Сәрсенбі күні қала әкімі Асылбек Шәменов БАҚ өкілдерімен бірге шаһардағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын пысықтады.
Қала аумағы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Мұны түрлі құрылыс нысандарының бой көтеруінен-ақ байқауға болады. Әсіресе сол жағалаудағы құрылыс жұмысы қызу жүруде. Баспасөз турындағы алғашқы бағыт осы шағын ауданнан басталды.
Сол жағалауда биыл 7 қабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Бұл жоба аймақ бойынша алғаш рет жүзеге асып отыр. Оған республика бюджетінен 1 млрд 604 млн теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда «Аман құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ақпан айында іргетасы қаланған нысанның жалпы ауданы 3,4 гектарды құрайды. Жоспар бойынша келер жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Биыл жоба бойынша сол жағалаудан 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Қазіргі таңда екі нысанның іргетасы қалануда. Әр тұрғын үйде 84 пәтер болады. Жалпы 6 тұрғын үй бойынша 504 пәтер болады. Жоба өтпелі болғандықтан құрылыс келер жыл соңында аяқталады, – деп түсіндірді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар.
Тұрғын үй 7 қабатты болғандықтан әрі аймақ сейсмикалық аумаққа енгендіктен жоба құрылысының қауіпсіздігі де ескерілген. Құрылыс аяқталған соң тұрғын үй ипотека арқылы берілетін болады. Жалпы сол жағалау аумағы ерекше үлгіде дами түспек. Қазіргі таңда мұнда 74 тұрғын үй мен мектеп, балабақша сынды бірқатар әлеуметтік нысандар орналасқан. Облыстық қан орталығы, көпбейінді аурухана, физика-математика мектебі салынады. Сондай-ақ алдағы уақытта мұнда тағы 9 қабатты тұрғын үйлер салу жоспарлануда. Құрылыс барысын қадағалаған шаһар басшысы мамандардан қандай бір мәселе барын сұрады. Жауапты мамандарға халық игілігіне берілетін нысанның талапқа сай болуын, тұрғындар риза болатындай сапалы әрі межелі уақытында бітіру керектігін еске салды.
Мұнан кейінгі бағыт Бейбарыс сұлтан көшесінде жалғасты. Мұнда наурыз айынан бастап абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Көшенің 1 шақырым аумағы 6 жолаққа кеңейтіліп, бір бөлігі тұрғындардың жазғы демалысына қолайлы скверге айналатын болады. Соған сәйкес құрғақ субұрқақтар, балалар ойын алаңы салынып, орындықтар мен жарық шамдары орналастырылып, жайлы орынға айналмақ. Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд 741 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылысқа жауапты мекеме «Техоснатка-Ремсервис» ЖШС басшысы Ли Илларион жобаның қараша айында аяқталатынын айтады. Осы орайда қала әкімі тұрғындарды толғандырған басты сұраққа жауап берді.
– Құрылыс басталар тұста жұртшылық көше бойы егілген талдардың жағдайы не болмақ? Жасыл желекке айналған аумақтағы ағаштарды қопарып тастады деген сынды пікірлер айтқан. Бейбарыс сұлтан көшесі бойында өсіп тұрған талдар тамырымен алынып, басқа аумаққа отырғызылды. Қалған жасыл желектер сол күйінше қалады. Қайта көгалдандыру жұмысын жандандыру үшін аяқсу жүргізілуде. Қазір ескі арық жолдары жаңартылуда. Бұл жұмыс жақын арада аяқталып, аяқсу жіберіледі деді, – деді қала басшысы.
Бұқаралық спортты дамыту бағытында спорттық нысандар да бой көтеруде. Соның бірі – жақын арада Тасбөгет кентінде іргетасы қаланатын денешынықтыру-сауықтыру кешені. 542 миллион теңге болатын жобаның құрылысын «Интегрострой» ЖШС мердігер мекемесі жүргізеді. Бүгінде мұнда іргетасын қалауға дейінгі алғашқы жұмыстар жүргізілуде. Кешен келер жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Әдеттегідей құрылысшыларға нысанның сапалы салынуын ескерткен шаһар басшысы болашақ чемпиондардың осы кешенде тәрбиеленетінін, жастардың игілігі үшін аянбау керектігін жеткізді.
Қала әкімі жұмыс барысында Белкөл кентіне қарасты сауын фермасының құрылысымен де танысты. «Абай» шаруа қожалығы жүргізіп жатқан шаруашылық жобасының құны 1 млрд теңгені құрайды. Нысанды аталған шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен жүргізуде.
– 2020 жылдан бастап сауын фермасын салуды бастадық. Жоспар бойынша 450 бас сауын сиырға арналған ферма болады. Бүгінгі күні 250 бас сиырға лайықталған нысан аяқталды. Енді 100 бас ірі қараға арналған ферманың құрылысы жүргізілуде. Жалпы фермаға қажетті барлық құрал-жабдық дайын. Құрылыс аяқталып, жоба іске қосылған уақытта 300 адамды жұмыспен қамтимыз. Шаруа қожалығында бұдан бөлек балық, егін, мал шаруашылығы мен демалыс аймағы бар, – дейді шаруа қожалығы басшысының орынбасары Абай Мұратұлы.
Өз кезегінде қала әкімі іскер азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау барын тілге тиек етті. Сондықтан әкімдік тарапынан барынша көмек беруге дайын екенін жеткізді. Қазір шаруа қожалығы кәсібін әрі қарай дамытуды және сауын сиырларды азық-түлікпен қамтамасыз етуді көздейді. Сол себепті төрт түлікке жайылымдық әрі егістік жер қажет. Ал бұған шаһар басшысы заң аясында қолдау көрсетуге дайын.
Бұл шағын ауданның іргесі қаланғанына көп уақыт өтпесе де дамуы қарқын алған. Мұнда инфрақұрылымдық ахуал тұрақталып келеді. Бәйтерек шағын ауданы тұрғындары қыс бойы «көгілдір отынның» игілігін көрді. Көптен өзекті болған қоғамдық көлік мәселесі де оң шешім тапты. Алдағы уақытта мұнда «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ошағы бой көтереді. Ал қазір мұнда шағын аудан мен қала аумағын бөліп тұрған Қызылжарма арнасының үстінен автокөлік көпірі салынуда. Ұзындығы 47, ені 10 метр болатын көпір құрылысын «Стандарт ойл» ЖШС мекемесі жүргізуде. Жоба құны – 384,7 млн теңге. Жаңа аудан мен қаланы байланыстыратын көпірден жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Сондай-ақ жарық шамдар орналастырылады. Құрылыс нысаны тамыз айында пайдалануға берілмек. Осылайша тұрғындардың базынасына айналған тағы бір мәселе шешімін таппақ. Шаһар басшысы өз кезегінде көпір салудың сауапты іс екенін, сондай-ақ салынған дүниенің кемі 50-60 жылға дейін ел игілігіне жарайтындай сапалы болу керектігін баса айтты. Халықтың қамы үшін жасалатын мұндай құрылысқа жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Биыл қыста табиғи отынның игілігін көретіндердің бірі – қосшыңыраулықтар. Қазір мұнда 662,7 млн теңгеге газ құбырлары жүргізілуде. Қала әкімімен бірге өткен баспасөз туры барысындағы кезекті нысан осы. Жобаны газ саласында тәжірибесі қалыптасқан мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС жүргізуде. Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай елді мекеніне ұзындығы 9 метр жоғары қысымды жер үсті газ құбыры мен 4131 метр орташа қысымды, 21642 метр төмен қысымды жерасты газ құбыры жүргізілуде. Ал Досан елді мекенінде жоғары қысымды 9 метр, төмен қысымды 86 метр жер үсті және орташа қысымды 1922 метр, төмен қысымды 12890 метр жерасты газ құбыры тартылуда. Сәуір айында басталған құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қала әкімі жауапты құрылыс нысанының жұмыс барысын жіті бақылады. Құрылыс кемшілікті кешірмейді. Сондықтан газ құбырын жүргізуде әрбір бөлшегіне аса мұқият, жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті. Бұл салада тәжірибелі мамандарға сенім артып, жобадан тыс қалған тұрғын үйлерге, әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасыларға да газ құбырын жүргізіп беруді өтінді.
Қала әкімі мұнан соң Қызылжарма ауылдық округі мен Титов, Шанхай шағын ауданының бірқатар көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмысымен танысты. Қызылжарма ауылындағы Ә.Сайлыбаев көшесінде 12 млн теңге қаражатқа орташа жол жөндеу жұмысы жүруде. Ұзындығы 450 метр жол салуға «Орда Автодор» ЖШС мекемесі жауапты. Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын арада пайдалануға беріледі. Шаһар басшысының жұмыс барысын бағамдап жүргенін байқаған тұрғындар арнайы келіп алғыстарын жеткізді. Ауылдың жылдан-жылға көркейіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып жатқандығын айтып ризашылықтарын білдірді.
Титов шағын ауданындағы Жанкент көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Құрылыс басындағы жұмыс қызу жүруде. Мұнда «Қызылорда жолдары» ЖШС мекемесі 18 млн теңгеге ұзындығы 0,9 шақырым жаяу жүргінші жолының құрылысын жүргізуде. Жоба маусым айында пайдалануға берілмек.
Біраз жылдан бері жұрт Шанхай аталатын шағын аудандағы көшелердің жағдайы халықтың базынасына айналған еді. Биыл осы мәселені шешу мақсатында жалпы сомасы 253 млн теңгеге ұзындығы 7090 метр болатын 18 көше жөнделмек. Баспасөз туры барысында мұндағы 8 наурыз көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмысымен таныстық. Бұл көшенің құрылысы да «Қызылорда жолдары» ЖШС мердігер мекемесінің жауапкершілігінде. Ұзындығы 400 метр болатын бұл көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Қала әкімі осылайша қаладағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын көзбен көріп, пысықтап қайтты. Бұл ретте журналистер қауымы да атқарылған жұмыстарды бағамдады. Қала аумағы кеңейген, атқарылған жұмыстар да көзге көрінеді.
Еркін форматта ұйымдастырылған баспасөз турында журналистер шаһар басшысымен бірге әңгіме өрбітіп, қаланың дамуына байланысты сұрақтарын қойды. Өзекті тақырыптар қамтылып, қарапайым азамат ретінде пікірін білдірді. Ауылды көркейту, әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға көмек, тұрғындарды толғандырған мәселе, мемлекеттік маңызы бар құрылыс нысандары, апатты жағдайдағы баспана және тағы да басқа мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіді.
Халықтың көкейіндегі мәселені тек елмен етене байланыс жасау арқылы білуге болады. Қаладағы, оған қарасты ауыл-аймақтағы өзекті жайттарды жергілікті халықтан артық ешкім білмейді. Сонымен бірге оның шешімін де халық айтады. Тек соған құлақ асып, мәселенің мән-жайын ұғып, оң шешім табуына ықпал ету керек. Бұл қала әкімі Асылбек Шәменовтің ұстанымы және ауыл әкімдеріне қояр басты талабы да осы.
Айдана СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!