Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Газдандыру тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға оң әсерін тигізетіні белгілі. Өткен жылы Қызылорда қаласына іргелес Ақжарма ауылдық округі көгілдір отынға қосылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов айтты.
– Халық игілігі жолындағы шаруаларымыздың бірі – елді мекендерді толық газ желісімен қамту. Өткен жылы қалаға іргелес жатқан Ақжарма ауылдық округі көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың көптен бергі талап-тілегі орындалды. Бүгінгі күні Сабалақ саяжайын және қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру ісі жалғасуда. Ендігі кезекте Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді-мекенін көгілдір отынмен қамту негізгі жоспарға енгізіледі. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, биыл шаһарымыздың Бас жоспары қайта бекітіледі. Жаңа Бас жоспар қала жанындағы саяжайларды қамтиды. Басты құжатқа сүйене отырып, біз Эдельвейс, Еңбек, Орбита секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз,-деді, Нұржан Сәбитұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!