Түп тарихында үш дәуірдің астанасы болған, одан бері кешегі ХХ ғасырдың басында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Ақмешітте өткен алқалы жиында бас қаланың аты Қызылорда болып өзгертілгені, сонымен қатар, Алаш зиялыларының бастамасымен ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Қай заманда да қазаққа құтты ұя болған байырғы мекенде атаулы жылға байланысты іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылуда.
Сондай игі шаралардың бірі А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет Үйінде «Ғасыр сөйлейді» деген атаумен басталды. Қалалық «Жастар театрының» әртістері сахналаған қойылыммен басталған тарихи-танымдық кештің алғы сөзін сөйлеген қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев тарихи әділдік орнаған қаланың сол әділдік туын төмендетпей, Тәуелсіздіктің арқасында қарыштай дамып, күннен-күнге жаңарып, заманауи үлгіде қайта түрлене түскенін, шаһарымызды және оның терең тарихын мақтан тұту керектігін атап өтті. Шара барысы бәсі биік мерейтой аясында ел дамуы жолында елеулі еңбек еткен ардақты азаматтарға арнайы сый-құрмет көрсетілумен жалғасты.
Кеште мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев сөз алып, қала дамуындағы оң өзгерістерге жоғары баға беретінін, облыс орталығының өсіп-өркендей беруін тілейтінін жеткізді.Белгілі режиссер-сценарист, «Тұран» сыйлығының иегері, қалалық «Жастар театрының» көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов Қызылорда тек астана ғана емес, елдің рухани ордасы болып, кәсіби ұлт театрының негізі осында қаланғанын тілге тиек етсе, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас шаһар тарихынан сыр шертетін тың деректерді ортаға салып, келелі ой айтты.
Сондай-ақ, Қызылорда облыстық тарихи мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ерғазы Алданазаров көне ғимараттардың тарихына тоқталды.
Тарихи-танымдық кеш барысында Махмұтбай Әміреевтің сөзіне жазылған Тәңірберген Қалауовтың әні «Қызылорда вальсі», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», қала өнерпаздарының орындауында Рамазан Таймановтың «Қызылорда» әндері шырқалып, бір топ жастардың мәнерлеп оқуында Қызылордаға арналған поэзиялық туындылар, Руслан Бурабайдың «Қызылорда» күйі ұсынылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!