Бүгін ШЖҚ «Қызылорда тазалығы» КМК директоры Мақсат Жүсіп бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баспасөз конференциясын өткізді.
Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңарған техникамен қала көшелерінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бағытындағы жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Көшелердің санитарлық тазалық жұмыстарына 74 арнайы техика, 41 қоқыс тасымалдаушы көлік жұмылдырылған. Бұдан бөлек, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында 9 арнайы техника жұмыс істеуде.
– Қар жауғанда және көктайғақ кезінде қала көшелеріндегі көлік қозғалысының, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдарды тазалау жұмыстары уақытылы жүргізілуде. Жалпы, қыс мезгілінде 300 тоннадай қар шығарылып, 5000 тонна инертті материалдар себілді. Қардан тазарту жұмыстарына 270 жұмыс күші жұмылдырылды, – деді мекеме директоры.
Өткен жылдан бастап Қызылорда қаласында көпқабатты 18 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кешенді бағдарлама арқылы тұрғын үйдің инженерлік жүйелері, яғни ауыз су, кәріз, жылу, электр желілері жаңалануда. Көпқабатты үйдің сыртқы қасбеті әрленіп, шатыр мен подъезд іші жаңғыртылуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың келісімімен жүзеге асырылуда. Биылғы жылы 20 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарлануда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!