Қалалық мәслихат депутаттары облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің ыстық суға қосылуы мен өңірдегі қоғамдық көлік тақырыбына талдау жүргізді. Халық қалаулылары алдымен кеңседегі жиналыстан бұрын нысан басына барды.
Өңірді ыстық сумен қамтуға жалпы көлемі 26,2 миллиард теңге қаржы қаралған. Бұл жұмыс екі кезең бойынша жүзеге асады. І кезең бойынша өткен жылы 187 көпқабатты үй ыстық суға қосылса, бұл қатар биыл ІІ кезеңде 236 үйге артуы керек. Жыл аяғына дейін барлығы 423 көпқабатты үй тұрғындары ыстық су тұтынуы тиіс.
– «Мелиоратор» серіктестігі шаһардағы «Шұғыла», «Сәулет», «Астана» шағын аудандарында, сол жағалау мен Бейбарыс сұлтан көшесінің бойындағы 119 үйде жұмыс жүргізуде. Оның 52-сі ыстық суға қосылды. Еуропалық «Wilo», «Danfoss», «GTP» сынды танымал өндірушілердің сапалы жабдықтары қолданылуда. Бұл – жүйенің ұзақ мерзім бойы сенімді жұмыс істеуінің кепілі. Ыстық су желісі – тек жайлылық емес, электр энергиясы мен қаржы жағынан да тиімді шешім, – дейді жауапты мекеме өкілдері.
Қоғамдық көлік – қала тіршілігінің күретамыры. Бұл салада да Қызылорда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. 2013 жылы құрылған «Қызылорда автобус паркі» ЖШС бүгінгі таңда қалаішілік және қала маңындағы бағыттарда жолаушыларды сапалы тасымалдауды қамтамасыз етіп келеді. Автобус паркі 2013-2020 жылдар аралығында 135 автобусқа толықса, 2022-2024 жылдар аралығында мекемеге облыс әкімінің қолдауымен 300 жаңа «Yutong ZK6852 HG» маркалы автобус сатып алынды. Қазіргі таңда 32 бағытта 275-280 автобус күнделікті қатынауда. Қоғамдық көлік аралығы – 12-15 минут, бұл қала тұрғындары үшін өте қолайлы.
– Автобус жүргізушілеріне жақсы жағдай жасалған. Жалақысы сағатына – 1300 теңге, екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Үздік жүргізушілерге арнайы ынталандырулар қарастырылған, – дейді автобус паркіндегілер.
Аралау барысында депутаттар экотакси қызметінің де сапасына көз жүгіртті. Жаңа автовокзалдың да көлік қатынасының жақсаруына септігін тигізіп жүргені анық. Нысан басынан соң халық қалаулылары қалалық мәслихатта бас қосты. Мұнда жауапты бөлім басшылары депутаттарды саладағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Нұрхан НҰРҒАЛИ,
Нұржан НҮҒЫМАДИЛЛА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенттері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!