Сенбі, 28 желтоқсан, 00:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Келбеті келісті, қадамы жемісті

07.06.2022

1380 0

Облыс орталығы – Қызылорда қаласының дамуындағы оңтайлы өзгерістер соңғы жылдары алға басуда. Шаһарымыздың шырайы келісіп, көркіне көрік қосты. Облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналғандай. Соңғы жылдары жаңа нысандар салынып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Құрылысы қарқынды қаланың көркейіп, көшелері кеңейіп жатқанын айтпау мүмкін емес.  Заман талабына сай зәулім үйлер бой көтеріп, инфрақұрылым тартылып жатыр. Дана халқымыз «елу жылда ел жаңа» деп тегін айтпаса керек. Жылдан-жылға жаңара түскен шаһарды байқаған сәтте осы сөз ойға оралады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық дамуын ұдайы бақылауда ұстап, өзекті проблемалардың шешілу жолдарын қарастыру жөнінде сала мамандарына тапсырма берді. Облыс орталығының дамуын іске асыру үшін қалаға инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін көтеру мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне назар аудару қажет.

 Осы ретте қаламыз басқа қалаларға үлгі боларлықтай өркендеп-өсіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Қаланың көркеюі биік-биік ғимараттармен де тікелей байланысты. Халыққа қызмет ететін нысандардың игілігін көретін уақыт та жақын. Мәселен, қаламызда аумағы 7500 шаршы метрді құрайтын екі қабатты әуежай терминалы салынады. Әуежай меценат Болат Өтемұратовтың Сыр халқына тартуы болмақ.

Балалар жылында балғындарға керемет тосын сый жасалмақ. Облыс орталығында заманауи оқушылар сарайы салынады. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын бастауды осы жылдан қалдырмауды тапсырды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласынан балаларға арналған 50 ойын алаңын салу жоспарда бар.

Сәні мен салтанаты келіскен неке сарайы да биыл бой көтереді. Қаланың көрнекті ғимараты ретінде салынатын неке сарайына 1,6 млрд теңге қаржы қаралған. Алдағы уақытта жастар көркі көз тойдыратын ғажап сарайда некесін қиып, отбасылық өмірге жолдама алады.

Әрбір үйдің сапасы маңызды

«Өз үйің, кең сарайдай боз үйің» демекші, кім болса да басында баспанасы болғанды қалайды. Яғни бүгінде тұрғын үйге қол жеткізу өзекті мәселеге айналды. Осы мәселені шешу мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Мәселен, «СПМК» шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлер бой түзеп жатыр. 10 несиелік үйдің жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Құны 7 млрд теңге тұратын тұрғын үйге 5000 отбасы қоныстанады деген жоспар бар. Қазір санға емес, сапаға мән беретін уақыт. Қандай құрылыс жұмысы болсын сапаға сын айтылмауы тиіс. Сондықтан да аймақ басшысы құрылыс барысын бақылап, мердігер мекемелерге жауапкершілікті күшейту керектігін ескертті. 

– Алдағы уақытта құрылысқа үлкен көңіл бөлінеді. Республикалық, облыстық бюджеттен қаражат қарап, инвесторларды тартамыз. Жақын­да еліміздегі үлкен компаниялардың бірі – «Orda Invest» өкілдері келіп, жаңадан биік үйлер­ді тұрғызу туралы ұсыныспен шықты. Жоба мақұлданды. Жер бөлініп, қазіргі уақытта жоба­лау жұмыстары жүріп жатыр. Осының негізінде жыл аяғына дейін 14-15 қабатты тұрғын үй тұрғы­зылады. Сонымен қатар сол жағалау бойнынан 7 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Әрбір жұмыс уақытында бітуі тиіс. Бірақ сапаға мән беру қатаң сұралады. Сапалы салынған дүние сіздер үшін де үй иелері үшін де маңызды, – деді облыс әкімі.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құры­лысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев­тің сөзіне сүйенсек, биыл аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1294 пәтерлік 31 тұрғын үй құрылысы басталады. Ал жыл аяғына дейін 1244 пәтерді құрайтын 30 тұрғын үйді бітіріп, ел игілігіне беру жоспарда бар.

Жол – іргелі істердің бастамасы

Облыстың бас шаһарында қазіргі уақытта жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шаһар орталығына жолыңыз түссе, көшенің көріктене түскенін байқауға болады. Сапалы жол – тұрғындардың жайлы өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан жол салуда сапа маңызды. Облыс әкімі қаладағы орташа жол жөндеу жұмыстарымен танысып, сапаға мән беру қажеттігін қадап айтты. Қала орталығындағы Ж.Бекқожаев пен Төле би көшесілеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қос жолдың ұзындығы екі шақырымнан асады. Көшелерге «Қызылорда жолдары» ЖШС мен «Ақнұр-авто» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. 200 млн теңгеден асатын орташа жөндеу жұмыстарын тамыз айында аяқтау міндеттелген.

– Қандай да бір құрылыс болсын, бастысы – сапа. Тағы бір ескерер нәрсе, жол істемес бұрын сол көшедегі инженерлік жүйені есепке алу қажет. Біз жол салып алып, артынан астында қалған судың не газдың құбырын ауыстырамыз деп бүлдіріп жатамыз. Бұлай болмауы тиіс. Жобаларды жүзеге асыру барысында, бірінші­ден, қажеттілігіне, екіншіден құнына қарайтын боламыз. Биыл қаладағы көшелерді жөндеуге 3 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бюджет­ті нақтылау барысында осы қаржыны екі есе арттыру жоспарда бар, – дейді облыс әкімі.              

Көзбен көргеніміздей, қаламызда жол инфра­құрылымын дамыту бойынша қарқынды тірлік атқарылуда. Жонылған тақтайдай тегіс көшелер қала көркіне көрік қосары сөзсіз. Соның бірі – Тәуелсіздік даңғылының жал­ғасы саналатын, шағын аудандардың арасын қосатын жаңа магистральды жол. Халықаралық балаларды қорғау күнінде жаңа жол  халық игілігіне берілді.

Міне, Қызылорда қаласында іргелі де ауқымды істер атқарылуда. Осындай экономикалық даму­дың арқасында экономикамыз өрістеді.  Облыс орталығы өркен жайып, халықтың әлеуметтік ахуалы артты. Айшықты істер мен байыпты бастамалардың нәтижесінде шаһарымыз шырай­ланып, өсіп, өркендеп дами түсері сөзсіз.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: