Сырдың бас қаласында «Индустрияландыру картасы» аясында жалпы құны 68,2 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асуда. Бұл жобалар толық іске асқан тұста шаһарда шамамен 868 жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде жылына 197,1 мың тонна шыны табақша өндіру зауыты, ет комбинаты, арматура зауыты мен мотор майларын шығару секілді үлкен өндіріс орындары бар. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мәлім етті.
5 АЙДА 22 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ
Жалпы Қызылорда облысында биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында бес жоба іске қосылады. Атап айтқанда, екі құс фабрикасы, балық өңдеу, ет комбинаты және есік өндірісі. Жалпы құны 9 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Фердоуси Қожабергенов мәлімдеді.
− Аймақта жаңа инвестициялық жобалар әрдайым қарастырылып келеді. Индустрияландыру бағдарламасы аясында соңғы 11 жылда 35 жоба іске асырылып, өндірістер мен өнімдердің жаңа түрлері шығарылды. Екі мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Мәселен, 2021 жылы 4 жоба жүзеге асты. Оның екеуі шыны және керамзит өндірістері – құрылыс индустрия саласына, ал қалған екі жоба ас тұзы және күріш өңдеу – азық-түлік өнімдерін шығаруға бағытталған. Аталған жобалар бойынша 5 айда 22 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Экпорт көлемі 30 процентке артты. Бағдарламаның үшінші бесжылдығында құны 654 млрд теңгені құрайтын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, − деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ брифингте биыл бірқатар жобаның құрылысы жүргізіліп жатқаны айтылды. Атап айтсақ, Арал ауданындағы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, Қызылордадағы «Айғасар» серіктестігінің «Бие сүтін өңдеу цехы», «Игіліков» жеке кәсіпкерінің балық қалдықтарынан жасалған балық ұнын өндіру жобасы.
366 ГЕКТАР ЖЕР ИНДУСТРИЯНЫ ДАМЫТУҒА
Қала әкімдігінің 2020 жылы 7 тамыздағы №15811 қаулысы негізінде шаһардағы Титов тұрғын ауданы аумағынан жалпы аумағы 366 гектар жер учаскесін «Өндіріс» индустриялық аймақ деп белгіленді. Индустриялық аймаққа қажетті деп саналған инженерлік инфрақұрылым жүйесін жеткізуге 5,7 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде 1,64 текше метр су жүйесі, 4,4 шақырым автокөлік жолы, 4,4 шақырым электр жүйесі, 1860 текше метр газ құбыры мен 4218 текше метр кәріз жүйесін құжаттандыру жұмысы жүргізіліп, қалалық коммуналдық меншікке қабылданған.
− Қазіргі кезде индустриялық аймақтағы 85,2 гектарды құрайтын 9 жер инвесторларға табысталды. Оның ішінде 1 жоба, «Orda Glass LTD» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» республикалық карта аясында жүзеге асырылуда. Ал «Poom Trade KZ» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында «КОМАЗ» шағын арматура зауытын салу», «ТриМо» серіктестігінің «Қуаттылығы жылына 500 тонна екі окись молибден ұнтағын үшокись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру», «Orda TEXC» ЖШС-ның «Түйе жүнін өңдеу және төсеніш көрпе өндіру цехы», «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС-ның «Шыны талшықты және композитті материалдарды өндіру зауыты», «Dana Quartz» ЖШС-ның «Айна шығару зауыты» жобалары индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылады, − дейді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Қонарбаев.
Бүгінде қаладағы индустриялық аймақта 2 жоба іске қосылған. Соның бірі − жеке кәсіпкер Б.Ұзақовтың «Қабырғалық және тротуарлық материалдар өндірісі» жобасы. Құны 70 млн теңгені құрайтын жоба аймақтың 5 гектар жерін алып, 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Одан бөлек «Orda Glass LTD» ЖШС-ның қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Биылғы қыркүйекте алғашқы өнімді сынақтан өткізу жоспарланған. Жалпы құны 42 млрд теңгені құраған бұл жоба 226 адамды жұмыспен қамти алады.
ТӨРТ ЖОБАҒА ҚАРАЖАТ ҚАЖЕТ
«Өндіріс» индустриялық аймағында жүзеге асыру жоспарланған төрт жоба қаржы ресурстарын іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Соның ішіндегі «Тримо» серіктестігінің «Молибден ұйымдастыру» жобасының құрылысына бастамашы тарапынан 858 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілген.
58 адамды жұмыспен қамти алатын «Молибден ұйымдастыру» жобасына индустриалдық аймақтан 4 гектар жер телімі берілген. Өндіріске орналастырылған қондырғылардың технологиялық процеске сәйкес келмеуіне байланысты жаңадан термотөзімділігі және химиялық төзімділігі жоғары басқа қондырғы сатып алу қажет. Бұл жабдықты жобалауға, дайындауға, монтаждауға және сынақтан өткізуге Ресейден мамандар шақыртылуда. Осы себептен жоба бастамашысы зауыттың іске қосылу мерзімін 2023 жылға ауыстыруда.
«Арди» жеке кәсіпкерлігінің «Пеноблок және газоблок шығару өндірісі» үшін көлемі 2 гектар жер меншік иесінің өтінішіне сәйкес жер пайдалану мерзімі ұзартылды. Қазіргі таңда жоба бастамашысы жобаны жүзеге асыру мақсатында инвестор іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар «Orda TEXC» ЖШС «Түйе жүнін өңдеу және төсеніш көрпе өндіру цехы» жобасына «Өндіріс» индустриялық аймағынан 2,2 га жер телімін берілген. Қазіргі таңда жерді рәсімдеу жұмыстары аяқталды. Алайда бұл жобаны да толық жүзеге асыруға инвестор қажет.
Айта кетерлік жайт, «Өндіріс» индустриялық аймағында жер учаскесін нысаналы мақсатқа сәйкес игермеген жобалардың жалпы аумағы 64,5 гектарды құрайтын жер телімі мемлекет теңгеріміне қайтарылған.
ҚАЛАДА ЕТ КОМБИНАТЫ, МОТОР МАЙЫ ЗАУЫТЫ МЕН ҚҰС ФАБРИКАСЫ АШЫЛАДЫ
Қызылорда қаласы әкімдігінің ресми сайтында «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамыту» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша анықтама жарияланған. Анықтамада шаһарда іске асырылатын ет комбинаты, мотор майын шығаратын зауыт пен құс фабрикасы туралы ақпарат бар.
Мәселен, бүгінде «Сыр маржаны» ЖШС «Ет комбинаты құрылысы» жобасының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда әкімшілік ғимарат пен бақылау бекетін салу жоспарлануда. Сыртқы инженерлік жүйелердің жобалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтті. «Бизнестің жол картасы − 2020» бағдарламасы аясында 2019-2020 жылдары облыстық бюджеттен су жүйесін жүргізуге 49,5 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар электр желісін тартуға өткен жылы 13,8 млн теңге бөлінді. Комбинаттың жоба-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан қайта өтіп, 24 ақпанда оң қорытындысын алды. Жоба бойынша «Сыр Маржаны» ЖШС үлесі 51 процентті құраса, «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның үлесі 49 процент. Жоба нәтижесінде 2020 жылғы 23 қыркүйекте «Сыр Маржаны» ет өңдеу кешені» ЖШС құрылды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жартылай, яғни 50 процентке аяқталған. Қондырғыларды алдыруға тапсырыс берілген. Олар қазан айында жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жоспарланып отыр. 952,7 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асқанда комбинат 23 адамды жұмыспен қамтымақ.
Ал «Кызылорда Рефайнэри» ЖШС «К4, К5 экологиялық кластағы мотор майларын өндіру» жобасы бойынша тұрақты электр қуатымен, газбен жабдықтауға, телекоммуникация желілерін тартуға және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік магистраліне түйісетін жолға техникалық шарттар алынған. Бүгінгі күні жобаның сыртқы инженерлік инфрақұрылымын жүргізу мақсатында техника-экономикалық негіздеме жоба бастамашысының өз қаражаттары есебінен әзірленуде. Бірақ құны 17,6 млрд теңгелік, 220 адамды жұмыспен қамти алатын жобаның құрылысы әлі басталмаған.
Одан бөлек «Вега Пром» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында құрғақ құрылыс қоспаларын шығару» жобасына Белкөл кентінен 2,9 гектар жер телімі берілген. Қазіргі таңда жерді тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар инженерлік-инфрақұрылым жеткізу үшін жоба сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы мәселесін шешу жұмыстары жүргізілуде. Жоба биыл 1 шілдеде «Қызылорда» Өңірлік инвестицялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 20 млн теңгеге қолдау алды.
«Айғасар» ЖШС-ның «Ерекше балаларға арналған иппотерапия» жылқылы-сауықтыру клубын ашу және бие сүтін өңдеу цехын салу» жобасына мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 10 гектар жер телімі берілді. Бүгінгі күні жерді тегістеу, қоршау және ат қораның құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Қазіргі таңда манеждің (ангар) құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Ақтөбе қаласына металл конструкция материалдарына тапсырыс берілуде. Құрылыс барысында 8 адам жұмыс істеуде. Ал жоба аяқталған соң мұнда 15 жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен қатар «Кәусар» ШҚ «Құс фабрикасының құрылысы» жобасына Қызылорда қаласынан 1,3 гектар жер телімі рәсімделген. Қаржы мәселесін шешу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 8 маусымда «Қызылорда» Өңірлік инвестицялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 20 млн теңге қаражат алған. Ал «Нұр Орда жолы» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында асфальтбетон зауытының құрылысы» жобасына оңтүстік өндірістік аймағы және Белкөл кенті аумағынан мемлекеттік қолдау ретінде 4 гектар жер телімін беру бойынша шешім қабылданды. Жобаның құрылыс жұмыстары аяқталып, маусым айынан бастап пайдалануға берілді.
P.S. Қалада индустрия саласында атқарылар жұмыс аз емес. Жоспарға енгізілген өндіріс орындары да бар. Бұл жобалар жүзеге асса жұмыс орны да көбейіп, өзімізде жасалған өнім қатары да артпақ. Бастысы, жобаны соңына дейін жеткізіп, өңір экономикасына оң үлес қосу керек.
А.БІРКЕНОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!