Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінде Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесіп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Бірлігі асқан, ерлігі дастан» атты тағылымды іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық бірлік пен ынтымақты сақтауға тәрбиелеу, ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтау, ардагерлердің өшпес ерлігі мен еңбек жолын кейінгі буынға өнеге ету.
Шараға Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шакизат Төребаев, кеңес төрағасының кеңесшісі Күлай Ермағамбетова, тыл ардагері Лидия Романовна Ким, колледж ардагерлері және білім алушы жастар қатысты. Кеш барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Исатай Әбдікәрімов пен Руденко Сергей Никитовичтің майдан даласындағы ерлік жолдары мен соғыстан кейінгі қоғамдық қызметі кеңінен таныстырылды.
Исатай Әбдікәрімов 1941-1945 жылдары Гвардиялық полк пен атқыштар бригадасын басқарған, кейін Сыр өңірінің өркендеуіне зор үлес қосқан мемлекет қайраткері болған. Ал Сергей Никитович Руденко соғыс жылдарында Украина, Белоруссия, Польша, Молдова жерлерін жаудан азат етуге қатысып, бейбіт заманда әскери пәннен дәріс беріп, жастарды тәрбиелеуге атсалысқан.
Сонымен бірге, тылда жан аямай еңбек еткен Ким Лидия Романовна сынды ардагердің өмір жолы үлгі ретінде ұсынылды. Ол ел қорғанысын күшейту ісіне еңбек етіп, кейін колледж қабырғасында ұстаздық қызмет атқарған.
Іс-шара барысында патриоттық әндер орындалып, әсерлі өлеңдер оқылып, соғыс жылдарынан сахналық көріністер қойылды. Жауынгерлердің жанқияр ерлігі – бүгінгі бейбіт өміріміздің кепілі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!