Бүгін қаламызда дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Birge Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы өтті. Сенбінің таңындағы акцияға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов пен қала әкімі Ғанибек Қазантаев қатысып, сала басшылары, дербес бөлімдер және аппарат қызметкерлерімен бірге «Денсаулық және демалыс» саябағының аумағына тазалау жұмыстарын жүргізді.
Қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосуды мақсат тұтып, сенбілікке шыққан мемлекеттік қызметкерлер 36 гектар аумақты алып жатқан саябақты қоқыстан тазартып, шөп шапты.
Тазалық іс-шарасында Ғанибек Қонысбекұлы өзге де саябақтар мен көшелерде сенбілік жұмыстары жалғасын тауып, мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме ұйымдарының мамандары қала тазалығына өз үлестерін қосатындығын атап өтті. Сонымен қатар «Денсаулық және демалыс» саябағын демалыс паркіне айналдыру мақсатында аталған аумаққа жақын күндері атракциондар орнатылып, балаларға арналған ойын алаңдарының санын арттыру жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.
Айта кетейік, «Денсаулық және демалыс» саябағы 2020 жылы қала күні мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген болатын. 36 гектар аумаққа орналасқан аллеяда веложол, спорттық ойын алаңы, аяқ су каналы, түнгі жарық шамдары барлығы үйлесімді орналасқан. Сонымен қатар 20 мыңнан аса тал көшеті егіліп, 10 450 шаршы метр аумақ абаттандырылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!