Жақсылыққа жұмылған жандар. Елдің басына түскен қиындықты көтеруге иығын тосқан, өз уақытын аямай, еріктілер қатарына қосылған осындай белсенділер үшін 5 желтоқсан ерекше дата. Осыған орай облыстық «Жастар ресурстық орталығында» карантин талаптарын сақтай отырып, мерекелік шара өтті.
Оған орталық директоры Бауыржан Мастеков, Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысы Рафхат Бисенов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Мұрат Әйтімов қатысып, «патриотпын, елімді сүйемін!» деп үнемі айтып, оны іспен дәлелдеп жүрген жандарды құттықтады.
– Елді алаңдатқан күрделі кезеңде волонтерлар қолдан келген көмекті аямады. Соның ішінде орталық жанындағы Болатбек Айтбенбетов жетекшілік ететін «Волонтерлар фронт-офисінің» үлесі салмақты. Олар дәрі-дәрмек таратты, оттегі баллондарын тасыды, қайырымдылық көмекті жеткізді. Еңбектеріңіз еселенсін, мерекелеріңізбен, – деді Б.Мастеков.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов те халыққа жанашыр, болашаққа бейқам қарамайтын жастардың, волонтерлердің көптігін көріп, қуанғанын айтты және алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер арасында да волонтерлікті дамыту жоспарда барын жеткізді.
Салтанатты шарада эмоционалды тренингтер, алғашқы медициналық көмек көрсетуден шеберлік сағаттары және интеллектуалды ойындар қамтылды. Ең бастысы, волонтерлардың мерейі үстемдеді, оларға Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен сый-тартулар берілді. Қорытынды бөлімде «Абзал и К» ТС директоры Мағжан Ералиев, «Біргеміз» республикалық волонтерлер фронт -офисінің менеджері А.Жамашова еріктілер күніне орайластырылған фото-байқаудың жеңімпаз волонтерлерін марапаттап, ақ тілегін білдірді. Олардың еңбегіне тәнті екенін және игі істер қашанда қолдауға лайық екенін айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!