Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

ІТ компания мен мемлекет арасында байланыс жоқ

30.10.2020

1606 0

Технологияларды ойлап табу арқылы адамзаттың өмір сүру деңгейі біршама жеңілдеді. Өркениетті елдер уақытты бәрінен жоғары қоятын болғандықтан, өмір сүруді жеңілдетуге арналған барлық бастамаларға қолдау көрсетеді. Сондықтан болар ІТ саласы мамандарына сұраныс жоғары. Сұранысқа қарай жалақысы да қомақты. Жоғары бәскелестік орта да қалыптасып үлгерген. Ал біз әлі шетелдің дамып кеткен өнімдеріне тамсанып, «бізге өсу керек» дейтін уақыт бедерінде қалып қойған сияқтымыз. Мәселен, бүгіннің өзінде IT-мамандарға жыл сайынғы қажеттілік 30 мыңнан астам адамды құрайды екен. Ал біз бұл сұранысты қаншалық қанағаттандырып жүрміз?! Жастарды бұл салаға бейімдеуде не істеу керек? Жалпы өңірдегі ІТ мамандардың қандай тың жаңалығы бар? Осы тақырып төңірегінде өңірдің бір топ белсенді ІТ мамандарынан құралған Classic Development ұйым өкілдерімен әңгімелескен едік.

CLASSIC DEVELOPMENT

Өркениеті, ғылымы, технологиясы дамыған мемлекеттердін барлығы «Цифрлық жүйеде» жұмыс жасайды. Өркениет алға жылжыған сайын адамдардың өмірін жеңілдететін техникалық машиналар, компьютерлік қауіпсіздік жүйесі, ақпараттық технология, робототехника, және IT саласы бойынша көптеген бағдарламаларға қызығушылық артып сұраныс түсуде. Еліміз де қалыс қалып жатқан жоқ. Дамыған 30-елдің қатарында болу үшін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қарқынды жұмыстар жүргізуде. «Classic Development» отандық брендімізді қалыптастырып республикалық, халықаралық деңгейде жобалар ұсынудамыз. «Classic Development» тікелей аударғанда – классикалық бағдарламалау деген мағынаны білдіреді. Яғни аты айтып тұрғандай, біздің ұйым калассикалық компьютерлік бағдарламаның барлық түрімен жұмыс істейді. Ұйымды бұлай атауымыздың тағы бір себебі – классикалық бағдарламалау саласы бойынша білікті жас мамандардың бір мақсатпен бір ортада шоғырлануы себеп болды.

Ұйымның ең әйгілі жобасы «Кафка» деп аталады. Ол домені мен хостингі бар платформаларды қорғайтын антивирус есебінде жұмыс істейді. Яғни түрлі сайттарға жасалатын хакерлік шабуылдарға төтеп береді. Жобаның ерекшелігі – келген вирус өз «ұясына» кері қайтып, өз-өзін жойып жібереді. Көптеген елде дәл осындай хакерлік жүйеге қарсы жұмыс істейтін виртуалды антивирус жоқ. Бізге мәлім компьютер немесе ноутбукке орнатылатын Kaspersky, Dr.Web сынды антивирустар. Олар компьютердің техникалық қызметін ғана қорғайды. Ал «Кафка» сайттың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған дүние.

«Classic Development» бұл жобасын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Smart Zholy бағдарламасы аясында Astana Hub орталығында қорғаған болатын. Сингапурлық инвесторлар мен тәуелсіз сарапшылар аталған жобаны 10 мың долларға бағалады. Қазір «Кафка» – Сингапурдағы жекеменшік микроқаржы орталықтарының сайттарына орнатылған. «Кафка» «Classic Development» ұйымын жаһандық IT әлеміне алып келген тұңғыш бағдарлама. Сондай-ақ Сингапурдан бөлек жақында ресейлік «Яндекс» компаниясы мамандарымыздың жұмысына қызығушылық танытып, ITсаласы бойынша тәжірибе алмасуға шақырды.

Ержас ТҰРСЫНБАЙ,
баспасөз және жарнама бөлімі меңгерушісі

Бүгінде «Classic Development» Қазақстанда жас болса да өздерін әлемдік аренада дәлелдеп жүрген өнертапқыштармен жұмыс істеуде. Олардың бірі – жерлесіміз Евгений Демиденко. Евгений тікұшақ жасап шығаратын Boeng компаниясына әуе кемесін техникалық және дизайндық жаңартудың жобасын ұсынды. Компания тарапынан қомақты қаржыда сатып алынып Ұлыбританияның Крэнфилд аэроғарыш университетінде одан әрі іске асырылуда. Бұл аймақтың жас өнертапқыштардың алғашқы жобасы емес. Бүгінде Classic Development осындай Евгений Демиденко, Дастан Айтбай секілді талантты жастармен цифрлық жүйе бойынша жобалар әзірлеуде.

ТЫҢ ЖОБА – 4LIFE

Жуырда үлкен жобамыз толыққанды тексерістен өтіп дайын болды. Атауы «4Life» яғни өмір үшін. Бұл қазіргі заман үшін ең пайдалы жоба болатынына сенім мол. Себебі «4Life» жобасы өрттің алдын алуға немесе өрт болған жайдайда оны құзырлы органдарға дер кезінде хабарлауға көмектеседі. Жоба бойынша ғимараттағы бақылау камералары интернетке қосылып, оның дербес IP мекен-жайы базаға тіркеледі. Жобаның алгоритмінде 5000-ға жуық жанып жатқан оттың суреті мен 3000-ға жуық видео бар. Егерде мекемеден 1 кв/м өрт тұтанатын болса, жасанды интеллект базадағы оттың суреті мен қосулы тұрған камерадағы өрттің сәйкесін іздейді. Сәйкестік болған жағдайда жасанды интеллект автоматты түрде жедел-жәрдем қызметіне, өрт сөндірушілерге және тағы да басқа құзырлы органға төтенше жағдайды бірден хабарлайды. Сондай-ақ сол мекемедегі өрт қауіпсіздігіне жауапты адамның телефонына өрт жайында SMS хабарлама жібереді. Осылайша өртті дер кезінде ауыздықтауға болады. Жобаны дайындауға 7 айдай уақыт кетті. Идеяның туындауына себеп болған жағдай – Нұр-Сұлтан қаласында орын алған өрттің салдарынан 5 баланың өлімі еді. Осы оқиғадан кейін ойлана келе, осындай отандық жобаны жасадық. Әр отбасында ана мен бала саулығын қамтамасыз етуде таптырмас жоба. Бұдан бөлек, жуырда «Трансформатор» ЖШС қолдауымен «Classic Development» ұйымы мемлекеттік тапсырыс және жеке кәсіпкерлерге, халық қауіпсіздігіне арналған жобаны қолға алды. Жобаны қолдау мәселелері «Трансформатор» ЖШС-ның нормативті актісімен бекітіліп, жүзеге асыру және дамыту мақсатында қажетті инвестиция бөлінген болатын. «4Life» өрт қауіпсіздігіне арналған жобаны әзірлеу мақсатында: VGA SPLITTER 4 port, 24 port – TL-SG1024D (Business solution), TL-WR840N, COOLING STAND KUZO, HP pavilion Gaming Laptop, H.264 Digital V.R. инструменттерімен қатар: ASTERISK серверлік жүйесі, BAT file қосымшалары мен Swifftic софттарына тапсырыс берілді. «4Life»жобасын алдағы уақытта мемлекеттік немесе жеке дара мекемелерге, сақтандыру компанияларына ұсынбақпыз. Қолдау тауып қызығушылық танытып жатса, «Classic Development» ұйымы бірлесе жұмыс жасауға дайын.

Әділхан РҮСТЕМБЕКОВ, директордың коммерциялық
мәселелері жөніндегі орынбасары

КИБЕРНЕТИКАНЫ ӨЗІМІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ ДІЛГЕ СӘЙКЕСТЕНДІРЕМІЗ

Әлемде орын алған қарқынды өзгерістерге қарамастан әр қадамды нық басып, кемел болашаққа сенеміз. Талантты жастардың басын бір арнаға қосып, әртүрлі жобаларды халық және жеке кәсіп игілігіне арнағалы отырмыз. Жеке дара жоба авторлары өз қызметтерін, жиған тәжірибелерін ескере келіп, инновациялық, коммерциялық проекті әзірлеуді қолға алдық. Шетел практикасын бойымыздан өткізу арқылы IT және кибернетиканы өзіміздің ұлттық ділге сәйкестендіру кезеңі басталған-ды. «Classic Development» ҚР және Орта Азия (Сингапур), Еуропа (Мәскеу, Германия, Ұлыбритания) елдерімен тың жобалар тізбегін бастапқы кезеңнен толыққанды өнімге апаруға дайын.

«4Life» өрт қауіпсіздігіне арналған программалық қамтамасыз ету жобасын толыққанды өнімге айналдыру үшін зерттеулер мен арнайы эшелон тестілеу күндері бекітілген.ді. Жобаны өзіндік арнасына түсіруден бөлек, идентификациясын жүргізу мақсатында Евгений Демиденконың іскерлік позициясын бақылаған болатынбыз. Дүниетанымы қалыптасқан әріптесіміздің программалау әдістемесі «Classic Development» нормативіне толыққанды сәйкес келді. IT және кибернетика нарыққа өз талаптарын қоюмен қатар, талап етуші факторларын ескереді. «4Life» өрт қауіпсіздігіне арналған программалық қамтамасыз ету жобасын әзірлеген соң, тәуелсіз сарапшылар тарапынан жобаға берілер сыни бағаны күтеміз. Программаның функционалдарына «upgraiding» жасап, халықаралық стандартқа сәйкес бағдарламалау – үйреншікті құбылыс.

Қоғамда ІТ маманы тапшы деген пікірді жиі естиміз. Осы салада жүргендіктен бұл пікірмен келіспейміз. Өйткені елімізде жас өнертапқыштар жетерлік. Алайда олар жобаларын жетілдіруде елден қолдау таппай шетел асып кетеді. Егерде елімізде ақпараттық жүйеде оқитын студенттерге бұл саланы теория жүзінде емес тәжірибеде үйрететін сала екені ескерілсе, жас мамандардың қызығушылығы артар еді.

Дастан АЙТБАЙ,
«Classic Development»
ұйымының директоры

7 ЖЫЛДЫҚ ТАБЫС

«Кафка» антивирусын Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен «SmartZholy» бағдарламасы аясында ҚР мен Орта Азия елдері арасындағы ақпараттық технологияларды дамыту мақсатында сингапурлық инвесторлар 10 мың АҚШ долларына бағалаған. Ендігі кезекте «4Life» өрт қауіпсіздігіне арналған программалық қамтамасыз ету жобасының қауіпсіздігін де аталмыш «Кафка»толықтырылған нұсқасында қорғамақшы. Тәуелсіз сарапшыларға, оның ішінде: Wordfence Scan, Quttera Web Malware Scanner, Exploit Scanner, TAC (Theme Authenticy Checker) программалық қамтамасыз етумен 10 жылдан астам тәжірибесі бар компанияларға «4Life» жобасын нарықтық бағалауға ұсынғанбыз. Жаңартылған нұсқасын ресейлік «Корпорация Оценка» жобаны «оценка стоимости программ для ЭВМ» нарықтағы 6 жылдық тәжірибені, «Кафка» антивирусы аталмыш «4Life» өрт қауіпсіздігі программасын қорғауын ескере отырып, алдағы 7 жылдық табыс деп бағалады.

«4Life» программалық қамтамасыз ету жобасының жылдық бағасы «подписка на 30 портов камер видеонаблюдения» 2 206 254теңгені құрайды. Аталған сомманы 7 жылға көбейту арқылы жоғарыда көрсетілген «Корпорация Оценка» бағалауы 2 573 964 рубльді құрайды. «4Life» программалық қамтамасыз ету жобасының республика төңірегінде шектелмей, шет мемлекеттерімен нарықтық арнада іс жүргізуі, жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз ететіні сөзсіз. Жобаны әзірлеу барысында «BOSCH» (invented for life) әлемдік бренд компаниясының инновациялық IP камерасымен танысқан болатынбыз. Алайда нарықтық тұрғыдан мекемелер мен кәсіпкерлерге тиімсіз бағаны байқадық. Мысалы, «BOSCH» (invented for life) бір ғана IP камерасының нарықтағы бағасы 3 700 000 теңгеден басталады екен.

Әділхан РҮСТЕМБЕКОВ, директордың коммерциялық

мәселелер жөніндегі орынбасары

ОТАНДЫҚ ЖОБАЛАР ИНВЕСТОР ИГІЛІГІНДЕ

Қазіргі таңда жасанды интеллект, Big Data салалары әлемдік драйвер бола алады. Мәселен, кезінде Жібек жолы, қазір мұнай салалары ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Дәл мұнай саласының орнын баспаса да, адамзат өміріне қажетті бір сала болары анық. Big Data күннен-күнге дамуда. Себебі адамдардың ақпарат алмасуы бұған себеп. Жиналған ақпаратты machine learning-ке салып, мәліметті адамзат игілігіне де, адамзатқа қарсы мақсатқа да іске асыруға болады. Бүгінде бұл салада қызмет ететін жастар көп. Бірақ мемлекет бұл маман иелеріне басымдық бермеуде. Big Data кеше ғана пайда болған ұғым.Мұны қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, таксиге тапсырыс бергенде жүргізушіге ең қолайлы, тез жеткізетін жолды сызып беруі, 24\7 уақытымен жұмыс істейтін мекемелердегі камераларға түскен бейне жазбалардағы белгілі ақпаратты алуы, бәрімізге белгілі e-Gov порталының қашықтан басқарылатын электронды қызметі т.б. жатады. Яғни Big Data жасанды интеллект адамдардың өмірін жеңілдету функциясын атқарады. Еліміз қазір көбінесе отандық емес ресейлік, украиналық ІТ компаниялармен жұмыс істейді. Себебі, біздегі ІТ компаниялармен мемлекеттің арасын байланыстыратын сенімнің, қолдаудың аздығынан дер едім. Негізінде елімізде талантты жастар жетерлік. Бірақ олар жасаған еңбектерін мемлекетке ұсынай алмайды. Яғни байланыстырушы орта қалыптаспаған. Цифрлі Қазақстан дегенімізбен, әркеттік қолдау аздық етіп, жобалар ескерілмей қалуда. Содан білікті мамандардың көбісі мемлекеттің қолдауына қанағаттанбай, шетелдік инвесторларға ұсынады. Ал инвесторлар отандық жобаның атауын өзгертіп 2-3 жылдан соң өзімізге қомақты қаржыға сататыны қынжылтады. Сондықтан мемлекет отандық жобаларға дер кезінде қолдау көрсетпесе, ІТ саласының дамуы жайлы сөз қозғау ерте. Біздің нарықтағы шетелдік компаниялар бізге кедергі келтірмейді. Нарығымызда әлі игерілмеген, сұранысқа ие табысты бағыттар көп, оларда бәсекелестер аз. Сондықтан әзірге шетелдік компаниялар отандық компаниялардың бәсекеге қабілетті болуын шыңдайды және серіктестік мақсаттағы тәжірибе алмасу арқылы біліктілігін арттырады. ІТ-саласына бет бұрған мамандарға айтарым, нарықта қандай талаптар қойылуда, не нәрсеге сұраныс бар, соны жылдам меңгеріп, сұранысқа ие маман болуға болады. Елімізде ІТ-компаниялардың саны артып келеді, соған байланысты мамандарға да сұраныс арта түсуде. Ал сұраныс үдесінен шыға білу де талантты жастың өз қолында.

Ержас ТҰРСЫНБАЙ,
баспасөз және жарнама бөлімі меңгерушісі

P.S. IT саласындағы білікті жастардың зерттеп жүрген салалары: жасанды интеллект жүйесі, күрделі сандық деректерді табу, программалау тілдерін сәйкестендіру сынды күрделі ғылымның сан түрлі салаларын қамтуда. Бірақ білікті жастардың таланты бар да билікте танысы жоқтығы қол байлап тұр. Негізінде билікте де ІТ саласын жетілдіру жайы жиі қозғалады. Бірақ екі тарапты табыстыратын байланыс жоқ. Осы тұста тың жобалардың тізімін жасақтайтын ұйым қажет сияқты.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: