Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 10:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Егемен елдің «Егемен» көшесі сусыз, жарықсыз, жолсыз

12.06.2021

3567 0

Редакцияға қалаға қарасты КБИ шағын ауданындағы «Егемен» көшесі­нің тұрғындарынан хат келді. Онда тұрғындар өздерінің көшесіндегі жол, су, жарық сынды проблемаларды тізіп жазған. Өздерінің айтуынша, біздің көмекке жүгінгеннен басқа амалдары қалмапты.

Егемен елдің «Егемен» көшесі сусыз, жарықсыз, жолсыз

Тұрғындар жазған мәселелердің ішінде жол жайы бар. Тұрғындардың айтуынша, «Егемен» көшесінен үл­кен көше саналатын «Жаппасбай батырға» шығатын жол жоқ. Бұл көшеде тұратындар көпқабатты үйді жағалап барып, «Жаппасбай батырға» шығып жүр. Көктем мен күзде ол жердің батпағына батпау, балшығына былғанбау мүмкін емес. Одан бөлек, су мәселесі де бар. Қыста су қатып қал­са, жазда тамшыдан сәл-ақ артық екпінмен ағады. Жа­рықтың да күші көңілге қонымсыз. Тұрғындар үй саларда электр желісін өздері тар­тып алған, ағаш бөренелер қойған. Соның әсерінен үйдегі жарық май шам­ның жарығындай ғана болып сығырайып тұрады екен. Оқырмандар хатындағы мәселелерді өз көзімізбен көру мақ­сатында «Егемен» көшесіне қарай тарттық.

Ә дегеннен көшенің басты проб­лемасы бірден байқалды. «Егеменге» жету үшін көпқабатты үйлердің жанымен өту керек. Ал ол жер құм мен батпаққа толы, жай жеңіл көлік батып қалуы әбден мүмкін. Жаздың өзінде осындай болып тұрған жерден көктем-күзде қалай өтіп жүргенін елестету қиын. Дегенмен көше бойында жол салу жұмыстары жүріп жатқаны байқалады. Мұны көргенде кәдім­гідей қуанып қалдық. Бірақ тұрғын­дардың сөзінен кейін көңіліміз су сепкендей басылды.

– Жол салынып жатыр. Бірақ асфальт емес жай тас төсеп жатыр. Оған да шүкір дер едік, бірақ бұл жолдың пайдасы шамалы болайын деп тұр. Себебі мердігер мекеменің айтуынша олар тек көшенің бойына ғана төсейді екен. Ал біздің көше тұйық. Екі жағынан да орталық көшеге шығу оңай еместігін өздеріңіз көрдіңіздер, – дейді «Егемен» көше­сінің тұрғыны Мұсабек Шамшатов.

Жұмыс басында жүрген жолшылардың арасынан бас­шысынан жауап алғымыз келгенімен онымыздан түк шықпады. Бар білгеніміз, жолды істеп жатқан мердігер «Ерқанат сервис» компаниясы екен. Әкімдік назар аудармаса тұрғындар өздері құм әкеліп, орталыққа шығар жол төсетіп алмақшы…

Ауыз су мәселесі де көңіл бөлуді қажет етеді бұл көшеде. Негізінен «Егемен» көшесінен жер 2000 жылдардан бері қарай берілген дейді тұрғындар. Бұл көшеге ең бірінші болып қоныстанғандарға 15 жылдай болыпты. Оған дейін ешқандай жағдай жасалмаған соң адамдар өз жерлерін сатып, үйлер салынбаған. Бұған дейін ол жер құм болған. Кейін тұрғындарға берілетін болған соң топырағы алынып түзетілген. Осының кесірінен көшенің бергі беті төмен, арғысы жоғары орналасқан. Соның әсерінен жол бойында жатқан судың желісі бергі бетінде таяз көмілген. Бұл өз кезегінде қыста судың қатып қалуына себеп болып тұр.

– Жол салып жатқандар біздің сызбада судың құдықтары мүлде жоқ дейді. Біз солар бетін биіктетіп береді деп ойлағанбыз. Енді амалсыздан өзіміз бетіне топырақ төсеуге мәжбүрміз. Судың құдығына тек 1 «кольцо» салған. Әрі кетсе 1 метр төмендікте жатыр. Қыста қатып қалып, әр көршіден су сұрап жүреміз. Кім бізге күн сайын су бере берсін? Ал ақша алатын кезде «Су жүйесі» келіп жинап кетеді. Менің «есептегішім» (счетчик) айналмаса да ақша төледім. Ол кезде олар судың ақшасын адам басына алды, – дейді көше тұрғыны Ғабиболла Жүсіпов.

Жаз болса судың қысымы төмендеп кететін үрдіс бұл көшеде де бар. Тұрғындар арыз шағымын айтқан кезде де жауапты мекеме «Бұл су жүйесін біз жүргізбедік» деп басын ала қашады екен. Тұрғындар қыс мезгілінде жоқ суға ақша төлейміз деп наразы. Сәуір айына дейін сусыз отырған олар мұның жыл сайын қайталатынын айтып, мезгілін күттірмей шешуді қажет ететін мәселеле екенін алға тартып отыр.

Тағы да айта кетерлігі, жарықтың жоқтығы бұл көшеде. Мұндағы тұрғындар электр желісін арғы көшеден өз күштерімен тарттырған. Ағаштан бағаналар қойып, үйге «жарық» кіргізген. Бірақ электр желісі деген аты болмаса шамдай болып қана жанады. Тұрғындар есептеп көргенде қуаты 180В ғана көрсеткен. Бұл күш тұрмыстық техниканың жұмыс істеуіне жеткіліксіз.

– Үйде нан пісіретін пеш, тоңазытқыш дегендерді қосу мүмкін емес. Тоқтың күші жетпейді. Тіпті кір жуғыш машинаның өзін түнгі сағат 2-3-те қосуға мәжбүрміз. Бұған дейінгі әкімге барғанымызда «Бірден шешілетін мәселе емес» деді. Содан кейін бетон бағаналар алып келді де бір күні барлығын қайта тиеп алып кетті. Сонда ХХІ ғасырда біз жарықсыз отыруымыз керек пе? – деп наразылығын білдірді тұрғындар.

«Жерін заңдылықпен беріп, толық құжаттандырып, тұрғын үй салынып халық қоныстанғаннан кейін бұл жерге неге көңіл бөлінбейді? Бұл жердің тұрғындары бізді асыра деп ас-су сұрап отырған жоқпыз. Мемлекеттік тұрғыда істелінуге тиісті, халыққа қажетті жағдай неге жасалынбайды?», – делінген тұрғындардың бізге жазылған хатында.

Жай ғана хат емес, тұрғындардың арыз-шағымы десек те болады. Мәселенің қаншалықты өзекті екенін байқау қиындық тудырмас деген ойдамыз. Суы сылдырап жәй ағатын, жарығы сығырайып әрең жанатын, екі басы тұйықталып, кіріп-шығуды қиындатқан жолды біз есепке ала алмадық. Сол себепті «Егемен елдің «Егемен» көшесі: сусыз, жарықсыз, жолсыз» деген тақырыпты мақалаға арқау еттік. Осы жерден тізгінді тартып, жергілікті билік өкілдері Егемен елдегі «Егемен» көшесіне назар аударар деген үмітпен сөзімізді түйіндейміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: