Сырбойылық жастар үшін көптен күткен жоба жүзеге асырылмақ. Бұған дейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ жастарын баспанамен қамту мақсатында «Сыр жастары» жастарға арналған ипотекалық несие беру бағдарламасы іске қосылатынын айтқан. Аталған бағдарлама бойынша биыл облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында құжаттар қабылданбақ.
Аталған бағдарлама 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Баспана алушыларға 19 жылға 5 проценттік мөлшерлемемен несие беріледі. Ал үй алу үшін қажетті бастапқы жарна 10 процентті құрайды.
– Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойы аясында аймақ басшысының тікелей қолдауымен көптен бері баспаналы болуды мақсат етіп жүрген және баспана кезегіне тұра алмаған жастар үшін «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы басталды. «Сыр жастары» бағдарламасының басты талаптары – ҚР азаматтығының болуы, қатысушының жасы 35 жастан аспауы, соңғы 2 жылда Қызылорда облысында тұрақты тіркеуде тұруы және кемінде бір жыл жұмыспен қамтылған болуы шарт. Бағдарлама аясында табысталатын үй қаланың сол жағалауында орналасқан, жалпы көлемі 66 шаршы метрден кем емес 3 бөлмелі пәтер болады деп күтілуде. Бұл бағдарлама Сыр жастарының үйлі болуы үшін үлкен мүмкіндік, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров.
Аталған бағдарлама бойынша денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік, бюджеттік сала қызметкерлері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың жергілікті филиалдары, екінші деңгейлі банк, құрылыс, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласының мамандары баспаналы бола алады. Оларға қойылатын басты талаптың бірі – кемінде 6 ай жұмыс өтілінің болуы.
Ипотекалық баспана беруді жүзеге асырушы «Отбасы банк» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы Әділжан Сәулебаев «Сыр жастары» бағдарламасына қатысу үшін бірнеше құжаттың тізімі бекітілгенін айтады.
– «Сыр жастары» бағдарламасына қатысуға белгіленген нысан бойынша жастарға жеңілдікпен несие беруге арналған электронды өтініш, білімі туралы құжаттың, жұмыс өтілі көрсетілген анықтаманың, ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттардың сканерленген түрі талап етіледі. Үміткерлерді іріктеу кезектілікке сәйкес санаттар бойынша тізімге енгізу жинаған балл санымен айқындалады. Санат бойынша ең көп балл жинаған қатысушыға уәкілетті орган электронды түрде жолдама жібереді. Жолдаманы алған жастар әрі қарай «Отбасы банкінде» төлем қабілетіллігін растайды. Содан кейін келісім шарт рәсімделіп, үй табысталатын болады, – дейді филиал басшысы.
Бағдарламаның іске қосылуы сыр жастары үшін қуанышты жаңалық болғаны анық. Қай кезде де баспана жайы – қоғамның өзекті мәселесі. Енді жеңілдетілген несиемен өз баспанаңа қол жеткізу түрлі салада еңбек етіп жүрген жастарға мүмкін болмақ.
– Жастарды баспанамен қамтамасыз етуде мұндай жобалардың іске асуы қуантады. Бұған дейін үлкен қалаларда осындай бағдарлама барын естіп, бізге де осындай мүмкіндік берілсе деп ойлайтынмын. Енді «Сыр жастары» бағдарламасы арқылы ойда жүрген мақсатыма қол жеткізсем деймін. Қазір тиісті құжаттарды реттеп, бағдарламаға өтініш беруді көздеп отырмын. Сәтін салса баспаналы болармын, – дейді білім саласының маманы Гүлжан Садуақасова.
Мамандар «Сыр жастары» бағдарламасына өтініш пен құжаттарды тапсыру үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ арқылы электронды түрде kezekte.kz сайтына тіркелуі шарт. Мұнан соң рәсім «Жұмыс істейтін жастарға арналған «SyrJastary» жеңілдетілген ипотекалық несие беру» сервисінде жүзеге асырылады. Ал бағдарламаға өтініш беруге 15 күн қаралған. Яғни науқан 26 қазанға дейін жалғасады.
Аймақта алғаш рет қолға алынған бағдарлама Сыр жастарын баспанамен қамтамасыз етуде сәтті жоба боларына сенеміз.
А.ӘЛІМ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!