Бейсенбі, 21 қараша, 22:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Көркіңе көз тоймас, сәулетіңе сөз жетпес – Қызылорда!

13.12.2022

1652 0

Ақын Әбділдә Тәжібаев:

– Жазса Тарас Днепрді,

Жазса Пушкин Еділді.

Неге маған жырламасқа,

Сырда туған елімді, – деп туған жерін, кіндік қаны тамған өлкесін жырлаған екен. Бұл өлеңге Сырдың тағы бір ұлы жаңақорғандық дарынды сазгер, талай жанды сырлы үнімен таңғалдырған талантты әнші Бексұлтан Байкенжеев ән жазып, қанша рет әуелете орындады. Бұл – туған жерден нәр алған қос дарынның өрнегі, туған елге тартуы. Бірі өлеңмен өрнектеді, екіншісі әнмен әрледі.

Көркіңе көз тоймас, сәулетіңе сөз жетпес – Қызылорда!
DCIM\100MEDIA\DJI_0251.JPG

Жері де кең, топырағы да шұрайлы

Қызылорданың соңғы 7-8 жыл көлемінде ерекше қарқын­мен дамып келе жатқаны баршаға белгілі.  Соңғы деректер бойынша  аймақта 800 мыңға жуық адам тұрады. Сылаң қаққан Сыр мен қарт Қаратауды,  Қызылқұм мен Бетпақ даланы қабат қоныстанған облыс аумағы да кең. Оның жалпы көлемі – 226 мың шаршы шақырым. Бұл – бүкіл қазақ жерінің 8,3 пайызы. Қызылорда облысы шығыс және оңтүстік-шығысында Түркістан облысымен, солтүстігінде Ұлытау облысымен, солтүстік-баты­сында Ақтөбе облысымен және оңтүстік-батысында Қарақалпақстан Республикасымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Науаи облысымен шектеседі. Жер көлемі жөнінен республика бойынша 4-ші орында. Еуропаның Австрия, Венгрия, Бельгия, Чехия,  Швейцария сынды мемлекеттері облыс төңі­регіне түгелдей сыйып кетеді. Тіпті әлемдегі дамыған жеті мемлекеттің қатарына енетін, шығарған автокөліктері арқылы бүкіл дүниежүзіне белгілі алпауыт саналатын Германия жері Қызылорданың аумағындай ғана екен.

Тарихқа ден қойсақ…

Көркіңе көз тоймас, сәулетіңе сөз жетпес – Қызылорда!
DCIM\100MEDIA\DJI_0231.JPG

Біз облыс аумағының кеңдігін ғана сөз еттік. Оның көркемдігін тілмен жеткізу тіпті мүмкін емес. Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралық небір кереметке толы. Тарихи орындар да жетіп артылады. Облыс аумағындағы Жанкент қаласы Оғыздардың астанасы болса, Сығанақ Ақ Орданың, Қазақ хандығының астанасы бол­ған. Қызылорданың да астана болғаны тарихтан белгілі. Бұл қала Ақмешіт, Перовск, Қызылорда секілді әр кезеңдерде әртүрлі атауға ие болған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский қоқандықтармен соғысып, жеңіске жетеді. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. 1922-1925 жыл­дары қала қайтадан Ақмешіт атанды.

Көркіңе көз тоймас, сәулетіңе сөз жетпес – Қызылорда!
DCIM\100MEDIA\DJI_0193.JPG

Сырдария өзенінің бойында орналасқан әсем қала жыл өткен сайын дами түсті. Ол 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болды. Астана болған сәттен бұл қала Қызылорда деп аталды. Әлі күнге дейін осылай аталып келеді. Ақмешітті астана ету оңай болған жоқ. Бұған Сұлтанбек Қожанов сияқты арыстар күш салды. «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевтың «Аbai.kz» ақпарат агенттігіне шыққан «Қожановтың Қызылордасы» атты мақаласында бұл жайлы жан-жақты тарқатылады. Мұрат Ақынұлы бі­рінші Сырдария губерниялық партия кон­фе­ренциясында делегаттар тарапынан Қазақстанның астанасы ұлттың ежелгі қонысы – Ташкент қаласы болсын деген ұсыныс айтылға­нын да алға тартады. Осыған қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Қазобкомның, ал 1925 жыл­ғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалған Сұлтанбек Қожанов  астананы Ақмешітке көшіру керек деген ниетін байқатады. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуір­де арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды.

Орынбордан Ақмешітке орталық қаланы ауыстырғанда саяси элита да Сыр бойына келген болатын. Архив құжаттарын негізге ала отырып, тарихи деректерді сөйлетер болсақ, 1925 жылдың сәуір айында Қазақ АКСР кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде, яғни 1925 жылғы 15-19 сәуір күндері бес күнге созылған съезд өтті. Бұл съезде ұлты­мыз бен қаламызға қатысты екі тарихи шешім қабылданған. Олар ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту болды. Бұл жайында облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжазира Жалғасова «Алаштың алты қанат ақ ордасы» атты мақаласында: «15-ші сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің  V съезі салтанатпен ашылды» деп жазады.

Жалпы ұлт атауына қатысты тарихи қате­лікті жөндеу жайлы мәселені ел ертеңін ой­лаған қайраткерлер бұған дейін де көтерген. Дәлелді алыстан іздемей-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектеріне үңілейік. Ол кісі Сәкен Сейфуллиннің тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім болып келген бірнеше мақаласын тапқан. Соның бірі – 1923 жылы жазылған  «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы. 

Ұлт атауына келгенде бәрі түсінікті, ел қамын жеген азаматтар әбден ойланып, толғанып барып қабылданған шешім. Ал Қызылорда атауы ше? Бұл жайында тарихшы ғалым Хазретәлі Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінде архив құжаттарына негізделген мәлімет келтіреді. Ғылыми еңбекке Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан «неге?» деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ рес­публикасы деп атау керек десе, екіншісі – Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген. Бұдан Қызылорда атауын съезде көп­шілікке ұсынған Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан Қоңырқожа Қожықов екенін көруге болады.

Қызылорданың түпкі мағынасы – Алтын Орда

Тәуелсіздік алғалы бері Қызылорда атауы­на байланысты түрлі пікір айтылуда. Жалпы Қызылорда сөзін кеңестік заманмен байла­ныстыратындар аз емес.  Сол себепті «Ақмешіт» немесе «Қамысқала» деген тарихи атауын қайтарайық деген де бастама көтерілді. Тіпті облыс атауын Сырдария деп өзгертейік деген ұсыныс та болған. Ақмешітті Қызылорда деп атаған арыстарымыздың бізден әлдеқайда білімді, қай жағынан келсе де он орап алатын қабілеті болғанын ескеруіміз қажет. Осы ретте филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры, елге белгілі тілтанушы маман Аман Абасиловтың  облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда атауына терең бойласақ» деген мақаласынан үзінді келтіре кетейік. Ғалым: «Ол заманның зиялылары алыстан ойлайтын ұлылар, абыздар ғой. Алаш арыстарының азат ойлай алатыны, сөз мағынасы тек лингвистикалық білім ғана емес, дүниелік білім беретіндігіне де жіті көңіл аударғаны таңғалдырады. Белгілі әдебиетші-ғалым Ғабит Тұяқбаевтың Әзербайжан еліне барған іссапарында өзін қарсы алған әзер­байжан әріптестерінің «Қызылорда» атауын «Алтынорда» мағынасында қолданғанына риза болдым деп айтқаны бар еді. Міне, бұл атаудың түркілік дүниетанымды білдіретіндігінен де хабар береді. Сондықтан «Қызылорда» атауына сол ұлыларымыз сияқты байыппен қарағанымыз дұрыс» деген пайым жасайды.

Қалай десек те Қызылорда атты қаланың жаңа атауы 1925 жылы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қызылорда уездік қалалық Советі атқару комитеті осы тұрғыда жаңа қаулы шығарып та үлгерді. Бұл қаулыға сәйкес барлық мемлекеттік коорперативтік және тағы басқа ұйымдар, өндіріс орындарын, мекемелер, басқа ұйымдар, бір ай мерзім ішінде барлық штамптар мен мөрлерін ауыстыруға міндеттелді.

Қызылорда-Мәскеу: Алғашқы ұшақ

Сырдан ұшқан

Көркіңе көз тоймас, сәулетіңе сөз жетпес – Қызылорда!

Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Орта және арнаулы оқу орындары бой көтерді. Тағы бір айта кетерлігі, ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттар өз жұмысын осы қалада бастаған.

Сол тұста әуе қатынасы мен байланыс жүйесі іске қосылды. 1926 жылы  маусым айында аспанға тұңғыш рет Қызылордадан ПО-ұшағы көтеріліп, Мәскеуге бет алды. Бұл ұшақ Қазақ Республикасының астанасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолын ашқан алғашқы рейс болатын. 1925-1926 жылдары білім беру институты, кеңес-партия мектебі, медицина, қаржы, көлік-механикалық, геобота­никалық сала мамандарын дайындайтын тех­никумдар ашылды. Тұңғыш театрмен қатар «Еңбекші қазақ», «Советская степь» рес­публикалық басылымдары шыға бастады. Сол кезде Қызылордадан бүкіл республикалық ба­сы­лымдардың шыққанын атап өткеніміз жөн. Олардың қатарында жоғарыда атап өткен екі басылымнан бөлек, бүгінгі «Қазақстан әйелдері» (ол тұста «Әйел теңдігі» деген атпен шыққан) журналы, «Жас алаш» (кеңестік дәуірде «Лениншіл жас» деп аталған) газеті сынды бірнеше баспа БАҚ болды.Тіпті «Қазақ радиосы» да Қызылордадан хабар таратып тұрды.

Кеңес заманында қалада қатырма қағаз, аяқкиім, механикалық және күріш зауыт­тарымен қатар бірнеше фабрика іске қосылды. Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс инсти­туттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орны жұмыс істеді. Облыс көлемінде көптеген мектеп салынды.

Сәулеті сымбатты Қызылорда

Еліміз тәуелсіздік алған соң да Қызылорда өз дамуын тоқтатқан емес. Бүгінде халықтың әл-ауқаты артып, қаланың аумағы кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақ­тау нысандары салынды. Ай­мақта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және Болашақ университеттері мен бірнеше колледж жұмыс істейді. Олардан білім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет атқарып жүр. 

Тәуелсіздік жылдары аймағымызда қа­зіргі заманға лайықталған соңғы үлгі­дегі технологиялармен  жабдықталған ме­ди­циналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары салынды. Бүгінде облыс даму қарқыны бойынша еліміздегі көш­басшы аймақтар қатарына қосылды. Әртараптандыру шаралары белсенді түрде жүр­гізіліп келеді. Нәтижесінде аймақ эко­номикасының жаңа құрылымы қалыптасты. Облыс аграрлық аймақтан индустриалды-аграрлық өңірге айналды. Соңғы жылдары 30-дан астам жаңа мұнай кеніші ашылды. Уран өнеркәсібін дамыту жолға қойылды. Әлемдегі ең ірі ванадий кенішінің бірі – «Баласауысқандық», алтын, басқа да баға­лы кен орындарын игеру қолға алынған. Әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орны – «Шалқияның»  жұмысы қайта жанданды. Шикізаттық емес секторды дамытуға да ден қойылған. Бірер жыл бұрын цемент зауыты ашылып, ел игілігін көруде. Бірнеше жыл жыр болған шыны зауыты да іске қосылып, жұмысын бастады. Қазір Қызылордадан шыны шығады деп ұялмай айтуға болады.

Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Қызылорда қаласының бірнеше аумағынан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанның өзінде Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қалашықтың бой көтеріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Осы тұста Сырдария өзенінің сол жағалауында ат­қарылып жатқан жұмыстарға да тоқ­талған­ды жөн көрдік. Қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақ жұрт­шылықтың да ерекше қызығушылығын тудыруда. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Екі аралықты байланыстырып тұрған көпірдің өзі мұндағы толассыз тірлікке дем бергендей әсер қалдырады. Өйткені осы көпір салынғаннан кейін дарияның арғы беті мен бергі бетіне еркін қатынауға мүмкіндік туды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға ар­налған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі  парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр. Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауында алыс­тан-ақ көз жауын алатын «Болашақ» уни­верситетінің ғимараты мен заманауи үлгі­дегі ІТ-паркі бар жастар ресурстық орта­лығы орналасқан. Одан бөлек 700 оқушыға ар­налған жеке мектеп және 320 орындық балабақша да осында ірге тепті. Ал сонау 1925 жылы Қырғыз АССР-нен Қазақ АССР-і деп өзгерту туралы шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ғимараты бүгінде қайта жаңғыртылып (сызба негізінде қайта салынған), онда қалалық музей жұмыс істеуде. Сол жағалаудан ауданы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып, соның 1 миллионы 2025 жылға дейін жобаның бірінші кезеңі аясында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде алдағы 50 мың тұрғын қоныс тойын тойласа, жоба соңында жалпы саны 150 мың тұрғын баспаналы болады деп күтілуде. Жоба бойынша қаланың жаңа аумағында 16 мектеп пен 12 балабақша салынбақ. Бұдан бөлек 4 денсаулық сақтау мекемесі, яғни 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы және облыстық қан орталығы халыққа қызмет ететін болады.

Дария жағасында орналасқан қалада бұдан да бөлек қаншама құрылыс бар. Соның бір дәлелі ретінде «Анаға тағзым», «Неке сарайы», «Өнер орталығы», «Қан орталығы» сынды іргетасы қаланған алып құрылыс нысандарын атап өтуге болады. Жылу электр станциясының да іргетасы қаланғанын көпшілік жақсы біледі. Бұған ондаған балалар спорттық ойын алаңын қосыңыз. Алдағы уақытта жаңа облыстық аурухана мен әуежай салынады деп күтілуде. Осыған қарап-ақ облыс орталығының алып құрылыс алаңына айналғанын аңғаруға болады.

Мақаланы ақын Махмұтбай Әміреұлының:

– Дүбірлі дүлдүлдердің ізі қалған,

Жүлделі жүйріктердің жүзі жанған.

Ежелгі Сырдың елі, жырдың елі,

Киелі, қасиетті – Қызылордам, – деген өлең жолдарымен аяқтағанды жөн санадық.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: