Қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Думан Бодықов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне І жартыжылдықта салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
Есепті мерзімде қалада бұқаралық спорттық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 70 спорттық іс-шара өтіп, оған 5 мыңға жуық адам қатысты. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамыту мақсатында бөлімге қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында спорттың 11 түрінен үйірме жүргізілуде.
Аталған үйірмелерде 1396 қала тұрғыны тұрақты негізде спортпен шұғылдануда. Осы үйірмелердің спортшылары спорттың парапауэрлифтинг, қоян-қолтық ұрыс, грэпплинг түрлерінен жарыстарға қатысып, жүлделі І, ІІ, ІІІ орындар алып, нәтижелі жетістіктер көрсетуде.
– Қала тұрғындары мен қонақтары үшін негізгі туристік аймақтың бірі – демалыс орындары. Қала аумағында 15 демалыс орны жұмыс істейді. Қазіргі уақытта «Сыр самалы» кешенінде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатса, ашық су айдыны – «Көксу» аймағы жағажай талаптарына сәйкестендірілуде. Сондай-ақ, «Эдельвейс» қалалық жағажайы да өз қызметін бастады. Суға шомылу маусымында қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаладағы барлық жағажай нысандарына тұрақты бақылау орнатылған. Бұдан бөлек, қалада туристік қызметті қамтамасыз ету бойынша 13 турагенттік орналастыруды ұйымдастыру қызметімен айналысады, –деді Думан Қонысбекұлы.
Жалпы, бұқаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу көрсеткіші өткен жылы 155 755 адамды құрап, меже 43,1%-ға орындалды. Биыл бұл межені жоғары көрсеткіште сапалы орындау – бірінші кезектегі негізгі міндет.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!