Жексенбі, 22 желтоқсан, 19:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ғанибек Қазантаев: Сырдың жағасында тұрып, аяқ судан тапшылық көрмеуіміз керек

08.05.2021

5283 0

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев Тәуелсіздік даңғылының бойында орналасқан насостық құрылғының жай-күйін көрді. Дария деңгейінің төмендеуіне байланысты бұл жерден аяқ су тарту мүмкін болмай тұр. Салдарынан қала орталығы аяқ судан тапшылық көруде. Жауаптылар жағдайды оңалту мақсатында насосты қайта орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Аталған аумаққа барған қала әкімі сала басшыларына жұмысқа қарқын қосуды тапсырды.

Ғанибек Қазантаев: Сырдың жағасында тұрып, аяқ судан тапшылық көрмеуіміз керек

Одан әрі Ғанибек Қонысбекұлы Әбілқайыр хан көшесі яғни Қорқыт ата монументінің жанында орналасқан су тарту құрылығысының да жағдайын көрді. «Бұл құрылғының да жұмысын бастауына су деңгейінің төмендеуі кедергі болып тұр. Қосалқы құбыр жалғасақ су тартуға қиындық туғызбайды», – деген қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаевқа шаһар басшысы мамыр айының 10-на дейін тиісті жұмыстарды жүргізіп, насосты іске қосуды жүктеді.

Ғанибек Қазантаев: Сырдың жағасында тұрып, аяқ судан тапшылық көрмеуіміз керек

Сыр Ана монументінің жанынан су тартып, Арай каналына жіберетін насостың да орнын алмастырып, қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Сырдағы судың төмендігі насосты бірнеше метр төмен түсіруді қажет еткен. Орын алмастыру жұмыстары 10-мамырда толығымен аяқталатын болады. «Сырдың жағасында тұрып, аяқ судан тапшылық көрмеуіміз керек», – деген шаһар басшысы насосты межелеген уақыттан кешіктірмей қосу керек екендігін баса айтты.

Ал Жібек жолы каналына су айдайтын станция 20-сәуірден бастап жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Н.Назарбаев даңғылының бойында орналасқан қаладағы негізгі арық жүйелерін аяқ сумен қамтитын станцияда 4 насостық құрылғы орнатылған. Оның екеуі үзіліссіз жұмыс істесе, қалған екеуі қосалқы құрылғылар. Қала әкімі бұл аумақтағы насостардың да жұмысымен танысты.

Жалпы қала бойынша ұзындығы 54,6 шақырым арық жүйелері мен 31,3 шақырым болатын 20 канал бар. Каналдар бойына қаланы аяқ сумен қамтуға арналған 13 насос қондырғылары орнатылса, қосымша жасыл желектерді суаруға арналған арнайы 11 дана жер асты ұңғымалары жұмыс істейді.

Аралау барысында шаһар басшысы қаланы аяқ сумен қамту күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екендігін айтып, мәселенің толыққанды шешімін тауып, түйткілдің түйінін тарқату жолдары әлі де қарастырылатындығын жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: