Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдап, оларды толғандырған мәселелерді, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бүгінгі жеке қабылдауға 14 адам келді.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу және инфрақұрылым тарту мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі азаматтардың мәселелері жіті зерттелетінін, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді. Кейбір сұрақтар бойынша жауапты тұлғалар заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын ұсынды.
Аймақ басшысы мүгедек балаларының ем алуына көмек сұраған 44 жастағы азаматшаның мәселесін шешу үшін 10 күн ішінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Ал «Бәйтерек» мөлтек ауданының тұрғыны мектеп құрылысының баяулап кеткенін айтып, каналға салынып жатқан көпір мәселесін және №25 бағыттағы автобус жүретін жолды асфальттауды сұрады. Осы сауалдарға жауап берген аймақ басшысы мектеп жоспар бойынша қазан айында, ал көпір құрылысы қыркүйек айының соңында аяқталатынын жеткізді. Мұнан бөлек, «Бәйтерек» шағын ауданындағы жолдарды жөндеу жұмыстарына өткен жылы және биыл барлығы 1 млрд. теңге бөлінгенін айтты.
Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!