Дүйсенбі, 02 маусым, 18:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40,2153
31.05.2025
PDF мұрағаты

Чернобыль апаты құрбандарын еске алды

26.04.2025

807 0

Биыл – Чернобыль апатына 39 жыл. 1986 жылдың дәл осы күні әлемдегі ең ірі апат болған еді. Радиактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. Осы апат аймақтарын залалсыздандыруға елімізден он мыңдаған азамат қатысты. Тарихта таңба болып қалған атаулы күнде елде қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Төребаев, қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмабек Шахатов бастаған бірқатар азаматтар Қызылорда қаласындағы Тағзым алаңында Чернобыль апатының құрбандарын еске алды. Жиынға ардагерлер мен жастар қатысты.

– Әлем тарихындағы алапат ажал уын сепкен Чернобыль апатының аяқталғанына 39 жыл толды. Сол уақытта 145 мың шаршы шақырым жер ластанды, 5 миллионға жуық халық зардап шекті. Осы зардап шеккен аймақтарды залалсыздандыру жұмысына 10 мыңдаған қазақстандық қатысты. Оның қатарында Сыр өңірінің 800-ден астам азаматы жіберілді. Қазіргі таңда зұлмат апаттың куәгері болған ардагерлеріміздің 300-ге жуығы ортамызда. Чернобыль салдарын жоюға қатысқан мыңдаған біздің отандастарымыздың ерлігі мен жігері болмаса, апаттың көлемі одан да үлкен болуы мүмкін еді. Олар өз өмірі мен денсаулықтарын тәуекелге тігіп, әлем халқын радиациялық зиянды әсерінен қорғады. Радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Бүгін өткеннің естелігін жаңғыртып, сол кездегі өр кеуде, өршіл рухты бауырларымызды еске алып тұрмыз, – деді қала әкімінің орынбасары.

Чернобыль апатына қатысқан ардагер Жәріп Әлібек те мұнда гүл шоғын қойып, еске алуға қатысты.

– Бұл кеңес дәуірінде 1986 жылы болған ең үлкен апаттың бірі болды. Өңірден аттанған азаматтардың көбісі ядролық апаттың радиациясынан бақилық болды. Бұл апат ешкімге оңай болған жоқ. Оның салдарынан түрлі қауіпті аурулар тарап, ұрпақтан-ұрпаққа мутация әсерін тигізді. Кейінгі толқын бұл кісілердің жасаған ерліктерін ешқашан ұмытпай, әрқашан жадында ұстауы керек, – деді ол.

Әр сөз, әр естелік – уақыттың үнсіз куәсі. Тағзым алаңында көтерілген үнсіздік пен естеліктер алауы – бүгінгі ұрпаққа аманат етілген қасиетті сабақтай әсер етті.

Бүгінгі еске алу – тек өткеннің қасіретін емес, бейбіт күннің бағасын ұғындыру. Елі үшін от кешкендерге тағзым ету – әрбір саналы азаматтың парызы.

Нұрхан НҰРҒАЛИ,

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

Университетінің студенттері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: