Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 07:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кірпіш қалауға да сауат керек

09.08.2022

1631 0

Өткен жұма күні «СПМК-70» шағын ауданындағы жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешеніне бардық. Мұнда ипотекалық тұрғын үйлер бой көтеруде. Ашығын айтқанда, 50 пәтерлік 10 үй салынуда. Ал құрылыс саласына «Авангард ПГС» ЖШС, «АбуСер» ЖШС, «Промстройсервис» ЖШС, «SCS ИНЖИНИРНГ» ЖШС сынды мердігер мекемелер жауапты. Тұрғын үйдің салыну сапасын бақылайтын техникалық қадағалаушы «Асем құрылыс»ЖШС болып танылған. Біз осылардың арасынан «Промстройсервис» ЖШС салып жатқан үйдің біріне аялдадық.

Бір мезет қолымыздағы қалам, қа­ғазымызды қалаққа ауыстырдық. Басы­мызға каска киіп, ісімізді бастадық. Кәнігі құрылысшылардай іске екпінмен кіріскеніммен оған әжептәуір ебің болу керегін аңғардық. Кірпішті көзбен өлшеп салған суреттей мінсіз қалыпта қалап шығу нағыз маманның ғана қолынан келетін еңбек.

Дегенмен біз де қолымыздан кел­генше шамамызға қарай шашауын шы­ғармай іс бітіруге тырыстық. Өрілетін кесектің арасындағы балшықтың қатты сұйық немесе қатты қою болмауы оның байланысын нықтап ұстап тұруына әсері зор. Ауылда кесек құйып, сарай өріп өскен біз үшін аса таңсық болмағанымен мұндағы істің барысы мүлдем бөлек. Салынған үйдің сәулетті болуы аса маңызды. Сондай-ақ сапалы орындалуы да басты талап екенін ұмытпаған абзал. Мұндай сәулетті үйлер соңғы кездері Сыр өңірінде көптеп салынуда. Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс сөзімізге дәлел.

– Қазіргі таңда қала көлемінде құ­рылыс жұмыстары жүйелі жүргізілуде. «Коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйін жобалау, салу және сатып алу» бюджеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы «СПМК-70» мөлтек ауданының №2 тұрғын кварталында биыл елу пәтерлі он тұрғын үйді салып бітіру жоспарлануда. Сондай-ақ «Бәйтерек» мөлтек ауданында да үйлер салынуда. Бұл ба­ғыттағы жұмыс­тар алдағы уақытта да жал­ғасын таба бермек, – дейді қа­лалық құрылыс бө­лімінің басшысы Айдын Серікұлы.

Расымен аймағымызда сәулетті үй­лер қатары жыл санап артып келеді.  Олардың басым бөлігі ипотека арқылы берілетін тұрғын үйлер.

– Талай жылдан бері басында бас­­панасы жоқ үй кезегінде тұрған аза­маттар аймақта жиі кездеседі. Бәрі мемлекет қолдауын сезінгісі келеді. Алайда үй берудің де өзіндік талап, тәртібі бар. Бұдан баспана мәселесінің күні бүгінге дейін өзекті екенін аңғаруға болады. Ал біз құрылысын жүргізіп жатқан үйлер осы бағытта, яғни баспана мәселесін шешу мақсатында жүзеге асып отыр, – дейді учаске бастығы Дархан Жұмағазы.

Сырдың аптап ыстығында шаң астында құрылыс жасау оңай шаруа емес. Біз де осы істің ішкі сырын сезініп, балшық жағып, кірпіш өргенімізде мойнымызда үлкен жауапкершілік жүгі барын жүрекпен сезіндік. Өйткені сәл қисынсыз қойған кірпіштің кесірінен бүкіл үй қисық болуы немесе құлауы бек мүмкін.

Біздің сыртымыздан жұмысымызды бақылап тұрған Айбек Ғаниұлы есімді шебер жұмыс барысын бізге былайша түсіндірді.

– Кірпіш өруде есептей білу қажет. Әр кірпіштің орнықты ор­наласуын қадағалаған абзал. Арасына салынатын балшық аз немесе көп болып кетпеу керек. Диаметрі дәл шыққан үйдің қабырғасы мығым бола­ды. Сонда оның қағылатын шаты­ры да, шегесі де осал болмайды. Біз де салынып жатқан үйлердің мате­риалдарын әр жақтан алдырады. Қызыл кірпішті Көкшетау қаласы мен Хром­таудан сатып алады. Ал цемент, саз, пластик есік, терезелер өзіміздің ай­мақта жасалады. Ең бастысы, салын­­ған үйдің сапасы сұранысқа сай болу керек. Біздің басты ұстанымымыз  – осы, – дейді Айбек Ғаниұлы.

Р.S. Сонымен «СПМК-70» мөлтек ауданындағы сапарымызды аяқтап жұмысқа қарай бет алдық. Осылайша бір күндік жұмыс бізге мың күндік тәжірибе берді. Үй салудың салмағын сезінген бізде құрылысшыларға деген ішкі құрметіміз арта түсті. Өйткені өңірімізде салынған әрбір нысанда бұл кісілердің қайталанбас қолтаңбасы жатыр. Ол болашаққа жасалған жарқын жол іспетті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: