Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысы Меркі ауданының делегациясын қалаға кіреберісте шаһар басшысы Нұржан Ахатов қарсы алып, бірқатар әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандарға барды.
Сапар «Сыр жұлдыздары» инновациялық-шығармашылық академиясынан басталды. Жолай «Президент саябағын» жаңғырту жұмыстары, «Отбасы орталығы», «Достық үйі» ғимараты, «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы және «Өнер орталығы» таныстырылды. Делегация мүшелері қаланың заманауи келбеті мен инфрақұрылымдық жетістіктеріне жоғары баға беріп, оң пікір білдірді.
Қайта жаңғыртудан өткен орталық алаңға барар жолда меймандар «Анаға тағзым» орталығына аялдады. Алаңдағы жаңа сәулеттік шешімдер, жарықтандыру жүйесі және кеңейтілген демалыс аймақтары қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұдан кейін жаңарған қалалық мәдениет және демалыс паркіне барып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге жасалған мүмкіндіктермен танысты.
Одан соң делегация Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын кеңейту жұмыстарын және 11 мың орындық жаңа стадион құрылысының барысын көрді. Қонақтар спорт инфрақұрылымының ауқымдылығы мен сәулеттік үйлесімін ерекше атап өтті.
Келесі нысандар – жаңа автовокзал, «Қан орталығы» мен физика-математика бағытындағы лицей-интернаты. Меймандар бұл нысандардың өңірдің білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытудағы рөлін жоғары бағалады.
Сапар соңында облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, Сыр өңірінің бай тарихы мен мәдени мұраларына қанықты. Сондай-ақ «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы», музыкалық колледж ғимараты және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы таныстырылды. Музей экспозицияларынан өңірдің өткені мен бүгіні жайлы мол мағлұмат алды.
Сонымен қатар, делегация Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылындағы байыпты бастамаларды көрді.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев делегация мүшелерін ауылдың әлеуметтік, экономикалық және мәдени нысандарымен таныстырып, жүзеге асқан жобалар туралы баяндады.
Меркіліктер Нағи Ілиясов ауылында да қонақ болмақ. Мұнда олар ауылдың даму үлгісімен және тұрғындардың табысты бастамаларымен танысады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!