Жұма, 27 желтоқсан, 05:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ғанибек ҚАЗАНТАЕВ, Қызылорда қаласының әкімі: «Баға тұрақтылығын қатаң бақылау керек»

26.06.2021

1734 0

Қаладағы азық-түлік тауарларының сапасы мен нарықтағы бағасын көтермеу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? «СОVID-19» коронавирустық инфекциясына қарсы тұрғындарды вакцинациялау барысы қалай іске асуда? Салық көлемін ұлғайту бойынша нендей шаралар қолға алынуда? Бұл туралы қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен аппараттық жиында тиісті мекеме басшылары егжей-тегжейлі баяндады. Шаһар басшысы Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілістің күн тәртібінде қаралған үш мәселе де осы жұмыстар жан-жақты кең көлемде талқыланды.

Салық түсімінің  көрсеткіші қандай?

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – қаланың салық көлемін ұлғайту жайлы. Салық түсімінің  көрсеткіштерін баян еткен қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Ниеталиев 2018-2020 жылдардағы түсім көлемінің ұлғаюы қала аумағында газдандыру, жол салу сынды жобаларды жүзеге асырып, сол жағалаудағы құрылыс жұмыстарына қарқын қосуға мүмкіндік жасағандығын атап өтті. Сонымен қатар осы жылдың 1-ші маусымына нақтыланған жоспардың орындалуы да межеден асып, 119,6 процентке орындалғанын жеткізді. Сондай-ақ қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде жеке тұлғадан салық берешегін өндіру жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқандығын атап өтті. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында жүзеге  асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар бойынша 4090 адам жұмысқа жолдама алған. Нәтижесінде жеке табыс салығы бойынша 15,5 млн теңге,  әлеуметтік салықтан 22,4 млн теңге салық есептіліктері тапсырылған. Сала басшысы салық түсімдері төңірегінде күрмеулі мәселелер де бар екендігін атап өтті.

Бұл мәселеге қатысты қала басшысы кент және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендегі жеке тұлғалардың салық берешегін 30 маусымға дейін өндіруді жүктеді.

Екпе егу қалай жүргізілуде?

«COVID-19» коронавирустық инфекциясына қарсы тұрғындарды вакцинациялау  барысы туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев баяндады.

Сала басшысының сөзінше, қала халқының 16,8 проценті екпе салдырған. Десе де бұл көрсеткіш вирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыруға жеткіліксіз.

Қала әкімі тұрғындардың  екпе егуге салғырттық танытуының басты себебі ақпараттық насихаттау жұмыстарының әлсіз жүргізілу салдарынан орын алып отыр деп атап өтті.

Айта кетейік, бүгінгі күні қалада «COVID-19» инфекциясына қарсы екпе егу науқанына 10 екпе кабинеті жұмыс жасауда. Бұдан басқа ауылдық округтерде, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен базарларда вакцинациялау жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Сондай-ақ медициналық персоналмен жасақталған және арнайы тоңазытқыш жабдығымен қамтылған 13 жылжымалы пункттің жұмысы ұйымдастырылған. Олар толықтай қажетті мұздатқыш жабдықтарымен, мұздату элементтерімен қамтамасыз етілген.

Тоқта, баға!

Мәжілісте қаралған соңғы мәселеде қаладағы азық-түлік тауар­ларының сапасы мен нарықтағы бағасын көтермеу бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстар талқыланды. Бұл мәселе бойынша қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Әбдірасулов хабарлама жасады. Бөлім басшысы бүгінгі күні қалада баға тұрақталғанын және сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті екендігін айтты.

Қазіргі таңда қала аумағында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 7680 тонна азық-түлік қоры қалыптасқан. Оның ішінде сауда үйлеріне 6500,2 тонна, тұрақтандыру қорына 1,1 мың тонна өнім қамтамасыз етілген. Олар 616,5 тонна 1 сортты ұн,21,9 тонна қарақұмық жармасы, 45,7 тонна тауық еті, 100 тонна күріш, 23,9 тонна сүт, 75,9 тонна макарон және 235,4 тонна қант өнімдері сақталып, аталған өнім түрлері 29 әлеуметтік дүкен сөрелерінде сатылымға шығарылуда, – деді бөлім басшысы өз баяндамасында.

Шаһар басшысы мониторинг нәтижесінде анықталған баға мен базар бағасында айтарлықтай алшақтық бар екендігін атап өтіп, баға тұрақтылығын қатаң бақылау керектігін жеткізді. Сонымен қатар тиісті сала басшыларына базарлар мен ірі сауда орындарындағы бағаны тұрақтандыру үшін  «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, қымбатшылықтың алдын алу керектігін ескертті. Мәжіліс соңында қала әкімі тапсырмалардың сапалы және мерзімінде орындалуы өз бақылауында болатындығын жеткізді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: