Сенбі, 21 желтоқсан, 17:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Нан неге қымбаттады?

28.09.2021

2081 0

«… Нан қиқымын шашпаңдар,

Жерде жатса баспаңдар.

Теріп алып қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар», – деген өлең жолдарын білмейтін адам кемде-кем шығар. «Ас атасы – нан» екені әмбеге аян. Халқымызда құрметті қонағына алдымен нан ұсынады. Ал осы қастерлі астың бағасы бүгінде аспандап тұр. Оған кім кінәлі? Қалай айтсақ та қара нанның бағасы қара халықтың қалтасына салмақ салып тұр.

Сәл өткенге ой жіберіп қарасақ, ашаршылық кезеңдері мен соғыс жылдары бір үзім нан таппай қаншама адам үзіліп кетті десеңші?! Одан бергі кезеңде нанға кезекке тұрғанымыз күні кешегідей ел есінде.

Бүгінде бәрі басқаша. Тәңірге тәубе. Әр адам ас атасын тойғанынша жей алады. Бұл тәуелсіздігіміздің теңдессіз сыйы екенін сезіну керек. Алайда қазір көп жерде тасталған нанды көріп жүрміз. Оның обал-сауабы кімге деп ойланып қаласың. Жә, бұл – бөлек әңгіме.

«Нан бағасы қымбаттады? Қазір нақты бағасы қаншаға көтерілгенін дөп басып айту қиын. Өйткені оның бағасы көктемнің күніндей мың құбылып тұр» деген әңгіме ел арасында желдей есіп жүр.

Нан неге қымбаттады?

Мәселенің мән жайын білмек болып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық.

– Ашығын айту керек, қазір Қызылорда облысында азықтық астық өндірілмейді. Облысқа қажетті ұн көлемдері көтерме жеткізушілер арқылы қалыптасқан жүйемен республиканың Қостанай, Солтүстік-Қазақстан, Ақмола, Қарағанды өңірлерінен жеткізіледі. Биылғы жылғы орын алған құрғақшылыққа байланысты бидай бағасы, ұн бағасы жоғарылауда. Дегенмен облыс халқының әлеуметтік нан мен ұнға қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 2016-2017 жылдардан бастап «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен Рудный қаласының ұн зауытымен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалып, әлеуметтік нан пісіруші наубайханалар мен әлеуметтік дүкендер қажеттілікке сәйкес арзан ұнмен қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ бағаны тұрақтандыруға байланысты қалада 15 супермаркетте арнайы әлеуметтік бұрыш ашылып, нанның 1 бөлкесі 55 теңгеден сатылуда. Қазір тұрақтандыру қорында 1042,9 тонна өнім бар, оның ішінде, бірінші сортты бидай ұны – 616,5 тонна, күріш – 96,8 тонна, қант – 235,4 тонна, макарон – 72,3 тонна, қарақұмық жармасы – 21,9 тонна сақталған. Жалпы әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бұрыштарда, бөлке нан – 55 теңге, құмшекер келісі – 270 теңге, өсімдік майы 1 литрі – 630 теңге, картоп келісі – 130 теңге, сәбіз келісі – 170 теңге, пияз келісі – 80 теңге, қырыққабат келісі – 80 теңге,1 сортты ұн келісі – 135 теңге, қарақұмық жармасы келісі – 400 теңге, күріш келісі – 210 теңге, макарон келісі – 210 теңге, сиыр еті келісі – 1650 теңге, тауық еті (окорочка) келісі – 785 теңге, жұмыртқа данасы – 24 теңге, сүт – 280 теңге, айран – 225 теңге, сүзбе – 1283 теңге, сары май келісі – 2504 теңге және тұз – 40 теңгеден сатылуда. Бірақ та бір айта кетерлігі нан бағасы бақылауда болады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаев.

Мамандардың айтуынша, аймағымызда ұн өндіретін екі зауыт бар. Бірі – Сырдарияда, екіншісі – Арал ауданында. Арал қаласында жылдық қуаттылығы 65,7 мың тонна «KZ-MBK» ЖШС ұн өңдейтін зауыты және Сырдария ауданын-дағы жылдық қуаттылығы 21,9 мың тонна астық өңдейтін «Аққұм Жер» ЖШС ұн өңдейтін зауыттары бұрындары тұрақты жұмыс істеген еді. Алайда қазіргі таңда тұрақты түрде астық қамтамасыз етілмегендіктен уақытша тоқтап тұр. Халық қажеттілігіне байланысты қалада әлеуметтік дүкендер желісін кеңейту мақсатында 10 әлеуметтік дүкен құры-лысы жүргізіліп, бүгінде соның 5-і ашылып отыр. Алдағы уақытта қалғаны да іске қосылады деп күтілуде. Мемлекеттік сатып алу бойынша тұрақтандыру қорына қосымша 2 мың тоннаға жуық өнім сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша 40-тан астам наубайхана жұмыс істеуде. Соның 15-і Қызылорда қаласында екен.

Біз соның біріне барып, ас атасының дайындалу барысымен танысып қайттық. Біз барған наубайхана қаланың «Шанхай» шағын ауданында орналасқан. 2009 жылдан бері жұмыс істейтін өнім өндіру орталығында 20-30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшыларының жалақысы орта есеппен 120-150 мың теңге шамасында.

– Мұнда күніне 10 мыңға жуық нан пісіреді. Бөлке нан, қара нан, булочка, торт, пирожные, лепешка, пирог секілді ұн өнімдерінің барлық түрлерін пісіреміз. Ұнды сапасына қарай қарап таңдап аламыз. Жасыратыны жоқ, қазір нан бағасына әртүрлі пікір айтылуда. Бұл біржақты қаралатын мәселе емес. Алдағы уақытта ел көңілінен шығатын баға тұрақтылығы назарға алынады деп ойлаймын. Жалпы ел бойынша салыстырмалы түрде Сыр өңірінің нан бағасы орташа деңгейде жатқызылады, – дейді жеке кәсіпкер Азамат Нұғманов өз сөзінде.

Келесі кезекте «Аль-Асад» супермаркетіне аялдап, ондағы әлеуметтік бұрышпен таныстық. Мұндағы сатушылардың сөзінше, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қорының белгіленген бағасымен нан бағасы 55 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар қант 2 келі, картоп 3 келі, сәбіз 2 келі, өсімдік майы 1 литрден шектеп берілуде.

Сарапшылардың сөзінше, Қазақстан әлемге астық өнімдерін экспорттаудан Түркиядан кейін екінші орында тұр. Бұл еліміздің егін шаруашылығын толық игеріп отырғандығын білдіреді. Алайда өз елімізде ұн тапшылығы сезіліп, нан бағасының өсуі елді алаңдатуда. Ұн даярлайтын бидай өнімдері өз өңірімізде өсетіндіктен нан бағасының қымбаттауына халық қынжылысын білдіруде. Нан бағасы қашан тұрақты болады оны уақыт көрсетеді. Біздің бір білетініміз нан болса көңілде ән, өмірде мән болады. Бұл маңызын өзгертпейтін сөз шындығы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: