Сенбі, 21 желтоқсан, 17:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Дәстүрлі «Kitap fest» фестивалі өтті

20.09.2023

662 0

​Аймақтың 85 жылдығы мен сүйікті шаһарымыздың төл мерекесі аясында «Kitap Fest» кітап фестивалі өтті. Қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру, жазушылар мен оқырманға бірыңғай алаң ұсыну мақсатын мұраттаған дәстүрлі фестиваль қайта түрленген «Қаламгерлер аллеясында» байрақ көтеріп, жиылған жұртшылыққа ғажайып әсер сыйлады.

Қызылорда қаласының мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, қала әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Абатов бастаған фестиваль қонақтары алдымен Ы.Жахаев көшесінің бойына жағалай орналасқан «Өткені сырлы, келешегі нұрлы – Қызылорда» кітап көрмесі мен жәрмеңкесін тамашалады.

Көрмені аралау барысында қала әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Абатов жергілікті кітапханалар қорын молайту бағытында жан-жақты қолдау жалғаса беретіндігін жеткізді.

​Кітап мерекесі «Жыр толғаған Сыр елі» әдеби-сазды кешімен жалғасып, қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев қала тұрғындары мен барша кітапсүйер оқырманды шаһардың төл мерекесімен құттықтады.

​»Дәстүрлі фестиваль жыл өткен сайын өзінің мәні мен маңызы, тағылымы жоғары шара екенін ұқтырып келеді. Оған дәлел, өткен жылы ғана «Өнер» арбаты бойында киелі Сырдың бренді – қобыз сұлбасында жасалып, «Қызылорда – оқитын қала» ұранын көтерген көше кітапханасы тұрғындарымыздың оқыған кітаптарымен жиі бөлісетін орнына айналды» деген Ибадулла Дүйсенбайұлы кітап фестиваліне қазақ және әлем әдебиетінің байлықтарын ала келіп, мереке көрігін қыздырған, елімізде кітап оқу насихатын жоғары деңгейде жүргізіп жүрген Қарағандының «Қасым баспасы», Түркістанның «Мазмұндама» және «Отбасы хрестоматиясы» баспасы, Алматының «Мұқаба» баспасы және жергілікті «Кітап ал» дүкеніне, шаһардың барша кітапханашыларына алғысын білдірді.

​Шара барысында қаламыздың үздік оқырмандары мен бірқатар кітапханашылар қала әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталса, үш дүркін алтын домбыра иегері, Алашқа белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне жуырда жарық көрген «Тектілік пен тереңдіктің қайнары» атты жыр жинағын табыс етті.

​Әділетті Қазақстанға оқитын және білімді жастар қажет. Сондықтан мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды. Кітап оқитын адам сана көкжиегін кеңейтеді, логикасын, ойлауын дамытады, есте сақтау қабілетін жақсартады. Осы ретте, «Kitap Fest» фестивалі көптеген адамдарды біріктіріп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол аша бермек.

​Айта кету керек, фестиваль аясында қала мектептерінің оқушылары арасында шахмат пен тоғызқұмалақтан және асфальтқа сурет салудан сайыстар өтті. Әрбір сайыстың жеңімпаздарына мадақтамалар мен медальдар табысталды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: