Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Алдымен аймақ басшысы «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты.
– Бүгін қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының жаңа ғимаратын салтанатты түрде пайдалануға бергелі тұрмыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кемеңгерлігімен «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең ірі әрі белсенді партияға айналды. Партия алғашқы құрылған күннен жігерлі бастамалар көтеріп, халықтың мүддесін жеткізіп, азаматтардың өзекті мәселелерінің шешімін табуға ұйытқы болып келеді.
Бүгін міне 36 бастауыш ұйымы мен 261 партиялық топты, 9 мыңға жуық партия мүшесін бір шаңыраққа жинап отырған қаламыздың саяси жетекші күші жаңа ғимаратқа көшірілуде. Жаңа ғимарат халық игілігіне қызмет ететін болады, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар салтанатты шарада Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, лебізін жеткізді.
Қалалық партия филиалының жаңа ғимараты заманауи талаптарға сай, озық сәулет үлгісінде салынған. Мұнда 100 адамға арналған конференция залы мен өтініш-тілегін жетекші партияның назарына жеткізуге ниетті азаматтарды қабылдауға арналған «Қоғамдық қабылдау» бөлмесі де қарастырылған.
Айта кетейік, бүгінде «Nur Otan» партиясының облыста 1 аймақтық, 11 аумақтық филиалы, 45 мыңға жуық мүшесі бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!