Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Жаңақорған ауданында болып, бірқатар құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Жаңақорған кентінің С.Сұлтанмұратов көшесіндегі 300 орындық мектептің құрылысын «Авангард» ЖШС жыл соңына дейін бітіруді жоспарласа, МАИ бекетіндегі 600 орындық мектеп құрылысы аяқталғанымен, анықталған кейбір кемшіліктерді шешу өте баяу жүруде. Осыған байланысты мердігер мекемелердің басшыларына кеткен кемшіліктерді тез арада жойып, қысқа мерзімде пайдалануға беруді қатаң ескертті.
Өзгент, Жайылма елді мекендеріндегі клуб құрылыстарының құрылысы да осы жылдың соңына дейін аяқталмақ.
Сонымен бірге, Мархабат Жайымбетұлы Жаңақорған кентінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 898,9 млн теңге бөлініп, құрылысы жүргізіліп жатқан 10/0,4 кВ электржелілік жүйесін жаңғырту және тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу сервистік желісін салу жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес сапалы әрі тиянақты жүргізу қажеттігін ескертіп өтті.
Бірлік елді мекені Жаңақорған ауданындағы газдандырылып жатқан екінші елді мекен, құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталуы тиіс.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүріп жатқан №55 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын аймақ басшысының өзі бақылауға алған. Мұнда қазіргі таңда 45 адам еңбек етсе, тағы 16 адам қосылуы тиіс. Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов тиісті салалық басқарма басшылары мен мердігер компанияға жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанын, сол себепті күрделі жөндеу жұмыстарын барынша сапалы жүргізіп, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Осы елді мекендегі 90 орындық балабақша жақын арада іске қосылатын болады. Облыс әкімінің орынбасары кездесу қорытындысымен аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан барлық объектілер бойынша тапсырыс беруші облыстық басқарма басшыларына, аудан әкімдігіне, мердігер мекемелердің басшыларына құрылыстарды сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтау жөнінде тапсырмалар берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!