Отырыста NEET санатындағы жастармен жұмыс жасауға басымдық берілді. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдауында бұл мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берілгенін негізге ала отырып, жүйелі жұмысқа көшетін уақыт келгендігін алға тартты. Қараша айын – NEET санатындағы жастармен жұмыс айы деп жариялады.
NEET санатындағы жастарды анықтау, оқудан шығып қалған студент-жастар, әскер қатарына барудан жалтарған, пробациялық есепте тұрған және жұмыссыз жастармен кешенді жұмыстарды атқаруда салааралық байланыстың маңызы зор.
Бүгінде жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресу басты назарда. Мәселен шілде айында 2000 аса бос жұмыс орындары ұсынылып, 200-ге жуық жас өз қызметіне орналасты. Алайда нәтиже әлі көңіл қуантпайды. Актив отырсындағы екінші көтерілген мәселе осыған саяды. Орталық директоры өз сөзінде, қазіргі таңда жұмыссыздықты жоюдың ең ұтымды жолы кәсіпкерлікті дамыту екендігін жеткізіп, осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды. Қазалы адандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев «Жастар бүгінде өз бетінше бірнеше кәсіптің айналасына жұмыс жасауда. Бірі даяшы, бірі такси жүргізушісі, келесі бірі жүк тасымалдаушы. Көрсеткіштің көтерілмейтіні осы тұста. Өйткені толықтай құжат негізінде жұмыс жасалып жатқан жоқ. Алайда жастардың басым көпшілігі жұмыспен қамтылған. Ендігі біздің қадам, аталған кәсіп орындарымен байланысып, жастарды заңды түрде орналастыруды жүзеге асыруымыз керек» дейді.
Постпандемиялық кезеңде жастар арасында депрессиялық көңіл-күй, наркологиялық заттарға деген қызығушылық, жасөспірімдер мен жастардың арасындағы құқықбұзушылық, оның ішінде, топтық төбелес жиі орын алып жатқаны дабыл қағарлық жайт. Кездесу барысында аталған мәселе төңірегінде максималды түрде жастармен жұмысты күшейту тапсырылды. Психологиялық және медициналық көмек, ақпараттық жұмыстар, салааралық байланыс және адрестік жұмыстар. Орталық басшысы бұның барлығы күн тәртібінен түспеуі қажет екендігін ескертті. Кездесуде Жаңақорған ауданы жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров аудандағы жастар арасындағы ахуалды айтып, әлеуметтік желідегі теріс әрекеттерді, қаржылық пирамидаларды насихаттайтын жас блогерлермен кездесу ұйымдастыруды ұсынды. Мұндағы мақсат – ақпарат беру сауаттылығын, олар жарнамалап жүрген заттардың жастарға, өскелең ұрпаққа зияны болмауын қадағалауымыз керек дейді, Наурызбай Орынбасаров.
«Заман ағымы күн сайын өзгеруде. Жастардың сұранысы мен қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Жастар Орталықтары заман талабына бейімделуі қажет. Жұмыс динамикасына, стиліне, форматына өзгеріс керек. Осы ретте, бір реттік шаралардан көрі, нәтижелі, кешенді, жүйелі жұмыстарға көшеміз» деп атап өткен Асқар Құрмаш, барлық ЖРО басшыларына біріге жұмыс жасап, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
Облыстық жастар ресурстық орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!