Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі Қызылорда қаласын көркейту-абаттандыру жобаларымен танысты

30.04.2024

1056 0

Қаладағы нысандарды аралау кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қ.Ажаров көшесіндегі Агробиологиялық орталықты қайта жаңғырту жобасымен танысты.

Қызылорда қаласының әкімдігі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп жүзеге асырған жоба аясында нысан аумағы абаттандырылып, көпшіліктің демалыс орнына айналмақ.

Университет ротонда, жартышар күмбезі, дөңгелек шатыр, аркалар салады. Оған қоса, тамшылатып суару жүйесін жүргізіп, жеміс ағаштарын отырғызады. Ал, қала әкімдігі кеспетастарды төсеп, газон егуге, аяқ су тартуға жауапты болмақ.

Әрі қарай аймақ басшысы Абай аллеясынан Астана даңғылына дейінгі абаттандыру жұмыстарын көрді. Жобаның жалпы құны – 262,9 млн теңге, мердігер мекеме «ДаренСтрой» ЖШС кеспетас төсеп, шағын сәулет нысандары мен орындықтар орнатады, газон егіп, гүл отырғызады. Абаттандыру шілде айында аяқталады деп жоспарлануда.

Нысан басында Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда қаласын абаттандыру және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларымен танысты. Қазір облыс орталығында абаттандыру бойынша 213 жоба жүзеге асуда, оған барлығы 12,7 млрд теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, 160 көше 31,7 млрд теңгеге жөнделеді.

Облыс әкімі Жанқожа батыр көшесінен теміржол арқылы өтетін жерасты автокөлік өткелі құрылысын көрді. Аталған нысан – халықтың ұзақ күткен игілігі. Бұл маңдағы қауіпсіздік мәселесін тұрғындар бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Биыл Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен 4,7 млрд. теңгеге төрт жолақты, ұзындығы 734 метр өткел құрылысы қолға алынды. Осылайша халықтың тілегі ескеріліп, көлік нөпіріне есептелген, қауіпсіздік талаптары сақталған өткел салынады.

Айта кетейік, Сыр өңірінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жол инфрақұрылымын, көлік қатынасын дамыту саласында ауқымды жобалар қолға алынуда. Оның ішінде, аймақ тұрғындарының сұранысына орай авто және теміржол үстінен өтетін көпір өткелдері құрылысы қарқын алған.
Өткен жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен 5,7 млрд. теңгеге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы жол айырығына салынған жаңа көпір пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1 млрд теңгеге жуық қаржыға Қызылорда қаласының Белкөл кенті мен Яссауи көшесі тұсында, Жалағаш ауданы орталығында теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі ел игілігіне табысталды. Арал ауданында 3,1 млрд. теңгеге автожол көпірінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қаланың Шанхай мөлтек ауданы тұрғындарының көптен бері көтерген мәселесі де оң шешімін тапты.

Өткен жылы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн. теңгеге жуық қаржыға теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтсе, жақында ғана «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызына 44 жаңа заманауи вагон алынып, толығымен жаңаланды.

Болат Өтемұратов қорының қолдауымен 17 млрд. теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Нысан жақын арада пайдалануға берілмек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: