Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 23:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Бірлік керуені» Сыр елінде

30.08.2024

1442 0

Мемлекет басшысының бастамасымен қыркүйек айының 8-13-і күндері Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрінен бастау алатын этникалық спорт түрлерін айшықтайтын бірегей іс-шара. Басты мақсаты – көшпелілер өркениетін қайта жаңғырту, оны сақтау және дүйім елге танымал ету. Ойынның ажырамас бөлігіне айналған «Бірлік керуені» Сыр өңірінде өтті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Сыр ана» монументіндегі салтанатты іс-шараға қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ірі оқиға болмақ. Олар ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау үшін де, бауырлас халықтар – Ұлы дала көшпелі өркениетінің мұрагерлері арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін де маңызды», – деп атап өтті. Әлемдік этноспорттың басты оқиғасына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. 21 спорт түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Бұл – әлем елдері асыға күткен спорттық жарыс.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында бүгінгі күнге дейін түрлі деңгейдегі 80-нен астам шара ұйымдастырылды. Су алу рәсімі көнеден керуен тартқан, көшпенділер өркениетінің тарихынан сыр шертетін қарт Қаратаудың етегіндегі «Сауысқандық» шатқалында өткізілді. Осы шараның «Сауысқандықта» өткізілуінің өзіндік символдық мәні бар. Бұл – тарихы терең археологиялық мұра әрі табиғи ландшафты ерекше орын. Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдық басында ұлы даланың байрақты ұлдары өмір тіршілігін тасқа қашап жазып, әлемдік руханият пен мәдени мұраға өлшеусіз үлес қосқан. Шиелі ауданы «Сауысқандық» шатқалында басталған су алу рәсімі бүгін міне, Қызылорда қаласында жалғасын табуда. Сыр өңірінен Астана қаласына аттанатын киелі су мен батырларымыздың, сенім артқан елшілеріміздің сапары сәтті болсын!», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы керуеннің көшбасшысы, «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабыловқа «Сауысқандық» шатқалынан алынған суды табыстап, сайыста сәттілік тіледі.
Ұлы дала салтын дәріптеп, ел абыройын асқақтататын ауқымды шараға Сыр өңірінің атынан 4 спортшы 3 спорт түрінен сайысқа түседі.
Алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Оны өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен елдер тізімі де кеңейді. Көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагері болып саналатын елдер қатысады. Ал, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпелілер өркениетіне қатысы жоқ елдерден де командалар қатысады деп жоспарлануда.
Бүгінде ДКО ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс болып есептеледі. Астана қаласындағы 7 күнге созылатын жарыстарға 100-ден астам елден 3000-ға жуық қатысушы келеді.


Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: