«Тағзым» алаңында бұдан 27 жыл бұрын Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді құрметпен еске алу шарасы өтті.
Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов және тәжік-ауған соғысы ардагерлер одағы қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.
«Ерлік ешқашан ұмыт қалмайды» деген қанатты сөзге негізделе отырып ұйымдастырылған шарада қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін күзеткен жауынгерлердің рухын оятуда мұндай іс-шаралар зор маңызға ие екенін айтып, ардагерлерге ізгі лебізін білдірді.
– Бүгін Тәжік-Ауған шекарасында болған локальды соғыстың аяқталғанына 27 жыл толып отыр. Сыр өңірінің өзінен 400-ге жуық сарбаздар аттанып, оның үшеуі қаза болса, төрт сарбаз жарақаттанған. Отан алдындағы борышын адал атқарып, жанқиярлық ерлік көрсеткен жауынгерлердің алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Тәжік-Ауған соғысы ардагерлерін қадірлеп-құрметтеуді біз өзіміздің борышымыз деп білеміз. Кеудесін оққа тосып, жасындай өмірін тәуекелге тіккен жауынгерлердің ерен ерлігі қанша уақыт өткеніне қарамастан ел есінде, ұрпақ жадында сақталады, – деді ол.
Сондай-ақ Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың ардагерлер одағының республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы шейіт болған 17 жауынгерді еске алып, олардың қайтпас қайсарлығымен, өшпес ерлігін баян етті.
– Осыдан 27 жыл бұрын ел үшін кеудесін оққа төсеген қазақстандық сарбаздар Тәжік-Ауған шекарасында айбынды ерліктің, қайтпас қайсарлық пен батылдықтың ерен үлгісін көрсетті. Алайда ол кезең ел тарихында қайғылы күн болып мәңгілік есте қалды. Жауынгерлер тәжік-ауған шекарасын қырағылықпен күзетті. Қаза болған жауынгерлер біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау үшін өз өмірлерін пида етті, – деді Марат Орынбайұлы.
Шара барысында Тәжік-Ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды. Ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына құран бағышталды.
Айта кетейік, 1995 жылғы 7 сәуірде Тәжік-Ауған шекарасында Тәжікстан Республикасының Пшихавр тау шатқалында 7-інші құрама бітімгершілік ротасы тараптың іргелес шекарасына содырлардың кенеттен қарулы шабуыл жасауына тап болды. Қарсыластың басымдық күшімен болған төрт сағатқа созылған тең емес ұрыс барысында жауынгерлер өздерінің әскери борыштарын абыроймен орындап, әскери антқа адал болды. Бұл шайқаста яғни 1995 жылдың 7 сәуірінде 17 жауынгер ерлікпен қаза тапты, 30-дан астамы жараланған еді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдар аралығында бұрынғы ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің 2 мыңнан аса офицері мен сарбазы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бірлескен батальонында ТМД сыртқы шекараларын қорғау үшін Тәжік-Ауған шебінде бітімгершілік міндеттерін атқарған болатын.
К.АҚТАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!