Халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2005-2007 жылы туылған жастар арасында өтетін дәстүрлі республикалық турнир 13-ші мәрте байрағын көтерді.
Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Нұржан Ахатов спортшыларға сәттілік тіледі.
– Еліміздегі бірегей жарыстардың қатарына енген бұл бәсекеден бүгінге дейін темір қанат түлектер түлеп ұшып, Азия мен Әлемді мойындатты. Сайыпқыран спортшылар сенімді жеңісімен қуантуда. Осы турнир арқылы танылған, бұған дейінгі жеңімпаздар Руслан Теміржан жастар арасында әлем чемпионы атанса, Шәріп Серікболсын, Бекзат Шакизаевтар ел чемпионы атағын иемденді. Чемпиондар тізімінің әлі де жалғасатынына сенемін.Қазақ күресі турнирінің Сыр өңірінде өткізілуінің тағы бір себебі бар. Бұл өңір түйе балуандардың отаны. Қызылорданың намысын қорғап, «Қазақстан барысы» турнирінің алғашқы жеңімпазы атанған Ұлан Рысқұлов болса, онан кейінгі жетістікті Мақсат Исағабылов қайталады. Мұнымен чемпиондар қатары шектеліп қалған жоқ. Қазір Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев секілді саңлақтарымыз ел мерейін еселеп келеді. Республика бойынша өңірлер арасында алғаш рет «Бала барысы» турнирі де осындай мақсатпен ұйымдастырылды.Бүгінгі жарысқа қатысушыларға шынайы бәсекелестік, спорт алаңында жеңіс пен сәттілік тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Турнирге еліміздің әр өңірінен келген 11 команда, 180 спортшы қатысуда. Жеңімпаздарға ҚР-ның спорт шеберіне кандидат атағы беріледі. Сондай ақ, қала әкімінің арнайы дипломдары мен медальдары және қаржылай сыйақылары табысталады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!