Жексенбі, 22 желтоқсан, 13:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Есіл өзені тартылып жатыр

20.07.2023

675 0

Астана түбінде экологиялық апат. Жібек жолы ауылын кесіп өтетін Есіл өзенінің бір арнасы тартылып, батпаққа айнала бастаған. Бұл туралы  КТК арнасы хабарлайды.

Елді мекен аумағындағы өзен-көлдердің бірқатары жеке кәсіпкерлердің иелігінде болғандықтан, тұрғындардың қолданысына қалғаны тек шалшық. Табиғат жанашырлары мұның соңы үлкен апатқа әкеп соғуы мүмкін деп дабыл қаққанымен, Экология министрлігінен мардымды жауап беретін тірі жан табылмаған.

Есіл өзенінің суы азайғалы Астана іргесіндегі Жібек жолы ауылы тұрғындарында маза жоқ. Осы экологиялық апат туралы дабыл қағып жүргендеріне 6 жыл. Биыл тіпті өзеннің ауыл арқылы өтетін бір арнасы кеуіп қалған. Бірақ, сол 6 жылдан бері жауапты министрліктен, не болмаса облыстық деңгейдегі шенеуніктерден өзен жағдайына алаңдайтын бірде-бір тірі жан табылмапты.

“Міне, сіз қазір көріп отырған бұл жер толығымен өзен болған. Балалар жазды күні суға шомылып, тұрғындар балық аулайтын. Қазіргі күйін көріңіз енді. Бұл мәселені бүгін көтермесек, ертең тіптен батпаққа батамыз”, – дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Мұса Мержоев.

Есілдің мұндай аянышты күйге түсуіне «Астана су қоймасының» қатысы тікелей. Қазір Елорданы сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз тіршілік көзі осы. 1968 жылы бой көтерген нысан, 500 мың халқы бар қалаға ғана шақталып салынған екен. Қазір Астананың жұрты миллионнан асып жығылады. Сол себепті қала сыртына қарай кететін су көзін үнемдеу мақсатында, бөгеп тасаған.

“Сондықтан Астанада су қоймасында шлюздерді жауып тастады. Шлюздерді жауып тастағаннан, Есіл өзеніне су келмейді. Сондықтан бұл кеуіп жатыр. Тұрып қалды. Бұл жерден әрдайым су өтуі керек. Астанада су тұр. Бірақ ертеңгі күні балота болып кетеді. Бірақ біз шлюздерді ашыңыздар деп жатқан жоқпыз. Түсінікті ғой қалаға су керек. Бірақ қазір осы жағдайды біле тұра, тазалап, дайындап қойса, ендігі жылға дейін су көп болады”, – дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Самал Ким.

Тұрғындардың сөзінше, мүның соңы экологиялық апатқа әкелетін түрі бар. Әуелгісі, Жібек жолы ауылы ұңғымалардан жабық тәсілмен сумен қамтамасыз етіліп отырғандықтан, өзеннің тартылуы сол су көзінің бітелуіне әкеп соғып, Ақмола облысына қарасты бірнеше ауыл сусыз қалуы ықтимал. Флора мен фаунаға әсерін айтпаса да түсінікті. Одан қалды, арнада бұталардың қаптауы су тасқыны кезінде кептеліске әкеп соғуы мүмкін. 2017 жылы тұрғындар соның зардабын әбден тартыпты. Еріген судан осы ауылдағы екі аудан бақандай 14 күн бойы қызыл судың үстінде отырған.

“Экология министрлігі жанайқаймызға құлақ асқан емес. 6 жыл болды осы мәселені көтеріп жүргенімізге. Осы жерге келіп, өз көздерімен көрген де емес. Ешқайсымызбен байланысқа шықпады, ешқандай да шара қолданған жоқ”, –дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Динара Барбасова.

Жергілікті әкімдікте де қолдан келер қайран жоқ. Түптен келгенде барлығы ақшаға кеп тіреледі дейді. Облыстық бюджеттен қаражат сұрап, 2022 жылы өтініш жолдағанымен, әзірге нақты жауабы айтылмаған.

“Иә, біз өтініш бердік. Қаражат бөлінсе, кеш бастайды. Қараша айында, біз өтініш бердік. 2022 жылы. Қайтадан хат жаздық. Бір ай бұрын хат жаздық, қашан жауап алатынымыззды білмейміз”, – дейді Жібек жолы ауылының әкімі Қанат Қанафин.

Астана су қоймасындағы ахуалды президент те елорданың дамуына қатысты жиында көтерген еді. Қойманың түбін тазалап, тереңдетуге Экология министрлігіне тапсырма берілді сол кезде. Тоқаевтың сынынан кейін ғана, Экология министрлігінде сең қозғалып, бес күн бұрын ғана барлау жұмыстары басталған. Ал 53 жылда бір де бір рет тазартылмаған нысанның түбіндегі күл-қоқысын шығаруға шамамен 10 жылдай уақыт кетеді деп отыр мамандар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: