Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 03:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мәселенің мәнісі де, шешімі де айтылған кездесу

24.05.2022

1062 0

Бүгінгі күні қазақстандықтардың сеніммен және үлкен үмітпен күтіп жүрген бастамасы – «Жаңа Қазақстан». Еліміздің саяси бағдарын өзгертіп, халық игілігі үшін қызмет ететін билік құру мақсатындағы қызметтер басталып та кетті. Соның бір дәлелі – қала әкімі қызметіне жаңадан тағайындалған Асылбек Шәменов қызметін алдымен тұрғындармен кездесуден бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басындағы өңір басшыларымен өткен кеңесте «Әкімдер азаматтармен жұмыс істеу тəртібін қайта қарауы керек, сондай-ақ аудан жəне ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп, оларды мазалаған мəселелерді шешуі, қоғам сенімін арттыруы қажет», − деп тапсырған болатын.

Міне, қазіргі кезде Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес шаһар басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Аптаның үшінші күні шаһар басшысы Асылбек Өмірбекұлы Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиында ең алдымен атқарылған істер мен тың жобалар туралы арнайы бейнематериал көрсетілді. Содан соң тұрғындарға сөз беріліп, ауыл халқы өз ұсыныстарын, қордаланған мәселелерін айтты.

Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Досмахан Қарауылтөбедегі ауданы 30 шаршы метр ғана болатын медпункт мәселесін көтерді. «Халық саны өсуде. Ауылдағы медпункт бізге аздық етеді. Негізі амбулатория керек және оның ішінде тұрақты жұмыс істейтін терапевт дәрігер керек», − деді. Одан бөлек ақсақал жол мен жарық, қоғамдық көлікті назарда ұстауды ұсынды. Ауыл мен шаһардың екі ортасына қатынайтын №27 бағыттағы автобус айналмалы жолда жүруге мәжбүр. Ауылдан Қызылжармаға баратын 1,8 шақырым жол асфальтталып, қалған 1,1 шақырым жолда асфальт жоқ. Осы жол жөнделсе ауылдан шыққан маршрут екі бағытқа кетіп, шеткі аумақтағы тұрғындарға да тиімді болмақ.

− Медпунктке байланысты сұрағыңызға тоқталсақ, бұл мәсе­лемен облыстық құрылыс басқармасы айналысады. Қазіргі таңда амбулаторияның жобасын дайындадық. Жоба-сметалық құжаттары бойынша 450 млн қаражатқа амбулатория салынуы керек. Біз барған ауылдарда тұрғындар осы медициналық нысанның мәселесін көтеруде. Айта кетерлігі, негізі елді мекендерге амбулатория салуды денсаулық сақтау басқармасы өз жоспарына сәйкес жүзеге асырады. Енді біздің міндет – құрылыс басқармасымен жұмыс істеп, мемлекеттен қаржыландырылатын бағдарламалардың тиімдісін тауып, амбулатория салуға ықпал ету, − деді қала басшысы.

Ал ауылдағы дәрігер мәселесіне байланысты қала әкімі маман тарту мақсатында жұмыс істейтінін айтты. Жарық пен жолға байланысты қалалық құры­лыс бөлімінің басшысы Біржан Далабаев қазіргі кезде жоба дайындалғанын, қаржыландыру үшін министр­лікке ұсыныс берілгенін айтты. Мамырдағы облыстық сессияда жол мен жарыққа қаражат бөлініп, конкурс жарияланған. Енді алдағы уақытта мердігер анықталып, жұмыс басталмақ. Маршрутқа арналған 1 шақырымдық жол Қызылорда қаласының аумағына жатады. Қала әкімі бұл ұсынысты қабылдап, алдағы уақытта шешімін табу үшін жұмыс істейтінін жеткізді.

Сонымен қатар жиында ауылға кіреберіс жолдағы каналдың бойында тұратын тұрғындар да өз мәселесін көтерді. Оның ішінде ауыл тұрғыны Шынар Есенова каналдан өтетін жаяу жүргінші көпірі керектігі, жол мәселесі айтылды. Көпірге байланысты ауыл әкімі қазіргі кезде жоба-сметалық құжаттары дайындалып, 3 млн теңгеге конкурс жарияланғанын айтты. Қала әкімі Асылбек Шәменов мұндай мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін, алдымен көпір, содан соң жол мәселелесі қарастырылатын айтты. Ауыз су жүйесін жеткізуге байланысты сол аумаққа су мұнарасын қайта қалпына келтіру туралы айтылды. 8 жыл жұмысы тоқтап қалған мұнараның ұңғымасы дайын, тек тазалау және насос қою қажет. Бұл мәселені шаһар басшысы «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалы мекемесіне тапсырып, аз уақытта зерттеп, ауыз суды жеткізу туралы ұсыныстарын жеткізу керектігін айтты.

Күннің екінші жартысында шаһар басшысы Асылбек Шәменов Баймұрат батыр ауылының мәдениет үйінде Ақжарма ауылдық округінің тұр­ғындарымен жүздесті. Мұнда да ақжармалық Мереке Асанбаева амбулатория мәселесін көтерді. Ауылдағы медпункт 1970 жылы салынған, бүгінде тозығы жеткен нысанда орналасқан. Санитарлық бақылау басқармасы сапасы сын көтермегендіктен медпунктті жарамсыз деп таныған. Бұл мәселені қала әкімі назарда ұстап, алдағы уақытта жауапты мамандармен бірігіп талқылайтынын айтты.

Талдыаралдық тұрғын Серік Сейітназаров бүгінде ауылдың жағдайы жақсарғанын, ауыл жастары футбол мен күрес үйірмесіне барып жүргенін айтты. Оларға қажетті спорт алаңының бүгінде жобасы дайын, енді қаржы­ландыруды күтуде. Бастаманы ауыл әкімі қолдағанына алғыс айтып, Талдыаралда аяқ су мәселесі барын айтты. Аяқ суға арнайы насос қойылып, су келіп жатқанмен ауыл биікте орналасқан соң су жетпейді екен. Ауыл әкімі бұл мәселеге байланысты екі ауылға аяқ су тарту үшін екі ұңғымаға қаражат бөлінгенін жеткізді. Сонымен қатар ауыл басшысы тұрғындарға жақсы жаңалықты жеткізіп, Талдыаралдағы электр желі­сін жаңартуға 39 млн теңге қаржы бөлінгенін айтты.  

Жиында ауылдағы байланыс жүйесінің мәселесі де қозғалды. Тұрғын Темірхан Жақыпов ауылда ұялы байланыс жүйесі әлсіз екенін, интернетке кіру қиын екенін жеткізді. Қала әкімі бұл мәселені шешуді қолға алатынын жеткізді.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: