Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы егін шаруашылығымен айналысатын құрылымдардың басшыларымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Аймақ басшысы Шардара қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Шардара» су қоймасынан төменге жіберілетін су көлемін 500 м3/секундтан 250 м3/секундқа дейін азайту жөнінде Үкіметке хат жолданғанын айтты.
Нәтижесінде мәселе шешімін табатынын хабарлап, шаруаларды қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін су қорын үнемдеуге шақырды.
«Шардарадан төменге қарай 1 тамыздан 5 тамызға дейін 450 м3/секунд су жіберілуде. Бұл жағдайды бұрынғыдан да күрделендіретіні анық. Мәселені шешу үшін Үкімет деңгейінде жұмыс жасалды. Осы аптаның басында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зулфия Сүлейменовамен бірге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және біздің облыстан менің бірінші орынбасарым Серік Салауатұлы Өзбекстан Республикасына іссапармен арнайы барды. «Шардара» су қоймасына жоғарыдан қосымша су беру туралы келісімге келді. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында «Шардараға» жоғарыдан қосымша 150 м3/секунд су түседі деп күтілуде. Біз де өз тарапымыздан аз суды ысырапсыз, тиімді пайдаланудың барлық шараларын қарастыруымыз керек», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Кездесуде шаруашылық басшылары өздерін толғандырған маңызды мәселелерді айтты. Тараптар алдағы уақытта да ортақ мәселелерді тиімді диалог орнату арқылы шешуге келісті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!