«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөздің түпкі мәні тереңде жатқаны даусыз. Қалада көктемгі дала жұмыстарымен қатар көшет егу ісіне айырықша назар аударады.
Халқының бірлігімен, тату тірлігімен, қастерлі қазына өнерімен Алашқа үлгі Сыр елінің бас қаласы – Қызылорда күн өткен сайын құлпырып, бүгінде өзінің көркем келбетімен, тазалығымен көз сүйсінтіп келе жатқаны белгілі.
Бұл тұрғыда ұдайы ұйымдастырылатын көгалдандыру және тазалық шаралары шаһардың әсемденуіне зор септігін тигізеді. Биыл да көктем шығысымен тазалық акциялары басталып, оған он мыңға жуық қала тұрғыны мен мекеме қызметкерлері қатысты. Өткен аптадағы тазалық шарасы «Тағзым» алаңының ауласында жалғасты.
Қызылорданы жасыл желекке айналдыруды мақсат еткен акцияға қала әкімі Асылбек Шәменов те қатысты. Бұл жолы шаһар басшысы сенбідегі сенбілікті бақылауға емес, білек сыбана көшет отырғызуға кірісті. Алаңда бастау алған экологиялық жоба аясында аумақтарға 3000 түп қара тал, сыр талы, терек, туя, ясин секілді өңір климатына төзімді тал көшеттері отырғызылды.
Аяқсу мәселесі шешілді ме?
Негізі әр апта сайын қалада ағаштың түр-түрі отырғызылуда. Бірақ олардың барлығының жақсы алып кетуіне аяқсу мәселесі толық шешілген бе? Бұл сұраққа қала әкімінің өзі де жауап берді.
– Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен егілген талдарды күтіп-баптауға Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне маусымдық жұмысшылар алынды. Қазіргі таңда отырғызылған жасыл желекке техникалық су ұңғымалары арқылы аяқсу жіберіле бастады. Өткен жылы қалада және оған қарасты кенттер мен ауылдық округтерде барлығы 33 жерасты су ұңғымасы қазылып, іске қосылған еді. Осы игілікті іс биыл да жалғасын тауып, облыстық бюджеттен бөлінген 337 млн теңгеге 14 ұңғыма бұрғылануда, – деді қала басшысы.
Таза қала үшін…
Бұдан бөлек, қаламыздың аумағында «Таза қала үшін» деген ұстанымдағы қызылордалықтардың қатысуымен сенбілік өтті. Тазалық шарасы барысында саябақтар мен аулалардағы, көше бойындағы арықтар тазартылды, тал егу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Айта кету керек, биыл тазалық акциясы басталғалы қалада тоғыз мыңға жуық тал отырғызылды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!