Қаламыздағы қоғамдық көліктердің үздіксіз қызмет көрсетуі – автобус жүргізушілерімен қатар, оларды жөндеуден өткізетін мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі кейіпкеріміз «Қызылорда» автобус паркі» мекемесінде цех шебері болып он жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Алмат Төлеков.
Ол тәуліктің кез келген уақытында көлік ақауларын түзеп, жолаушылардың жайлы әрі қауіпсіз жетуін қамтамасыз ететін көзге көріне бермейтін мамандық иесінің бірі.
– Биылғы жылды Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Еңбек адамдарын бағалап, олардың еңбегін насихаттау – қоғамдағы жауапкершілікті арттырады деп білемін. Қай сала да жүрсек те, өз ісімізге адал болып, қоғамға пайда тигізуді міндет еттім. Еңбекпен келген нан ғана нағыз адал ас дейді. Автобусты жөндеуден өткізе отырып біз қала тұрғындарының жайлы сапарын ұйымдастырып келеміз, – дейді шебер Алмат Құттымұратұлы.
Цех шебері жол-көлік оқиғалары мен тозу салдарынан зақымданған автобустардың шанағын түзеп, қайта қалпына келтіреді. Әрбір майысқан темірді түзетіп, әрбір ұсақ бөлшекті орнына келтіреді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!