Бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу тәртібі туралы қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабайұлының қатысумен брифинг өтті.
Бүгінде қала аумағында 815 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 684 көпқабатты тұрғын үйлерге 17 басқару органы (ПИК/КСК) күтіп-ұстау қызметін көрсетіп келеді.
Дегенмен, 2020 жылғы 7 қаңтарда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы күшіне енді.
Заңда енгізілген түзетулер бойынша көп пәтерлі тұрғын үй иелері үйді басқарудың жаңа нысандарының бірін таңдауға міндеттелді. Яғни, тұрғындар «Мүліктің меншік иелері бірлестігі» және «Жай серіктестіктерінің» бірін құруы қажет.
«Мүліктің меншік иелері бірлестігінің» және «Жәй серіктестіктердің» қазіргі Пәтер иелері кооперативтерінен (КСК) басты айырмашылығы әрбір үйдің дара басқару мекемесі, әрбір үйдің жеке есепшоты болуында және оны сол үйдің тұрғындары ғана басқаруында.
Мүліктің меншік иелері бірлестігі – Әділет органдарына тіркелу арқылы құрылса, ал жай серіктестіктер – үй иелерінің сенімхаты негізінде құрылады.
Айта кету керек, қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлер иесіз қалмауы мақсатында қала әкімдігінің тиісті бөлім мамандарымен жиналыс кестесі бекітіліп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда: Сырдария м/а, Универсам ы/а, Шұғыла м/а, Тасбөгет кентінде орналасқан көппәтерлі үйлердің тұрғындарына жиналыс өткізілді.
Нәтижесінде қазіргі кезде қала көлемінде 3 жәй серіктестік құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасын табады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!