Сенбі, 23 қараша, 13:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«Көгілдір отын» неге қымбат?

12.10.2021

1681 0

Күздің қара суығы адамның өңменінен өтіп-ақ тұр. Тысқа шыққанда жылы киініп шықпасаң даланың қара желі дірілдетіп әкетеді. Ал үй ішіндегі жылудың жайы басқа әңгіме. Қазір Қызылорда жұрты «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр. Бірақ бүгінде осы «көгілдір отынның» қызығынан шыжығы басым болып барады.

Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі «ҚазТрансГаз Аймақ» Қызылорда филиалы тарифтік жоба шығындарының ережесін бұзғаны және бекітілген тарифті қолданбағаны үшін тұтынушыларға 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндетті екенін жариялаған еді.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2020 жылға арналған тарифтік жобаның орындалуын талдау аясында «ҚазТрансГаз Аймақ» Қызылорда өндірістік филиалының тарифтік жоба шығындарының ережесін орындамау және бекітілген тарифті қолданбау фактілерін анықтады. Нәтижесінде «ҚазТрансГаз Аймақ» тұтынушыларға 1548508389 теңге сомасындағы залалды мың текше метр үшін 3320,45 теңге мөлшерінде тауарлық газды газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау қызметтеріне 1 жылға уақытша өтемдік тариф енгізу жолымен қайтарады. Сондай-ақ ол қосылған құнға салынатын салықсыз жүргізілетін болады», – деп хабарлады министрлік.

Енді алдағы уақытта «ҚазТрансГаз Аймақ» Қызылорда өндірістік филиалына тұрғындарға келтірілген залалды өтеу міндеттеліп отыр. Неліктен олай болғанын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен бұл мәселеге қатысты «ҚазТрансГаз» аймақ өкілдерінің де айтар өз уәждері бар.

– Қазіргі таңда қызылордалықтарға газды «Бейнеу-Базой-Шымкент» газ құбырынан тасымалдап отырмыз. Жасыратыны жоқ, бүгінде «көгілдір отынның» тарифіне байланысты ел арасында түрлі әңгіме айтылуда. Еліміздің Оңтүстік өңірлері мен Батыс өңірлеріндегі бағамен салыстырсақ Қызылорда облысы орта деңгейде. Мәселен, Батыс аймақта тариф төмен, ал тиісінше Оңтүстікте бізден жоғары. Сондықтан мен біздегі бағаны аса қымбатқа шығып отыр дей алмаймын, – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалының бөлім басшысы Жолдасбек Әбенов өз сөзінде.

– «Арық атқа қамшы ауыр» демекші, облыста 2013 жылдан бері ілеспе газдың тарифі үш есеге өсіп, бүкіл коммуналдық қызмет түрлерінің бағасы күрт көтеріліп кетті. Мұның бәрі өз кезегінде тұрғындардың тұрмыстық жағдайының бұрынғыдан да төмендей түсуінің басты себептерінің бірі болып отыр. Дәл қазіргі таңда мұнайы мен газы бізбен шамалас, ал табысы 1,5-2 есе жоғары көршілес Атырау облысында газдың текше метрі халыққа – 7,73, бюджеттік мекемелерге 21,8 теңгеден, Ақтөбе облысында тиісінше 9,65 және бюджеттіктерге 15,2 теңгеден таратылып тұрса, Қызылорда облысының тұрғындары оны 20,9 теңгеден, бюджеттік мекемелер 46 теңгеден сатып алуда. Ал облыс аумағын газбен қамтамасыз ететін «Ақшабұлақ» кен орнынан бұрыннан бері бағасы өзгеріссіз босатылуда. Арнайы жасалған келісім бойынша бұл баға 2030 жылға дейін өзгермеуі тиіс еді. Бұған қоса, 2006 жылы сол кездегі облыс әкімі «ҚазГерМұнай» компаниясымен тұрғындарға берілетін газдың бағасын 10 жылға дейін 7 теңгеден асырмау жөнінде меморандум қабылдаған болатын. Алайда осындай келісімдер болғанына қарамастан, облыста қазіргі таңда газдың бағасы ретсіз көтеріліп, жыл сайын орта есеппен 4-5 млрд теңгені ешбір негізсіз артық төлеулеріне жол берілуде. Осыған тоқтам қоятын кез келді, – дейді «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ибадулла Әбибуллаев бізбен әңгімесінде.

Бағаның қымбат болуына қарамастан, қара халық қалтасындағы қаржысын қағып төлеуде. Қалай айтқанда да газ бағасы жыл сайын қымбаттап барады. Тиісті сала мамандары бұл мәселені сараптап, халықтың қалтасына қонымды бағаны ретке келтіретін кез келді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: