыйлап отырған кәсіп иесіне алғысымды айтамын. Бүлдіршіндеріміздің бақыт-шапағатына бөленіп, балғын балалықтың базарында өмір сүрулеріне жағдай жасау біздің басты мақсат-міндеттеріміздің бірі. Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда тек экономикалық озық аймақ қана емес, сонымен қатар, тұрғындарының сапалы өмір сүруіне әлеуметтік тұрғыдан жағдай жасалған, әсіресе балалар болашағына арналған қала, – деді Нұржан Сәбитұлы.



Өңірімізде ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің үйлестіруімен барлық салада тың бастамалар мен жарқын жобалар сәтті жүзеге асуда. Әсіресе, білім саласында ілкімді істер легі жетерлік. Оның нақты дәлелі – бас шаһарда 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. Физика – математика бағытындағы мектеп – интернаты алғашқы келушілерін қабылдады. «Инновациялық шығармашылық орталығы», «Үстел теннисі», 650 орындық жаңа музыкалық колледж қызылордалықтар үшін толымды тарту болды.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептер» идеясы білім саласындағы бірегей ұлттық жобаға айналып, облыс орталығынан заманауи үлгідегі 4 мектеп салынса, жақын күндері тағы бір білім ұясы ел игілігіне табысталатын болады.


Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!