Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 16:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ортақ игілікке бастар жол

27.06.2023

745 0

Әр қаланың ерекшелігі бар. Тіпті архитектуралық шешім, тұрмысқа жайлы жағдай, инфрақұрылым деңгейі шаһардың әлеуметтік-мәдени көрсеткішінен хабар беретін тұсы көп. Қызылорда қаласындағы соңғы өзгерістердің басты себебі де осы өзгеріс пен жаңашылдыққа ұмтылу екені даусыз. Әсіресе орталық көшеде орналасқан тұрғын үйлердің қасбетіне әр берген құрылыс тұрғындардың ризашылығын тудыруда.

Жасыратыны жоқ, қалаға өзге өңірден қонақ келсе, ескі үйлердің өңсіз сиқы еріксіз жайсыз күйге түсіретін. Күре жолдың бойындағы ескі үйлер жаңбыр-желден тозып, көше көркін алып тұрғаны қашшан. Бүтін тұрғын үйге жөндеу жүргізу үшін бар тұрғынның келісімі керек. Оған бірі келісім берсе, енді бір тұрғын селсоқ қарайды. Салдарынан тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту жылдан-жылға өзекті мәселеге айналған еді.

Жуырда бұл олқылықтың шешімі табылды. Бір топ кәсіпкер қаладағы көпқабатты үйлердің қасбетін жаңа­лауды қолға алып, 26 үйге құрылыс жұмысын жүргізіп жатыр. Қазір Абай даңғылындағы №37, 39, 41, 43, 44, 46, 54, 62 үйлер, Мұратбаев көшесіндегі №17 үй, Сырдария шағын ауданындағы №1 және №2 тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары басталып кетті.

Аталған құрылыс жұмысы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бас­тамасымен жүзеге асуда. Олай дейтініміз, құры­лысқа қаржы бюджет есебінен емес, атымтай жомарт кәсіпкерлердің қал­тасынан төленуде. Кәсіпкерлердің бұл игі қадамы туған жерге тарту жасаудан туындаған. Аймақ басшысы кәсіпкерлермен кезекті жиында былай деген болатын:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жана­шыр­лықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауап­кершіліктің үлгісін көрсетіп, ел эко­номикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, осы топырақтан түлеген меценаттар белсенді араласуда. Қайырымдылық шараларына, ата­мекенін көркейтуге бар күш-жігерін салуда», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Расында, тұрғын үйлердің қасбетін өңдеу қарқынды жүруде. Ұнағаны, құрылыс барысында ұзақ мерзімді жарамды материалдар қолданылуда. Оған қоса барлық тұрғын үй біркелкі стиль мен түстер реңкімен үйлескен. Ұлттық ою элементтері де назардан тыс қалмапты. Қызыл, көк түстерді таңдау арқылы тұрғын үйлердің тез назарға ілінуіне әрі өзге ғимарат арасында өзгешелеуіне жол ашты.

Жоба бойынша бұл жұмысқа жалпы ауданы 40 000 шаршы метр заманауи материалдар қолданылады. Соңғы үлгідегі, сапалы материалдармен қапталған тұрғын үйлердің қасбеті шаһардың сәулеттік келбетіне жарасым беріп, тұрғындар қуанышы еселенбек.

– Әрине, қалаға өзгеріс керек. Жылу құбырларын ауыстыру, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту, жолдарды жөндеу кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Бұл көптен айтылып келеді. Әкімдік пен тиісті сала басшылары да хабардар. Енді, міне, аталған сын-пікірлер ескеріліп, оң қадам жасалуда. Орталық көшедегі тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту ісі – осы бағыттағы ең оң шешім. Себебі тұрғындардың өз бетінше құрылыс жұмысын жүргізуге тұрмыс әлеуеті көтермейді. Көп тұрғын пәтерді жалға алып отыр. Олардың мұндай құрылысқа қаржы шығаруға ынтасы да жоқ. Сондықтан мұны әкімдік тараптың қолға алғаны қуантады. Оның үстіне, үй сыртын бірдей әрлегені ұнады. Астана, Алматы қалаларына бара қалсақ, бірдей кейіптегі үйлерге сүйсінетінбіз. Бізде де бұл өзгеріс енді, – дейді қала тұрғыны Жақсылық Жұматай.

Бүгінде құрылыс жұмыстары бітуге таяу. Мамандар пікірінше, алдағы шілде айына дейін қасбетті өңдеу ісі аяқталады деп жоспарланған. Қысқа мерзімде жұмысты бітіру жұмыс күші мен техника үздіксіз жұмыс істеуде. Дегенмен сапа да назарда. Аймақ басшысының өзі жұмыс сапасына басымдық берілуі тиіс екенін атап, кәсіпкерлермен бірнеше мәрте кездесу ұйымдастырған болатын.

Туған жерге қолдау көрсетуге ниеттенген жергілікті демеушілерге тұрғындардың алғысы зор. Соңғы жылдары аймақ кәсіпкерлері мемлекет қазынасына күш түсірмей, көп жобаның жарыққа шығуына түрткі болуда. Демеушілердің қолдауын сан саланың дамуына түрткі болып, ірі нысандардың бой көтеруіне септесті. Одан бөлек, халық көп жүретін қала орталығын абаттандыруда да жеке кәсіпкерлердің қолдауы ерекше.

P.S. Соңғы жылдары қаладан өзгеріс сезіледі. Жолдар жаңарып, мәдени-әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мұны жерлестердің туған жерді көркейтуге қосқан үлесі десек те, аймақ басшылығының ілкімді ісіне баласақ та болатындай. Не де болса, жақсы қадамның игілігін қала тұрғындары көретіні қуантады.

Е.ЯКУДАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: