Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Наурыздың лебі ғаламат!

22.03.2024

1993 0

Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізетін бағзы дәстүр қазақтан ажырамағанының дәлелі – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі. Жер-Ананың бауыры жібіп, күн күлімдеп көктем келгелі халықтың жүзінде шаттық лебі сезіледі. Үш күн толассыз жауған нөсердің өзі мейрам күні келгенде сап тыйылды. Қалың бұлттың арасынан жарып шығып, күн сығалады. Бұл да сірә, табиғат пен адамзаттың үндесіп тұрған ғаламат байланысы дерсіз?! Ашылғанына көп бола қоймаған Өнер орталығының алдында жиылған жұрттың қарасы қалың. Сыр өнерпаздарының тетрландырылған қойылымында Алдар көсе де, Тазша бала да, басқа да аңыз-ертегі кейіпкерлері көрермен көңілін аулап, мереке мезіретін сезіндіре түсті.

Наурыздың лебі ғаламат!

Өнер орталығының алдына Руханият жылына орай, 20 киіз үй тігілді. Әрбірінің өзіне арналып қойылған аты бар. Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының киіз үйі «Руханият ауылы» атанса, Қызылорда облысының білім басқармасы мен қалалық білім бөлімі «Ұстаздар ауылының» іргесін қалады. Дәл осындай «Ардагерлер ауылы», «Ақындар ауылы», «Мұнайшылар ауылы», «Денсаулық ауылы», «Ынтымақ ауылы», «Еңбекшілер ауылы», «Кәсіпкерлер ауылы», «Құрылысшылар ауылы», «Мұрагерлер ауылы», «Береке ауылы», «Қаржыгерлер ауылы», «Жастар ауылы» мен «Керуен сарайы» деген атпен тігілген киіз үйлер халыққа қызмет көрсетті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты шараға қатысып, әрбір киіз үйдегі ұлттық салт-дәстүр мен жөн-жоралғылардың куәсі болды.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірімізде атқарылып жатқан серпінді істеріміз бен өңірдің дамуына оң бағасын берді. Бұл – барша сырбойылықтардың берекелі тірлігі мен бірлігінің жемісі. Дана халқымыз үшін бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың маңызы зор. Тамыры терең, тарихы кенен, Алаштың анасы атанған айбынды Ақмешітте кейінгі жылдары қарқынды бастамалар мен мақсатты жобалар іске асуда. Әрине, мұның ар жағында елдің бірлігі мен берекесі, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла еңбек етуіміз жатыр. Өңірде экономиканың барлық салаларында жоғары өсім бар. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында көшбасшы атандық. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 360 миллиард теңге болса, қазір 650 миллиардқа жетті. Бұл қаражат халқымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға, елдегі ең өзекті деген мәселелерді шешуге бағытталуда. Сол жағалаудан да елге қызмет етер көптеген нысан бой көтеруде. Соның бірі ретінде таяуда жаңа автовокзалды пайдалануға бермекпіз. Құрметті ағайын! Ұлыстың ұлы күні мол болсын! – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Қазақтың ұлттық құндылықтары паш етіліп, көрініс тапқан мерекеде «Өнер орталығы» ғимаратының алдында тігіліп, «Руханият ауылы» деп айдар тағылған 3 киіз үй жанынан «Руханият жылына» арналған қойылым қойылды. Ал «Ұстаздар ауылында» 100 бала Наурыз мейрамының дәстүрлі әуені саналатын Жарапазанды айтып қонақтарды күтіп алып тұр. «Ардагерлер ауылында» ата-әжелер ансамблінің орындауында халық әндері, Наурыз батасы көрініс тапса, «Ақындар ауылында» қыз бен жігіт айтысы жұртшылықтың айтыс өнеріне ықыласын байқатты. Сонымен қатар «Мұнайшылар ауылында» сырға салу рәсімі өтсе, арнайы әзірленген этно ауылда «қазанжаппай» нан пісіру сайысы, қолөнер шеберлерінің (ұсталар, зергерлер, құмырашылар) фестивалі өтті. Салтанатты жиын аясында 10 бүлдіршіннің тұсаукесер рәсімі жасалды.
«Денсаулық ауылы», «Ынтымақ ауылы», «Еңбекшілер ауылы», «Кәсіпкерлер ауылы», «Құрылысшылар ауылы» сынды қаз қатар тігілген киіз үйлердің әрбірінде осындай ұлттық дәстүрлі ұлықтаған жиындар өтіп жатты. Халықтың қуанышында шек жоқ.
– Бұл күн – қазақтың салты мен дәстүрі, жөн-жоралғысы ұлықталатын күн. Біз, «Кәсіпкерлер ауылы» қыз ұзату тойын өткіздік. «Сыңсу» айтқан бойжеткенді көрген жұртшылық тойға келгендей әсерде болды. Бізде мұнан бөлек, спорттық сайыстар да өтуде. Білектің күшін сынға салып, гір тасын көтеріп, қолкүресте сыналуға ынталы сайыпқырандар жетерлік. Өзіміз де ерекше әсердеміз. Бұл тек наурызда ғана емес, жыл он екі ай күн тәртібімізде болатындай керемет іс-шаралар. Мәселен, ұлттық киімді қазір біз тек наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті киюді дағдыға айналдырдық. Қазақы қалпымыздан айнымайық, – дейді Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Бірі-бірінен асып түсіп, ұлттық болмысымызды айшықтап жатқан ағайынның арасында «Ынтымақ ауылы» да бар. Айта кетейік, дәл осы күні «Ынтымақ» әжелер ансамблі құрылды. «Достық үйі» жанындағы этномәдени бірлестік мүшелерінен құралған ұжымның тұсауын «Сыр елі» әнімен кесті. Оған қоса, қоғамдық келісім мекемесі құрған шаңырақ төрінде Сырдың сары қызы Ангелина Белоусова қазақтың қоңыр үнді үкілі домбырасынан күмбірлете күй төкті.
– Музыкалық мектепте оқимын. Осы ерекше аспапты сонда үйрендім. Бұрын-соңды алыстан көргенім болмаса, қолға ұстамадым. Қазір қасиеті ерекше екенін сезіндім. Жатқа орындайтын бірнеше күй бар. Ал қалғандарын нота арқылы орындап жүрмін. Домбыра тартқандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын, – дейді Сырда туған сары қыз Ангелина.
Аспанында ән әуелеп, күй төгілген, мың бұрала би билеген Ақмешіттің орталығында дүбірлі думан өз жалғасын өнерпаздардың шашуымен жалғаса түсті. «Әз Наурыз – берекенің ақ бесігі» атты арнайы дайындалған теартландырылған қойылым да жұртшылықтың жүрегіне жол тапты. Р.Бурабайдың «Сыр ордасы» шығармасын орындаған «Сырлы саз» халықтық фольклорлық этно ансамблі, Шынберген Сүлейменовтің «Сыр елім» әнін орындаған ҚР еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, қазақ эстрадасының жұлдызды жұбы Жанболат пен Жазира, қазақ эстрадасының жұлдызы, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанованың керемет өнері мен Сыр өнерпаздарының концерттік бағдарламасы мерекелік көңіл-күйді көтере түсті. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осында мерекелік іс-шараны тамашалап жүр.
– Наурыз мерекесі өте жоғары деңгейде өтуде. Мен тәтеммен бірге ауылдан келіп, тамашалап жүрмін. Маған ұнады. Мұнда өтетін Наурыз мерекесі, балалар мейрамы, қала күніне арналған әрбір концертке келіп тұрамын. Өзім де ән шырқаймын, мектебімде ән саламын, би билеймін. Болашақта осындай үлкен сахналарда өнер көрсеткім келеді, – дейді Айбике Серікқызы.

Құрманкүл Ерімбетова,
«Туған жер» қауымдастығының өкілі:
– Көптен күткен Наурыз мерекесі мол қуанышын ала келсін. Бүгінгі мерекелік шараға жиналған халықтың жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. Биыл он күн бойы тойланған мереке біз үшін маңызын арттыра түсті. Алдағы уақытта да ұлттық құндылығымызға мән беретін ұлттық ұстанымдар арта түседі деп сенемін. Наурыз мерекесі құтты болсын, ел аман, жұрт тыныш болғай!

Болат Боранбай,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы:
– Нұрлыбек Сафин деген қаламгер бар. Сол кісі «менде екі-ақ мейрам бар, бірі – наурыз, екіншісі – тәуелсіздік» дейді. Бізде де солай. Ең маңызды екі мерекеміз бар. Көпшілік наурызды бізге тәуелсіздік әкелді деп жатады ғой. Ауылдарда наурыз мерекесі үзілген жоқ. Сондықтан бұл мереке қазақпен бірге жасасып келеді. Әрбір шаңыраққа қуаныш пен бақыт, береке мен байлық әкелсін! Мереке құтты болсын!

Әдетте қарапайым көшелердің бірі, бірақ осы күні Өнер орталығының маңайында иін тірескен жұртшылықтың арасында ине шаншар орын жоқ. Ұлттық болмысын ерекше ардақтап, биік қоятын сырбойылық ағайынның бойындағы ұлтқа деген, елге деген ынта-ықыласы мен махаббатын мерекенің өзі айқындап тұрғандай.
Басыңнан бақ кетпесін, Сыр елі!

Дәулет ҚЫРДАН.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: