Сейсенбі, 26 қараша, 23:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Еңбексүйгіштікке баулитын бағдарлама

14.08.2021

1179 0

«Жасыл ел» бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы негізінде 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде жүйелі қолға алынып, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жастарды Отансүйгіштік сезімін ояту арқылы еңбексүйгіштікке баулуда. Туған ел табиғатын таза ұстауға үндеп, жастар бойына жігерлілік сыйлайды. Бұл жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға оң әсер етері анық.

Қазіргі таңда Сыр өңірінде «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1115 ерікті жұмыс істеуде. Оның ішінде әр ауданда 110, қала көлемінде 345 жас еңбек көрігін қыздыруда. Жұмысқа 16 мен 29 жас аралығындағы жастар тартылады. Айлық табыстары 55 мың теңге шамасында тұрақты берілуде.

– Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жастардың еңбекке ерте араласуына жол ашу. Бағдарламаның тиімді тұсына келер болсақ, жастар қала орталығында ғана болып қоймай көгалды аумақтарға барып, жұмыс істеп тұрады. Бұл – бір жағынан көмек, екінші жағынан табиғат аясында таптырмас серуен. Аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр жастың міндеті деп есептеймін. «Жасыл ел» еңбек жасағы бүгінде кеңінен етек алды. Жалпы бағдарламаның негізгі мақсаты – жастардың күшімен елімізді көгалдандыру. Елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту. Сол арқылы табиғатты аялап ұстауға тәрбиелеп, патриоттық сезімдерін арттыру. Ең бастысы, жыл сайын қаншама жас осы іске тартылып, жастар арасында жұмыссыздықты азайтып отырмыз, – дейді қалалық «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі Нұрдәулет Нағашыбайұлы.

Иә, расыменде жастарды еңбексүйгіштік пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел» бағдарламасының болашағы баянды. Жасақ мүшелерінің басым бөлігі студенттер. Бағдарлама бастау алғалы мыңдаған жастың күшімен миллиондаған жасыл желек отырғызылып, көгалдандыру жұмысына қомақты үлес қосылды.

– «Болашақ» университетінің студентімін. Жазғы демалыста үйде босқа қарап отырмай, қоғамдық іске араласып, әрі қосымша қаржы табу мақсатында осы жасаққа қосылдым. Қаладағы бас көшелердің бойына тазалық жұмыстарын жүргізудеміз. Жақында Арал ауданына шөп орып жібердік. Сауапты да жауапты шараның ортасынан табылғаныма ризамын. Мемлекеттің жастарға жасап жатқан жасампаз жобаларына алғысым зор. Өлке тазалығы мен көгалдануына бар күшімізді салатын боламыз. Жасыратыны жоқ, мынадай аптап ыстықта қала көшелерін тазартып, көгалдандыру оңай шаруа емес. Десе де, туған жерді жасыл желекке айналдыруға деген ықыласым зор. «Жасыл ел» еңбек жасағы ең алдымен жастардың кез келген ортада жүргенде тазалық сақтауға шақырады. Екінші жағынан ата-анамызға салмақ салмай, жәрдемдесуге мол мүмкіндік ашады, – дейді жасақ мүшесі Нұрай Серікжанова.

– «Жасыл ел» еңбек жасағының биыл белсенділігі байқалады. Олар тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді «Ардагерлерді ардақтайық» атты жоба аясында қариялар ауласын тазалап, көмек көрсетеді. Еңбекке тартылған 1115 жас «Қызылорда тазалығы» және «Зеленстрой» жауапкер-шілігі шектеулі серіктестіктері нысанында жұмыс істеуде. Жоба жұмысын жүргізу «Самғау» жастар қоғамдық бірлестігіне жүктелген. Тамыз айының соңында биылғы жұмыстары қорытындыланып, үздіктер марапатталады, – дейді қоғамдық бірлестік директоры Хакімбек Аманбаев.

Мұндағы басты талап – жауапкершілік, тиянақтылық, еңбекқорлық. Еңбек ету арқылы жастар бір-бірімен танысады, уақытын тиімді пайдаланып, көпке пайдасын тигізеді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: