Жұма, 27 желтоқсан, 09:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Өрттің алдын алу – басты міндет

12.11.2022

856 0

Қала бойынша жыл басынан бері 156 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 адам қаза болып, 1 адам жарақат алған. Жылу маусымында көмірқышқыл газынан улану дерегі тіркелмеген.

Өрттің шығуына негізінен тұрғындардың қауіпсіздік шара­ларына салғырт қарауынан, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен және де балаларды қараусыз қалдыру себеп болады.

Өрт қауіпсіздігінің кепілі – сақтық шаралары. Қарапайым ұқыптылық пен тұрғындардың тұрмыстық мәдениеті тосыннан болатын көптеген өрттен аман сақтайды. Осы мақсатта жылу маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу үшін қажетті шаралар жасалуда. Бұл жөнінде қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов кеңінен тоқталып өтті.

–  Жылу беру маусымы кезінде 13 700 тұрғын үй секто­рын араладық. Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары жөнінде кеңінен түсіндірдік. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі айлығы аясында әр аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері қала бойынша басқарманың қызметкерлері және ҚазТрансГаз мекемесі, полиция басқармасының қызметкерлерімен, волонтерлермен бірлесіп, жылу беру маусымы кезеңінде өрттің пайда болуын, адамдардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Жылу беру маусымына дайындық кезінде табиғи газды қауіпсіз пайдалану, оның ішінде түтін жолдары мен ауа желдеткіш каналдарын уақытылы тазалау қажет екені жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Көмірқышқыл газының құрылғысын орнату да қауіптің алдын алуда маңызды. Бүгінгі күнге дейін тұрмысы төмен осал топқа жататын 280 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғы орнатыл­ды, – дейді Жасұлан Түйменов. 

Сонымен қатар қазіргі уақытта «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұсынған тізім бойынша «АлауГазАймақ» ЖШС-мен Наурыз және Махамбетов тұрғын ауданында тұратын тұрмысы төмен мүгедек жандардың тұрғын үйлерінің мұржаларын тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Брифингте айтып өткендей, қаламызда ерекше аялдама пайдалануға берілді. Атап айтсақ, өрт сөндірушілердің имиджін көтеру мақсатында өрт сөндірушілер аялдамасы салынды.

Өрттің алдын алу - басты міндет

 – Жаңа арт-жоба аялдаманы паналау мақсатында ғана емес, ақпараттық көмек ретінде де тиімді. Онда қауіпсіздік ережелерімен танысуға болады. Аялдама №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жанында орналасқан. Креативті жобаны қала әкімі қолдады, тұрғындарға ұнаған секілді. Алдағы уақытта көбейту жоспарда бар, – дейді Ж. Түйменов.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: