Сенбі, 23 қараша, 00:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Неге ертегі айтасыңдар?

27.08.2022

1287 0

Қала әкімі «Универсам» аумағындағы қала тұрғындарымен кездесуін есептен емес сұрақ-жауаптан бастады. Шексіз сандар мен ақпараттан гөрі тұрғындардың уәжі мен тілегін тыңдауды құп көрген қала басшысына ең алдымен жер мәселесі туралы сұрақ қойылды.

Жеке тұрғын үй салуға ондаған жыл бойы кезекте тұрғандар қашан алатынын, неге кезек жылжымайтынын сұрады. Бұған байланысты қала әкімі қазіргі кезде Бәйтерек шағын ауданынан жер беріліп жатқандығын, дегенмен кей адамдар үй салмай жүргенін айтты. Заңдылық бойынша үш жылда жерді мақсатты пайдаланбағандардан қайтарылып алатыны, бірақ келесі бір алушы адам да құрылыс жүргіз­бейтіні түсіндірілді. Сондай-ақ тұрғындар мемлекеттен алған жерлерді сату мәселесіне тоқталды. «Мемлекеттен берілген жерді сатуға болмайды. Ол жерге үш жыл ішінде үй салынбайынша ол жекеге өтпей, мемлекеттен жалға берілетінін» айтқан қала әкімі Асылбек Шәменовке тұрғын «Неге осындай ертегі айтасыңдар? ЦОН-ның артында бос жатқан жерлер 12-15 млн теңгеден саудаланып жатыр», – деген уәжін білдірді.

Жиында сондай-ақ «Универсамдағы» жағдай да сөз болды. Мәселен, мүгедектігі бар егде жастағы тұрғын Рабиға Тәйімбетова подъезде жоғары көтерілгенде ұстайтын перила жоқтығын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар пәтердегі электр жүйесі де тозғанын, жиі сөніп қалатынын айтты. Бұл мәселеге байланысты қала басшысы жауапты маманға арнайы тұтқа орнатуды тапсырса, «Энергосервис» ЕЖШС басшысы Еркебұлан Есенбаев жарық жөнделетінін мәлім етті.

Бұл шағын аудан тұрғындары да ауланы көркейту жұ­мыстары қала әкімімен кездесуден 2-3 күн бұрын жасалғанын алға тартып, қордаланған мәселелерді тізбектеді. Мұнда балалар алаңы жасалған, бірақ түнгі жарық шамдары жанбайды. Одан бөлек қоқыс та шашылып жататыны, оны тазарту кезінде желмен ұшатыны айтылды. Бұған байланысты тұрғындар тазалықшы мамандарға қоқысты алып кету кезінде шашпай тазалауын сұрады. Тұрғындар мектеп бойында орналасқан Панфилов пен Бектұрғанов көшелерінде көліктер жоғары жылдамдықпен жүретіндігін де тұрғындар назарға салды. Тіпті үйлердің ауласында да көлігін қатты айдайтындар бар екен.

Қоқыс мәселесін ШЖҚ «Қызылорда Су жүйесі» МКК директоры Талғат Құлмағанбетов назарына алса, жарық шам­дарын іске қосу сала басшысына тапсырылды. Ал көлік қозғалысы мәселесін қалалық полиция басқармасының басшысы зерделеп, арнайы белгі орнатылатынын айтты.

Мұндағы үйлердегі жоғарғы қабатқа су көтерілмеуден бөлек кәріз жүйесінде де мәселе бар. Қайта жөндеуден өткеннен кейін кәріз сулары дұрыс ақпай, лас су өжірелерге жиналатынын айтты. Бұл кәріз жүйесінің дұрыс көмілмеуінен пайда болған мәселе және оны шешуді қала басшысы тұр­ғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне тапсырды. Кездесуде тұрғындар айтылған мәселені тыңдап қана қоймай жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.

– Әр мәселе шешілуі керек. Дегенмен кей істе бюджеттік кодекс, ақша бөлінуі секілді мәселе болуы мүмкін. Кездесуге сала басшылары, мәслихат депутаттары келіп отыр. Басшылар жұмыс істейді, халық қалаулылары бақылайды. Дегенмен істелген жұмысты тұрғындардың тиімді пайдалануы, бақы­лауда ұстауы маңызды. Біз алдағы уақытта да сіздермен жиі кездесеміз. Ол кезде де мәселелер тыңдалады. Істелген жұ­мысқа ұқыптылып, тазалықты тұрғындар да қамтамасыз етсе дейміз. Бірігіп жұмыс істесек, әр мәселе шешімін табатыны анық, – деп түйіндеді сөзін қала әкімі.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: