Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Елдің ықыласымен шырайланған қала

12.08.2023

599 0

Мен Сыр өңірінде дүниеге келдім. Оны әрдайым мақтан тұтамын. Әр аймақтың өз ерекшелігі болады. Қызылорда жұртшылығы қонақжай мінезімен ерекшеленеді. Халқының 90 пайыздан астамын жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Сыр топырағы – ата-бабамыздың ықылым заманнан сақталып келе жатқан дәстүрін берік ұстанған өңір. Алғашқы астана деген атқа ие Ақмешіттің бүгінгі келбеті қазіргі заманға сай, бүкіл сырбойылықтардың бойында «бұл – менің қалам» деген мақтаныш сезімін туғызатындай дә­режеде деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.

Әсем қала Алматыда бірталай жылдардан бері тұрып, еңбек етсем де, туған жерім жүрегімнің төрінде жұлдыздай жарқырайды. Мен құрылыс саласында ұзақ жыл үздіксіз қызмет жасап келемін. Мамандығым құрылыс саласына қатысты болғандықтан, Сыр топырағына қадам басқан сайын, шаһардың архитектуралық келбетіне зер саламын. Соңғы жылдары жаңар­ған, жасарған, гүлденген туған өлкем Қызылорда қаласының көр­кіне көңілім толып, жан сарайым жадырап аттанып жүрмін. Әсіресе сол жағалаудағы жақұттай жарқыраған жарық шамдармен шағылысып, қазақы оюлармен өрнектелген еңселі ғи­мараттар қиялыңа қанат бітіріп, шығыс халқының өркениетін паш етіп тұр­ғандай әсер береді. Міне, осындай шаһардың әдемі келбеті әр келгенде болашақ арманыма қанат бітіріп, рухани кемел күш-қуат сыйлайды. Менің қолтаңбам бұдан бұрын ару Астананың ғимараттарында айшықталса, келешекте Қызылорда қаласында өрнектелсе деп армандаймын. Зеңгір көкпен таласқан зәулім үйлер, халық игілігіне қызмет етіп жатқан әлеуметтік нысандар облыс орталығының  келбетін нұрландырып тұр. Сан түрлі бояумен көмкерілген гүлзарлар қала тынысын аша түскендей. Қалада бүгінде құрылыс қарқын алуда. Орталық алаң өзгеше әсем кейіпке енеді деп, макетін әлеуметтік желіге жариялап жатыр. Сол жағалаудан 7 қабатты үйлер бой түзеп жатыр. Халыққа ең керегі асфальт төселген жолдар екені айтпаса да түсінікті. Биыл осы жолдар мен көпір тек қала орталығында ғана емес елді мекендерде де салынуда. Аймақтың тыныс-тіршілігі қайнаған еңбекпен үйлесім тапқан. Алып крандар сап түзеген нағыз құрылыс алаңына айналған туған жерімді көріп, бір жасарып қалдым. Осындай кезде менің әріптестерім құрылысшылардың еңбегін ерекше атап өту керек. Құрылысшылар құрыш қолдарымен күннің ыстық-суы­ғына қарамай, ашық алаңдарда үй тұр­ғызып жатыр. Әр қалаған кірпіші бо­лашақта зәулім үйлер болып бой түзеп, жер­лестеріне құтты баспана болатынын ой­лаудың өзі қандай бақыт. «Аналар» үйі», «Неке сарайы», орталық алаңдағы Еңбек аллеясы тарихи мұра секілді. Бұл – еңбек адамдарын құрметтеу арқылы жас­тардың бойына, таным-түсінігіне ел дамуы тек еселі еңбекпен шындыққа ай­налатынын түсіндіру. 

Қалай десек те, Сарыарқа төсіндегі жаңа Астанаға қарап бой түзеген менің сүйікті қалам болашақта сәулетіне дәулеті сай ғажайып шаһарға айналарына сенемін.

Сәрсенбек ӘБУОВ,

Қазақстанның Құрметті құрылысшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: