Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Елден сұрақ, әкімнен жауап

12.03.2022

1824 0

Халық үніне құлақ асу – әкімнің міндеті. Ауылдың жайын бес саусағындай білуі тиіс әкім көп көкейіндегі мәселені біле ме екен? «Халық үні» айдары арқылы бұл жолы қалаға қарасты Қызылжарма ауылының әкімі Медет Сейілов ауыл тұрғындарының сұрағына жауап берді.

Елден сұрақ, әкімнен жауап

Ы.Жақаев тұйығын қашан жөндейді екен?

Өткен жылы Қызылжарма ауылдық округі бойынша 3 көшеге жөндеу жүргізілді. Оның ішінде 1 көшеге асфальт, 2 көшеге қиыршық тас төселді. Айта кету керек, ауылдық округ бойынша жалпы 120-ға жуық көше болса, оның ішінде 50 көше жол жөндеуді қажет ететін көшелер тізіміне енгізілген.

2022 жылы Қызылжарма ауылдық округі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландыруға енуіне байланысты округ бойынша жол жөндеуді қажет ететін көшелерге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Өзіңіз атап өткен Ы.Жақаев тұйығы аталған тізімде бар.

2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлінген жағдайда Ы.Жақаев тұйығына 11,3 млн теңгеге 400 метрді құрайтын орташа жол жөндеу (асфальт төсеу) жұмыстары жүргізіледі.

Қызылжарма ауылдық округіндегі 4Б көшесін жөндеу биылғы жылғы жоспардан қалып қоймайды деген үміттеміз.

Жоба құны 1 млрд 642 млн теңгеге қалалық құрылыс бөлімі арқылы округтің шет аймақтары болып саналатын Қызылжарма-1 және Қызылжарма-2 тұрғын ауданы және ауыл ішіндегі 35 көшеге тас төсеу жұмыстарын бастауға 2022 жылға 190 млн теңге қаралып отыр. Аталған көшелер тізімінде 4Б көшесі де бар.

Ө.Махамбетов көшесі қашан асфальтталады?

Жоғарыда айтып өткендей, 2022 жылы Қызылжарма ауылдық округі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландыруға енген болатын. Аталған бағдарлама аясында жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ауыл әкімдігі тарапынан жол жөндеуді қажет ететін көшелерге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім берілген. Өзіңіз атап өткен Ө. Махамбетов көшесі де аталған тізімде бар.

2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлген жағдайда Ө.Махамбетов көшесіне жалпы құны 86,7 млн теңгеге 1,8 шақырымды құрайтын орташа жол жөндеу (асфальт төсеу) жұмыстары жүргізіледі.

Биыл жоспарда жол, мектеп, көшелерді жарықтандыру жүзеге асырылады екен. Әбенов көшесінің аяқ жағына жарықтандырылу жүргізіле ме? «Сыр дидары» балабақшасы Әбенов көшесінде орналасқандықтан жаяу жүргіншілер жолы керек. 5, 4Б, 5А көшелеріне атау берілсе. Бұл көшелерге жол түсетініне қуаныштымыз.

Өткен жылы ауылдық округтегі 3 көшеге түнгі жарық бағаналары мен шамдары орнатылды.

Бұдан бөлек, ауылдық округтегі түнгі жарық бағаналарын орнатуды қажет ететін көшелерге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Аталған тізімге Әбенов көшесіне түнгі жарық бағаналарын орнату жұмыстары енгізілген. Жоба құны 18,5 млн теңгені құрап отыр.

5, 4Б, 5а көшелеріне атау беруге қалалық ономастикалық комиссияға ұсыныс берілді. Ономастикалық комиссия отырысы наурыз айының аяғында өткізілмек. Комиссия қорытындысы бойынша оң қорытынды алған жағдайда аталған көшелерге атау беріледі.

Сонымен қатар Әбенов көшесі жаяу жүргіншілер жолын қажет ететін көшелер тізіміне алынған.

Н.Ілиясов көшесіне қашан асфальт төселеді, өткен жылы 2022 жылы деп едіңіздер…

Жоғарыда атап өткендей, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсы-нылған бюджеттік өтінімде Н. Ілиясов, Сексенбаев көшелеріне жол жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлінген жағдайда Н.Ілиясов көшесіне 44,5 млн теңгеге 1 шақырымды құрайтын орташа жол жөндеу және Сексенбаев көшесі жолының ескірген (Қарабалаев пен Абай көшесі аралағы) аумағына 36,5 млн теңгеге 300 метрді құрайтын орташа жол жөндеу жүргізіледі.

Қарабалаев тұйығында жаңбырлы күндері жүру мүмкін емес. Балалар балшыққа батып, жедел жәрдем кіре алмайды. Мұндай күндері біздің ауылда әкім жоқ екен деп қаламын. Мектеп құрылысы да кезек күттірмейтін мәселе. Құрылыс жұмыстары қашан басталады?

Жоба құны 1 млрд 642 млн теңгеге қалалық құрылыс бөлімі арқылы округтің шет аймақтары болып саналатын Қызылжарма-1 және Қызылжарма-2 тұрғын ауданы және ауыл ішіндегі 35 көшеге тас төсеу жұмыстарын бастауға 2022 жылға 190 млн теңге қаралып отыр. Аталған көшелер тізімінде Қарабалаев тұйығы да бар.

Сондай-ақ Қызылжарма ауылдық округінде жобалық қуаты 1200 орындық Сақтапберген Әлжіков атындағы орта мектебінде екі ауысымда 2627 оқушы оқып, 227 орынға тапшылық қалыптасуда.

Халық саны мен балалар санының жыл сайынғы өсуін ескере отырып, облыстық бюджет қаражаты есебінен ауылға 900 орындық жаңа мектеп салуға 2020 жылы 2,9 млрд теңгеге жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Алайда қазіргі уақытта басымдық апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға бағытталуына байланысты Қызылжарма ауылындағы 900 орындық мектептің құрылысы 2022 жылға шегерілді.

Сонымен қатар аталған мектептің құрылысы «АMANAT» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, 2022 жылы құрылысын бастап, 2024 жылға дейін іске қосу жоспарлануда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: